Qonaev TV Сұлтанғазиевтің қай жаңалығын көрсетеді?

Елімізде бірнеше жаңа облыс пайда болғалы солардың ізін алып жаңа телеарналар ашылып жатыр. Мысалы, жақында ғана Алматы облысы «Қонаев ТВ» қыркүйектен бастап хабар тарататынын мәлімдеді. Техникалық жұмыстар келер айда басталмақ. Бюджет облыстан бөлінеді, көлемі – 1,7 млрд теңге. Жұрт облыс бөлінгелі, Қапшағай Қонаев болып өзгергелі үш жылға жуықтаса да Марат Сұлтанғазиев үш шеге қақпады, бұл телеарнадан несін көрсеткелі жүр деп, сан-саққа жүгіртіп жатыр.
Иә, үш жыл ішінде ауыз толтырып айтарлық жұмыс көрінген жоқ. Тек қана жаңа қала мен үлкен болашақ туралы құжаттар жасалып, ұрандар көбейгені болмаса... Өңір әкіміне қатысты да қоғам сыны толастаған емес. Осыған қарамастан, Алматы облысының ақпараттық саясатқа жұмсайтын шығыны шаш-етектен. Өткен үш жылдың өзінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тапсырысқа 3,3 млрд теңге бөлінген. 2022 жылы – 1,4 млрд, 2023 жылы – 923 млн, 2024 жылы – 926 млн теңге. Енді биыл жаңа телеарнаның 1,7 млрд теңгесін қосқанда 2,4 млрд теңгедей ақпараттық салаға берілмек. Қазақстандықтар мұның тым көп екенін айтып, таңғалуда. Олардың назы да орынды, сусыз немесе жарықсыз ауылдар әкімдік табалдырығын тоздырып, осы секілді өзге де әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелер шешімін таба алмай жатқанда, мұншама көп ақшаны әкімнің «рекламасына» жұмсау қаншалықты орынды?
Облыстағы «рекламадан» маңыздырақ мәселелер
Олай деуге негіз бар. Облыс орталығы Қонаев пен жаңа «қала» Алатауда генпландағыдай қарқын байқалмайды. Қонаев облыс орталығы болғалы өзгерген нәрсе шамалы. Кейбір қызметтер мен тауарлардың қымбаттағаны болмаса, қаланың кейпі баяғы. Әкімдік былтырғы жылдың соңында: «Қонаев қаласында 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жаңартылды, 61 шақырым инженерлік-жол инфрақұрылымы қайта жаңғыртылды, 41 аула абаттандырылды, қоғамдық саябақтар мен спорт алаңдары жасалды. 133 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру айтарлықтай жетістік болды», – деп есеп берген. Алайда облыс орталығындағы осы күнге дейін бір-екі жағажай мен саябақтың ашылуы айтқанға жақсы демесең, көзбен көрген адамға Қонаев пен Қапшағайдың айырмасы әлі байқалмайды. Ал жоспар бойынша, 2050 жылға дейін 187 шара атқарылып, қауіпсіз де қолайлы, экономикалық орталыққа айналған, туристер ағыны күшті, халқы қазіргі мегаполистерден де көп қала салынып болуы тиіс. Осы бағытта қаланың бюджеті де артып жатыр. Бірақ байқауымызша, ол бюджет бір істі тындыруға емес, «тындырдық» деген пропаганда жасауға жұмсалып жатқан секілді.
Бұрынғы Жетіген, қазіргі Алатауда бейнебақылау камералары көбейіп, тамақтанатын орындар мен дүкендердің ашылғанын айтпасақ, қағаз қала күйінде тұрған Алатау да дәл осындай халде. Әкімдік өз жайына жатқан ауылды бір күнде қала статусына көшіріп, соның әсерінен біраз хейтке ұшырады. Алдымен ұстаздар үстемеақыдан айырылды, одан кейін тарифтер қымбаттаған. Мәселен, такси құны екі есеге дейін, судың бағасы 90 теңгеден 159 теңгеге дейін өскен. Ал жолдар әлі күнге жөнделмеген, бағдаршамдар жоқ. Әкімдік транспорттық-логистикалық хаб құрып, жаңа әкімдік саламыз, тұрғын үйлер көбейеді, мұз сарайымыз болады, спорт-сауықтыру кешендері, мектептер мен ауруханалар ашамыз, театр мен сауда, ойын-сауық кешендерін де ұмытпаймыз деген. Мұның бәрін ысырып қойғанда, ескі жол мен жол белгілерінің әлі қанша уақыт осы күйінде тұрары тағы беймәлім...
Алатаулық атқамінерлердің айтқандары аз ба, 2025 жылы жасаймыз дегендері де көп. Алматы облыстық архитектура және қала құрылысы басқармасы бұл жылы ауқымды жобалардың реализациясы басталады, тағы 53 жоба дайын тұр деп сүйіншілеген. Оның ішінде әкімдік ғимараты мен конгресс-холл, көпқабатты тұрғын үйлер де бар. Жылдың алғашқы тоқсаны өтті. Құрылыс басталды дегенді ешкім естімеді. Жаңа құрылысты қойғанда, Алатаудағы 1974 жылы салынған аурухананың жыларман күйін ескерген ешкім жоқ сынды. Тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, осында қарайтын алыс-жақын ауылдардың да адамдарын емдейтін аурухана күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал шенділер жаңасын салып береміз деген уәдені бірнеше жылдан бері қайталап келе жатқан көрінеді. Есесіне, Алатау қаласының бұрынғы Қоянқұс ауылы, қазіргі Қоянқұс шағынауданында орналасқан әкімшілік ғимараты жап-жаңа...
Айтылғандар ресурс беріліп, Сұлтанғазиевтің таңдаулы кадрлары барып жатқан қалалар. Енді ауылдардың, шалғайдағы шағын елді мекендердің жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Облыста сусыз, жарықсыз, жолсыз, мектебі қирап жатқан, медпункті жоқ ауылдар да табылады. Ештеңе етпес, ең басты жұбаныш – облыстық телеарна ашылады!
Әкім қайда – тілші сонда
Өңірлік коммуникациялар алаңында берілген мәліметтерге сүйенсек, «Қонаев ТВ-ның» техникалық жұмыстары мамырда басталады. Телерадиокомпания Qonaev TV ЖШС-ның басшысы, яғни телеарнаның жетекшісі – журналист Қымбат Хангельдина. «Арна қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады, ағылшын тіліндегі арнайы жобалар да жоспарланып отыр. YouTube платформасына да көңіл бөлінбек. Эфирлік уақыт – тәулігіне 12 сағат. Осы уақыт аралығында үш рет жаңалықтар шығады. Тағы аналитикалық бағдарламалар, мәдениет, спорт және туризм бағытындағы бағдарламалар көрсетіледі», – дейді арнаның бас продюсері Кымбат Досжан. Одан бөлек, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы да үн қосып, жаңа телеарна облыс үшін үлкен мәнге ие екенін жеткізді.
Брифингте бұл арна Алматы облысының қазіргі проблемалары мен келешегін талқылауға арналған маңызды алаңға айналатыны айтылды. Алайда осы тұсы күмәнді. Облыстық немесе жергілікті арналар ақшаны алып, оны игеретіні сөзсіз. Десек те, объективті алаңға айналады дегенге сену қиын. Себебі берген қол қашан да алған қолға әмір еткіш келеді. Мысалы, халықаралық қорлардан немесе ұйымдардан қаржы алатын БАҚ сол стандарттарға сай жұмыс істеуге міндетті. Дәл осы секілді, әкімдіктен ақша алған БАҚ әкімдіктің талаптарын қанағаттандыруға тиіс. Еліміздегі қайсыбір жергілікті арнаны ашып қарасаңыз да әйтеуір әкім жүреді, әйтеуір әкімдіктің «тындырғандары» көрсетіліп жатады. Қалған уақытта әртүрлі тақырыптық-салалық бағдарламалар мен теледидарға тән өзге де дүниелер беріледі. Ал оны халық көре ме, жоқ па, ол жағы өз алдына бөлек тақырып. Бұл жайында еліміздегі облыстық телеарналардың бірінде тілші қызметін атқарып жүрген журналиспен тілдестік.
«Өзіңіз де журналиссіз ғой, түсінетін шығарсыз. Елімізде тәуелсіз журналистика аса дамымаған. Ал жергілікті арналардағы жағдай одан асып қайда барсын? Айына бір рет аудандарға шығып, аудан әкімдерінің жұмысын, әсіресе жақсы жағын көрсету үшін материал әзірлейміз. Сол жақтың баспасөзге жауапты маманы шығып, бірге жұмыс істейміз. Облыстық әкімдік болса, не ұйымдастырып, не өткізсе, соның бәрінде телеарна өкілдері бірге болады. Қысқасы, әкім қайда – біз сондамыз.
Әлбетте, қатайған цензура бар деуге де келмейді. Сонда да, облыстық телеарнаның негізгі мақсаты облыстық әкімдіктің жақсы жақтарын танытуға бағытталады. Арасында, шулатып жатқан, бәрі айтып, көрсетіп, республикалық басылымдар мен арналар талқылап жатқан мәселе болса, одан қалыс қалмайсың. Жасыратыны жоқ, өзім секілді өңірлік арнаның мамандары кейде кейбір сюжеттері «фильтрден» өтпей қалғанын, әлдекімдердің қоңырауынан соң эфирге шықпай қалғанын айтып жатады», – дейді тілші (аты-жөнін не себептен жасырын қалдыруды сұрағаны да түсінікті шығар).
Жалпы медиа саласы түрленіп, форматы өзгеріп жатқан кезеңде бірнеше республикалық арнаны қойып, әр өңірге бір арна ұстау қаншалықты өзекті? Бұл туралы сенат кулуарында бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі, сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің пікірін сұрадық:
«Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Өңірлік басылымдар мен арналар ең әуелі журналистиканың ұстаханасы секілді. Әрі әр жердің кеңінен көрсетілуі тиіс тұлғалары, жерлері, тарихы мен бүгіні болады. Бірақ өкінішке қарай, қазір аудандық басылымдар аздап ақсап тұр. Өңірдегі арналар да қалт-құлт етіп отырғаны белгілі. Соған қарамастан, арасында жақсы бағалауға лайықтары да баршылық.
Ал жаңа телеарнаға келер болсақ, Қонаевтың бұл жобасы «Жетісу» арнасы сияқты өзіндік леп әкелуі әбден мүмкін. Шығармашылық еркіндік берілсе, біраз мәселелер көтеріліп, өңірлік спецификаға сай жобалар, Қазақстан деңгейінде қаралатын әлеуметтік бағдарламалар жасалуы ықтимал. Қонаевты «жастар қаласы, ғылым қаласы, туристік қала» болады деп үміт күтіп отырмыз ғой. Осының бәрін көрсететін, сол бағытта сапалы контент жасайтын арна болатын да шығар. Сондықтан мүмкіндік берілгені дұрыс».
Не де болса, «балапанды күзде санайды», қыркүйектегі эфирге шығатын телеарнадан әкімнің үш жыл ішінде істеген шаруаларын санай аламыз ба, жоқ па, әлде осылай бөлінген қаржыны есептеп отыра береміз бе, күзде көреміз.
Баян Мұратбекқызы