«Қонақжай Исабаев». Донорыңнан айырылып, қызылшамен болдың дос
Бейбіт Исабаевтың жаңадан құрылған Жетісу облысына әкім болып тағайындалғанына 1 жыл болады.
Экс-журналист, бұрынғы елші Исабаев туралы ғаламтордың өзінде дені дұрыс дерек жоқ. Саусақ сауып отырып іздесеңіз, әкім болып тағайындалғанынан өзге өтімді ақпарат таппайсыз.
«Википедиядағы» өмірбаянынан көзімізге оттай басылғаны «Жас Алашқа» қатысты сөйлем ғана. «Лениншіл жаста» 1987-1991 жылдары газет тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. Журналистикадағы ғұмыры Қазақ мемлекеттік телеарнасының бас директоры болған 1994 жылдың сәуірімен аяқталады. Ортада «Өркен», «Горизонт» газеттерінің орынбасары, бас редакторы болып үш жыл қызмет еткен. Одан кейінгі өмір жолы емен есіктер мен ерекше елдердегі елшілік қызметтерге тұнып тұр. Былайша айтқанда, таңғажайып шетел, жұмсақ кресло, ақсүйектердің өмірі.
Донорсыз облыс
Алматы облысының екіге бөлінгенін теріс көретіндер көп. Исабаев туралы жазғанда, аймақтың бөлінуіне қарсы тараптың уәжіне жүгінуге тура келеді. Неге? Өйткені бұрынғы Алматы облысының донор аймағы қазіргі облыстың құрамында қалып қойды. Яғни ескі Қазақстан кезінде Алматы облысының негізгі кіріскөзі – Іле, Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары болатын. Облыс бөлінгеннен кейін, бұл аудандар түгелдей ескі де жаңа Алматы облысының құрамына өтпей ме. Ал Жетісудың бар мақтанышы, әрі бар сенері – қант қызышасы мен жүгеріге бай Көксу және Панфилов аудандары ғана. Ал қалған аудандары кезінде Іле мен Талғарды, Қарасай мен Еңбекшіқазақты еміп келген масыл аймақтар. Енді сол бар байлығы Алматыда қалған аймаққа өмірі ауыл басқарып көрмеген адам басшы болып келгенде, апам да аң-таң, мен де аң-таң дегендей күй кештік.
Қызылша демекші, Амандық Баталовтың ең бір көп пайдаланған пиары қант қызылшасы еді. Жабылған зауыттарды ашты, егістік көлемін 16 мың гектарға дейін арттырды және түк таппай бара жатқанда үй салу мен қызылша алқабын көбейте қоятын. Уәдені де аяған жоқ. Тағы өсіреміз дейтін. Бірақ біздегі әкімдердің әдеті сол – бір әкім бастаған істі екінші әкім іліп әкетпейді. Баталовтан кейін келген Бозымбаев қызылша алқабын 11 мыңға түсіріп тастады. Күзгі жиын-терін кезінде әлгі 11 мыңның 6 мың гектарынан ғана өнім жиналды. Қалғаны жалған есеп болды ма, ақ болды, көк болдымен көзден бұлбұл ұшқан. Исабаев биыл Бозымбаевты басып, озамын деп тепсініп отырған көрінеді, қызылша алқабын екі есе арттыратынын айтып, жергілікті БАҚ-ты уәдеге көміп тастады. Исабаев тыңнан түрен сала ма деген едік. Ондай супер идея байқалмайды. Баталов салған «сара жолмен» бұл да тәтті түбірді «кеміре» бермек сияқты. Бірақ дәл қазіргі жағдайда қызылшаның өзін-өзі ақтамайтын жоба екенін жаңа басшыға ешбір орынбасары батылы жетіп айта алмайтын сияқты. Демек Исабаев кадрларының арасында шаруаның жөнін білетін маман жоқ деген сөз. Жетісу жұрты үшін қызылша өндірісі кеңес одағы кезінде 16 республикаға аты жайылған жоба еді. Ол кездегі нарық басқа. Қазір қызылша өндірісін қанша көбейтсең де, субсидия төлесең де, шығынын ақтамайды. Өйткені бізге Латын Америкасынан, оның ішінде Бразилия мен Кубадан, одан кейін көрші Ресейден, Беларусь, Молдова, Украина, Польшадан кіретін қант өнімдері отандық өнімге баяғыда-ақ қауіп төндірген-ді. Біздің қант шеттен келетін өнімге бағасы, сапасы жағынан бәсекелес бола алмады.
Жетісу құрылғанда, мемлекеттің мойнына мініп «ал балық, аузыма сал балық» дейтін өндіріссіз өңірдің саны артатын болды дескен жұрттың уәжі осыдан шыққан. Онсыз да бүкіл Қазақстан жалғыз Астананы әрең асырап отырғанда, оған тағы да бір масыл облыстың қосылғанын ешкім құп көрмейтіні түсінікті, оған әкім болып, шаруашылықты экраннан ғана көрген адамның тағайындалуы – бұл көңіл күйді одан әрі өршітіп жіберді.
Жетісу жайлы болса...
Жетісу облысы экономикалық донорынан ғана емес, адам ресурсынан да айрылып қалды. 700 мыңға жетер-жетпес халық тұрады. Ал Алматы облысының бір ғана Еңбекшіқазақ ауданында 350 мың адам бар. Халық санының аздығы – аймақтың дамуына көп кедергі келтіретін фактор. Жұмыс күші жетіспейді, салық азаяды, өндіріс, зауыт ашуға қажеттілік төмендейді дегендей. Инвесторлар да ақша салатын кезде өңірді зерттейді, құйған ақшаны қайтаратындай нарықты, тұрғын санын есептейді. Исабаев үшін облыста халық санының аздығы бас ауру болуы керек, негізі. Ал оны бұл түйткіл мазаламайтын сияқты. Әйтпесе, Жетісуға әкім болып келген күнінің ертесі облысқа адам тартудың әртүрлі технологиясымен айналысуы керек еді. Керісінше, қанша адам «оңтүстікке» көшіп кетті. Адам дегенді маман, жұмыс күші деп түсіну керек. Білікті дәрігерлер мен тәжірибелі мұғалімдер де Талдықорғаннан Қонаевқа қарай қоныс аударып жатыр.
Ал Исабаев әкім болып тағайындалған бір жылдан бері аудан әкімдерін сапырыстырып, бірінің орнына екіншісін қойып әуре. Қазірге дейін 6 ауданның әкімін ауыстырып үлгеріпті. «Қосылғыштардың» орнын ауыстыруды Астанадан үйренгенімен, «қосындының» мәні өзгермейтінін түсінбеген сияқты әлі. Кезінде Қызылағаш апатына қатысты істі болған сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Берік Тынышбаев қазір Ақсудың әкімі. Қанша адамның өмірін жалмаған апатқа айыпты деп танылған кінәлілердің бірі. Мейлі ақталсын, бірақ қызметіне салғырт қараған кадрдың қайтадан ауданды басқаруға моральдық құқығы бар ма? Әлде Исабаев 2010 жылғы Қызылағаш апатын Бішкекте елші болып жүріп естімей қалды ма екен? Тынышбаевты тағайындарда жергілікті халықтың талап-тілегі ескерілуі керек еді. Айтпақшы, біз осы материалды дайындап жатқанда, Талдықорған қалалық білім бөлімінің есепшісі 940 миллион теңгемен ұсталып, масқара болмады ма? Үйінен 14 пәтердің кілті табылыпты тағы. Исабаев кадр саясатының жемісі – осы. Білім бөлімінің есепшісі мұндай жемқор болса, орынбасарлары мен өзі тағайындаған аудан әкімдері туралы бірдеме айтудың өзі қиын.
Жетісу басшысының негізгі мамандығы журналист болғанымен, дипломатиядағы өмірбаяны ұзақтау. Содан болса керек, Исабаев аудандарды жылына екі рет аралап шығуды дәстүрге айналдырып үлгеріпті. Көктемде халықпен бір рет кездессе, күзде қайтып соғады. Қысқасы, әкім ретінде мәселені біржақты етуден гөрі, дипломат ретінде түйінді ың-шыңсыз реттеуге акцент береді. Ал тұрғындарға қызыл сөз емес, жұмыссыздық, жол, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік қажеттіліктердің шешілгені керек.
Соңғы оншақты жылдың жүзінде Талдықорғанға барған әкімдер мен орынбасарларының бәрінде бір жазылмаған дәстүр пайда болған. Бұл жақтағы қызметтерін уақытша көре ме, бәрі соқа бастарын сүйреп, «бойдақ» жүреді. Исабаев та уақытша «бойдақтардың» қатарында деп естиміз. Жетісуды жерсініп кете алатынына өзі де сенбейтін болғаны да...
Екінші президент дәуірінде елге оралған шенеунік
Исабаев Жетісуға келген инвесторлармен апта сайын кездесу өткізіп жатады, оны облыстың жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына шығарып, жарқыратып көрсетеді. Ары қарай нәтиже жоқ. Келісім жасалды ма, өңірге қандай зауыт салынады, қандай өндіріс ашылады деген сұрақтардың біріне жауап таппайсыз. Сын жоқ, тек қана көлгір мақтау ғана. Мұның бәрі Исабаев келгелі тәуелсіз журналистердің тұншығып қалғанынан деген әңгіме айтылады Талдықорған жақта. Олай деуіміздің өзіндік себебі бар. Исабаев келген 1 жылдың ішінде журналистерге арнап бірде-бір рет толыққұраммен баспасөз жиынын өткізбеген, журналистерді толғандырған сұрақтарға жауап бермеген. Ол тек облыстық әкімдіктің жағымды образын жасайтын жергілікті газет пен жергілікті телеарна, сайттардың санаулы тілшілерін ғана қабылдап, ақпарат беріп, сұхбаттасып тұрады. Бұл жағынан тәуелсіз журналистердің өкпесі қара қазандай. «Жас Алаштың» мектебін көрген, оның үстіне әртүрлі шет мемлекеттерде елші болған, демократияны Қазақстанда емес, шетелде бойына сіңірген дипломат үшін тәуелсіз баспасөзден бойын алшақ ұстау – әкім деген атына абырой әпере қоймайды.
Бізге аты-жөнін жарияламауды сұраған ақпарат көзінің айтуынша, тәуелсіз журналист болғандығы үшін Исабаев келгелі әкімнің кездесулеріне кіруден қалыпты. Турасы – қағылыпты деген дұрыс шығар.
Назарбаевтың «следующий хуже будет» деген сөзі бар еді ғой. Жетісулықтар осы күні «мұндайын білгенде...» «бұрынғымыз дұрыс еді...» деп күмілжіп тұратын әдет тапқан. Баталовты жиі еске алып, Бозымбаевтың бұрқ-сарқ мінезін елжіреп айтатындарды да көрдік. Бозымбаев демекші, қаңтар оқиғасынан кейін көрінбей кеткен экс-әкім өткен аптада жарқ ете қалды. Өзі салдырған көппәтерлі үйден 60 отбасыға тегін баспана сыйлауға келіпті-мыс. Мұны әлеуметтік желіде «қосылғыштар» ережесі қайтадан Исабаев пен Бозымбаев арасында жүреді деген болжам жасауда. Бозымбаев келсе де, басқа келсе де, бұл Исабаевқа онша бір абырой әкеле қоймайды. Аттың жалы, түйенің қомында дейтіндей, Қаңтар оқиғасынан кейінгі қысылтаяңда тағайындалып кеткен Исабаев облысты игеріп кете алмаса, бір жағыма шығысады деп үміт артқан президенттің сенім лимиті таусылуы мүмкін.
Әрине, Бейбіт Өксікбайұлы Жетісудан кетсе де, жерде қалмайды. Қазіргі басып өткен қызметтік мансабына қарасаңыз, дипломат дипломымен Исабаевтың сыртқы істер министрі болатын уақыты жеткен сияқты. Қаншама елде елшілікте қызмет етті, биылғы «жаңарған» үкіметтің құрамынан көріп қалармыз деп те ойлағанбыз, бірақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жерлесін әзірге атажұртында ұстай тұрғанды жөн көрген секілді. Бір жағы аға жолын сонау 90-жылдардың өзінде таңдап қойған елгезек інінің Алматы қаласы әкімінің (Шалбай Құлмаханов) орынбасары болған кезі де бар. Бұл облыстарды қосып, аудандарды біріктіріп, қайта құру жүріп жатқан кез еді. Сол кезді көзімен көргенін ескерді ме, ескермеді ме, ол жағын айта алмаймыз, бірақ, дәл әкімдіктен кеткен 1997 жылдан бастап сыртқы істер министрлігіндегі дипломатиялық академияның тыңдаушысы болғаны оның аға жолын ертерек таңдағанын көрсетеді. Себебі, бұл Тоқаевтың сыртқы істер министрі болып тұрған жылдарымен тұспа-тұс келеді. Одан кейін шет қонып, қиыр жайлап жүрген дипломаттың елге оралуы да Қазақстандағы жаңа президенттің таққа отыру кезіне сәйкес келеді. Алдымен, үкіметтегі президенттің үкіметтегі көзі мен құлағы болды, көп ұзамай сенатор болып тағайындалды. Одан кейін әкім.
Бейбіт Исабаев Жетісу жұртына басшы болған бір жылда не жасады, не жасай алмады? Жергілікті жұрт дипломат әкімнің мерейтой иелеріне шапан жауып, бас бастаған төре табақ тартып, құрмет көрсетуден қолы босамайтынын көп айтады. Бұл жағынан Исабаев кезінде Алматы облысын басқарған Аңсар Мұсахановты еске түсіреді. Ғаламторға кірсеңіз, әкімі шапан жауып, жұрты жырғап жатқан фотосуреттерге толып тұр. Исабаев әкім болғаннан бері исі Жетісу жұрты темір салпыншақ пен қола сөлкебайға қарық болып қалыпты. Ал былтыр Республика күніне орай әкімнің қолынан өңірге еңбегі сіңген 45 азамат бір сәтте мемлекеттік награда алған. Одан кейін облыстық арнаны қосып қалсаң, облыстық газетті ашып қалсаң, Исабаев Астанадан келген депутаттарды күтіп алып, құрмет көрсетіп, шығарып салумен әуре болып жатқаны. Әсіресе бұл қонақжайлығы сайлау тұсында қатты өршіді.
Жаңа Қазақстанның сыртқы саясатына ың-шыңы жоқ дипломат керек шығар, ал ішкі саясатына шапан жабатын әкімнен гөрі, шаруақор басшы керек екенін тоғыз айлық әкім түсініп болғанша… ет жей тұрыңыздар...
Айтпақшы, Бейбіт Исабаев журналистика саласында істеген тәжірибесінің арқасы болар, Алматы облысына тиесілі «Жетісу» газеті мен «Жетісу» телеарнасын Талдықорғанда алып қалды. Бұл оның 10 ай ішінде тындырған ең үлкен шаруасы.