Қонаев қаласында Алматы облысы активінің отырысы өтті
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облысы активінің отырысы өтті, жиын барысында жаңа прокурор мен Алматы облысы полиция департаментінің бастығы таныстырылды, деп хабарлайды өңірлік баспасөз қызметі.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев актив отырысында облыс орталығын Талдықорған қаласынан Қонаевқа көшіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты. Одан кейін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев Алматы облысының жаңа прокурорын таныстырды.
«Мемлекет Басшысымен келісім бойынша Бас прокурордың 1 тамыздағы бұйрығымен Берік Абызбайұлы Адамов Алматы облысының прокуроры болып тағайындалды», — деп хабарлады Тимур Ғазизбекұлы.
Сонымен қатар, Бас Прокурордың бірінші орынбасары өңірдің қадағалау органының жаңа басшысының алдында тұрған міндеттерді, соның ішінде жол қозғалысы қауіпсіздігі, шекара маңындағы аудандарда тәртіп орнату мәселелерін атап өтті.Айта кетейік, Берік Абызбайұлы бұған дейін Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған болатын.Одан кейін Алматы облысы полиция департаментінің жаңа бастығын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қажаев таныстырды.«Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша және ІІМ министрінің бұйрығына сәйкес Аленов Бауыржан Төлегенұлы Алматы облысы ПД бастығы болып тағайындалды», — деді министрдің бірінші орынбасары.Бауыржан Төлегенұлы бұған дейін Қазақстан Республикасы ІІМ жедел қызмет департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Өз кезегінде Марат Сұлтанғазиев құқық қорғау және қадағалау органдарымен бірлесіп, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізілетініне сендірді.