Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:21, 15 Маусым 2022

Қонақ күту «құрбаны»...

None
None

Осыдан бір апта бұрын Екібастұз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Ахметов пен оның қол астындағы екі мемлекеттік қызметші кәсіпкерлерден пара алды деген айыппен сотталып, алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Алайда шенеуніктің өзі мұндай шешіммен келіспейді. Себебі жергілікті бизнес өкілдерінен жиналған бірнеше миллион қаржының әр тиыны Асқар Мәмин, Дариға Назарбаева сынды бір кездері жоғары лауазымды қызмет атқарған меймандарды күтіп алуға жұмсалған көрінеді.

Жоғарыда есімі аталған Бауыржан Ахметов 2020 жылдың қаңтар айында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған болатын. Ол коммуналдық шаруашылық, құрылыс мәселелеріне жауапты болды. Сондай-ақ қала әкімі Ардақ Қаңтарбаев оны жоғары шенді бастықтарды күтіп алуға жауапты етіп белгілеп қойды. Бірақ бұл жауапкершіліктің жүгі орынбасардың «желкесінен шықты».

Өткен жылдың қыркүйек айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бауыржан Ахметовты, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Асланбек Садықовты, осы бөлімнің бас маманы Қазбек Түсіпбековті кәсіпкерлерден пара алды деген күдікпен қамауға алды. Жарты жылдан астам уақытқа созылған тергеу жұмыстары жақында ғана аяқталып, 6 маусымда сот отырысы өтті. Оның барысында айыптаушы тарап мемлекеттік қызметшілер кәсіпкерлерден жалпы сомасы 2,3 млн теңге пара алды деген мәлімдеме жасап, жиналған дәйектерді келтірді. Сот барысында келтірілген бірнеше эпизодтардың бірінде Ахметов Б.К. өзінің қызметін пайдаланып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрақты мердігері болып табылатын компания басшыларының бірінен қайтарымсыз түрде 17 литр минералды су, бір литр шырын және үш шөлмек арақ алуды талап еткені айтылады. Кәсіпкер тізімдегі бұл өнімдерді сауда орындарының бірінен 18 333 теңгеге сатып алып, мейрамханалардың біріне жеткізіп берген. Қылмыстық істің құжаттарында осы іспетті бірнеше деректер келтірілген. Кейбір деректерде ТҮКШ бөлімінің бас маманы кәсіпкерлерден алған қаражатты әкімнің орынбасарына жеткізіп беріп отырғаны көрсетіледі.

Соған жүгінген Екібастұз қалалық соты Бауыржан Ахметовты 8 жылға, бас маман Қазбек Түсіпбековты 7 жылға, бөлім басшысының орынбасары Асланбек Садықовты 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

Сот шешімінің шыққаны сол еді, Бауыржан Ахметовтің жұбайы әлеуметтік желілерде жолдасының бейнеүндеуін жариялады. Шамамен 10 минутқа жалғасқан жазбада әкімнің бұрынғы орынбасары жылдар бойы қалыптасқан, әлі де жалғасып келе жатқан «қонақтарды күтіп алу» жүйесінің құрбаны болғанын мәлімдеді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің Екібастұз қаласын дамытуға қатысты кешенді жоспар дайындауға қатысты тапсырмаңыздан соң біздің қалаға әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің келуі жиіледі. Жоғары тұрған басшыларды жоғары деңгейде қарсы алу қажет. Бұл – бұрыннан бар заңдылық. Олардың бейресми талаптары бойынша түскі, кешкі астарын мейрамханаларда ұйымдастырып, қымбат сыйлық тарту ету міндеті тағы бар. Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев бұл жұмыстарды маған жүктеді. Бірақ аста-төк күтіп алу шараларына бюджетте қаражат жоқ екенін жақсы білді. Оған көп қаражат керек екенін де анық түсінді. Сондықтан ТҮКШ бөлімінің екі қызметкерімен бірге кәсіпкерлермен, мердігерлермен кездесіп, қолдау көрсетуді сұрадық. Олар демеушілік көмек ретінде қол ұшын созуға келісті. Яғни біз ешкімді қыстаған жоқпыз. Оны кәсіпкерлердің куәлік еткен сөздерінен байқауға болады. Бизнес өкілдері берген қаржының барлығы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов, сол кезде ҚР парламенті сенатының төрағасы қызметін атқарған Дариға Назарбаева, үкімет басшысы болған Асқар Мәминдерді күтіп алуға жұмсалды. Олардың келген күндері мен кәсіпкерлер демеушілік ретінде берген қаражаттың күндері дәлме-дәл келетінін сот құжаттарынан қарауға мүмкіндік бар. Резиденцияның қақпасын сырлаған бояушы, гүл сатушы, мейрамхананың әкімшісі – барлығы көрсетілген қызмет үшін ақша алғанын айтты. Оны айғақтайтын түбіртектер де бар», – дейді әкімнің бұрынғы орынбасары.

Шынымен, қылмыстық іс құжаттарында ҚР премьер-министрі Асқар Мәмин Екібастұз қаласында келген уақытта Қ.Түсіпбеков кәсіпкерлерден жиналған 1,2 млн теңгені Б.Ахметовке апарып бергені жазылған. Бұл соманың 380 мың теңгесі вип-көлікті жалдауға, 100 мың теңгесі «Самал» қонақ үйіндегі ас үй жиһазын үкімет басшысы барған «Қазтомат» жылыжайына жеткізуге, 120 мың теңгесі резиденцияны бояуға, 435 мың теңге «Самал» қонақ үйінің қызметіне, 80 мың теңге – көршілес Баянауыл ауданынан бірнеше күндік іссапарға келген полиция қызметкерлердің тамағына, 25 мың теңге даярлаушыларға, 60 мың теңге үстелдерді әрлейтін гүлдерді алуға жұмсалғаны келтірілген. Сол сияқты айыпталушылар басқа қаржының да жұмсалу мақсатын көрсетіпті. Соған қарамастан, сот мемлекеттік қызметшілерді кінәлі деп тапты.

«Мен кәсіпкерлерден ақша бопсалаған жоқпын. Олар берген қаржыны жеке басыма жұмсаған жоқпын. Тек жылдар бойы құрылған жүйенің «ойыншысы» болып кеттім. Бұл жүйе маған дейін болған, әлі де бар. Менің әрекеттерімнен мемлекетке еш шығын келмегенін атап өткім келеді. Құрметті президент! Жаңа Қазақстанды құру үшін шенеуніктерді, орталық аппарат, президент әкімшілігі, басқа да тексеруші органдарды аста-төк күтіп алуды доғару керек. Элиталық деңгейдегі көлікті жалдауға, мейрамханаларда дастархан жаюға, жоғары лауазымды бастықтарынан екі-үш күн бұрын келетін қарамағындағыларды, қызметкерлерді қонақ үйлерге орналастыруға бюджетте ақша жоқ! Солай бола тұра, басшылық жоғары деңгейде қарсы алуға міндеттейді. Оның соңы тығырыққа апарады. Әкімдікте қызмет ететін әріптестерге, болашақта мемлекеттік қызметте еңбек етуді қалайтын жастарға айтарым – менің қателігімді қайталамаңдар. Шылқыған бай әкесі, жоғарыда тамыр-танысы, сөзін сөйлер байланысы жоқ біз сияқты қарапайым адамдардың қателігі кешірілмейді. Мен сияқты құрдан-құр жемқорлық бойынша сотталғандардың статистикасын жақсартудың құрбаны боласыңдар. Мен қала басшысының тапсырмасын орындау үшін қызметімді асыра пайдаланғанымды мойындаймын. Бірақ бұл – өз пайдамды көксеген жемқорлық әрекет емес», – дейді Бауыржан Ахметов.

Бұл жайтқа назар аударған қоғам өкілдерінің пікірі екіге жарылды. Бірі сотталғандардың әрекеті ақтауға мүлде келмейтінін айтса, енді бірі мемлекеттік қызметте мұндай келеңсіздіктің жылдар бойы жиі орын алатынын жасырмады. Соның салдарынан жоғарыда аталғандай жағдайлар болып, қызметі төмендер опық жеп жататынын айтып қалды. Бұл жерде «сүттен ақ, судан таза» қалған адам босла, ол – Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, қол астындағы қызметкері жемқорлық бабы бойынша сотталса, бірінші басшысы қызметтен кетуі тиіс. Бұл мәселе сот шешімі заңды күшіне енген соң қаралады.

Тегтер: