Қоңыр күз

Өлкемізге тағы бір кезекті күз келіп жетті. Неге екенін білмеймін, ол өзімен бірге көңілге қайдағы бір мұңды ала келетін секілді.
Жаздың аптап ыстығы басылып, ауа салқын тартып, сан түрлі құстардың мың құбылған әсем әндері саябақтарда сабырсып, төңіректе абыр-дабыр басылып, табиғат та бір сәт қоңыр мұңға бөленді ме қалай? Әйтеуір күз мені көңілсіздікке бөлейді.
Қазақтың талай марқасқа ақындары күздің ерекшелігін әрқалай суреттеген. «Ерке өзендер жатпайды тасып ағып, таулар да тұр жамылып басына бұлт, ақ қайыңдар жылайды жапырағын байқаусыз шашып алып...», – деп жырлаған ақын Фариза Оңғарсынова.
«Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп, көз жетті кеткеніне жаздың өтіп. Құлайды жапырақтар құба талдан, күрең күз құдіретіне тағзым етіп», – деп ақын Қалқаман Сарин күз мезгілін өзінше суреттейді. Ал енді бір ақын: «Көктен көзін бір алмай, қызғылт тартты кәрі қүз… Жер қызығын қия алмай, маужырап тұр сары күз...», – деп күз көркін әсерлене жазады.
...Өткен бір сенбі күні, қолым негізгі жұмыстан қалт еткенде, қаламызға келіп жеткен қоңыр күздің «келбетін» өз көзіммен көріп, сезіну үшін қалалық «Жеңіс» саябағына бас сұқтым. Жаныма орта мектептің жоғары сыныбында оқитын немерем Әзімхан еріп келеді.
Сары алтындай боялған ағаштар арасында ойға шомып, серуендеп жүргенге не жетсін, шіркін! Табиғат та күздің келіп жеткенін хабардар еткендей, жазғы әсем кейпінен арыла бастапты. Жасыл жапырақтар сары-қоңырға, базбіреулері көз тартар қызылға боялып, лүп етіп соққан самалға қауқарсыздығын білдіріп, қанатына оқ тиген қарғадай қалбалақтап келіп жерге төселіп жатыр. Саябақты серуендеп жүргендер тым көп емес. Жаздағы абыр-сабыр қозғалыс пен қимыл да азайған. Күннің суығына бүрсең қағып, ұшып-қонып торғайлар жүр. Әйтеуір айналаны көңілсіздік басып алғанын сезінесің. Әнеу бір шеткерілеу орындықта отырған жігіттің қалта телефонынан жезтаңдай әнші, өмірден ертерек озып кеткен, марқұм Мадина Ерәлиеваның орындауында «Күрең күз» әні төгіліп тұрды:
Күрең тау анау, күрең бел,
Күрең бел –жиған кілемдер.
Жаз келер және жап-жасыл,
Жасауын жердің түгендер.
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Ақ қысты тездеп жібергіз.
Ак қыстай әппақ бір елміз,
Ширығып біраз жүрерміз.
Шынығып өмір сүрерміз»
Қош енді, қош бол, күрен күз»,
Әсерлі, керемет, кез келген жанды терең ойға батыратын, жүрекке салмақ салатын әсем ән. Орындаушысы Мәдина Ерәлиева өзінің нәзік үнімен тыңдаушысын, тіпті кімді болмасын, еріксіз еліктіреді. Бұл әннің тартымды сөзін ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазғаны белгілі. «Қош енді, қош бол, күрең күз...». Күз мезгілінде, неге екені белгісіз, кеудемізді сағыныш сезімі кернеп, еш себепсіз мұңайып жүреміз.
Қасымда бірге келе жатқан немеремнен: «Қоңыр күз бен күрең күздің айырмашылығы неде?» деп сұрақ қойдым. Сонда ол ойланып тұрып: «Қоңыр күз – жаңбыр жауып, алғашқы үсік жүретін қазанның екінші жартысы мен қараша айын, ал күрең күз деген жапырақтар әбден түсіп, күн біршама суып, мұздар қата бастаған уақыт емес пе, ата?», – деп сұрағыма сұрақпен жауап берді. Оның берген мына жауабына риза болып, «дұрыс!» – деп қолын қыстым.
Әлі кешегідей есімде. Немерелерімнің жастау кезінде күздің жанға жағымды қоңыр, шуақты күндерінде саябақты аралатып жүріп:
Бұлттар төгіп, жерге шөгіп,
Дымқыл тұман басады.
Шөп сарғайып, өңі тайып,
Дала сұры қашады.
Бой жаза алмай, ойнай алмай,
Денең мұздап тоңады.
Балалар-ау, айтыңдаршы,
Бұл қай кез болады?, –
деп жұмбақтататынмын. Сонда екеуі жарыса: «Ата, күз ғой ол, күз!» деп мәз-мәйрам болатын.
...Өткен күндердің бірінде Алматыдан келе жатып Қордай өңіріндегі Кенен Әзірбаев аулынан шыға берістегі үлкен жолдың бойынан сәл бұрылыстау, қоңыр белдердің арасындағы жусаны мен киікоты аңқыған, моп-момақан Иірсуға соқтым. Мақсатым – өткен жазда өмірден озған қазақ әдебиетінің көкжиегін едәуір кеңейтіп кеткен талантты жазушы аға-досым, Шераға «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп атап кеткен Несағаның – Несіпбек Дәутайұлының бейітіне соғып, тағзым етіп, қолымды жайып, құран түсіру болатын. Қатпар-қатпар қыраттар мен қоңыр белдер арасында иір-иір болып ағатын шағын өзен, оны жағалай өскен тал-дарақ ертеректе бұл аймақта ауыл болғанын сездіреді. «Колхоздарды біріктіріп, «ірілетеміз», совхоз жасаймыз» деп билік иелері 5-6 ауылды қосып, Киров атындағы совхозды ұйымдастырады. Содан, «қызыл белсенділердің» қыспағынан ызғарына ілікпейік деген ел-жұрт ғасырлар бойы тіршілік еткен атамекендерін тастап, үдере көшіп, совхоз орталығына қоныс аударыпты. Қазіргі Иірсуда ел-жұрт жоқ, қоңыр белдің шығыс беткейінде ескі қабірлер көзге шалынады. Ежелден келе жатқан бейіттердің шеттеу жағында біріне-бірі тым ұқсас, егіз қозыдай қатар тұрғызылған, қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған екі қарапайым мазар алыстан көзге шалынады. Олар – Дәутай (азан шақырып қойған есімі Дәулетияр екен) қария мен оның ұлы Несіпбектің қабірлері. «Мен анау-мынау болып кетсем, Иірсудағы қара шалдың жанына сүйреп апара салыңдар» дейді екен Нес-аға замандастарына. Аманаты орындалды, әкесінің жанынан топырақ бұйырды.
Айнала құлаққа тана тепкендей тып-тыныш, бейне бір жұмбақ тыныштық әлеміне еніп кеткендей сезімде боласың. Тек сонау көз жетпес көкте, биікте сайраған бозторғайдың шырылы ғана құлаққа еміс-еміс естіледі.
Еріксіз өткен күндерді, кеткен жылдарды еске аласың. Көзі тірісінде Нес-аға қоңыр даусымен сиректеу болса да балалық шағын, мына алдымызда қоңыр қыраттар арасында жатқан Иірсуын, онда тірішілік еткен жандарды, олардың әрекеттерін, тай-құлындай бірге өскен замандас-құрдастарын, өмірде көрген қиыншылықтарын ерекше бір сағынышпен еске алып, ирек саусақтары арасына қысып ұстаған сигаретасын құшарлана сорып, көк түтінге айналасын «орап» отыратын жарықтық. Кейін олардың біразы шырайлы да тартымды әңгімелерінің кейіпкерлеріне айналғанына куәміз. Енді, міне, меңіреу тыныштық аясында, кіндік қаны тамған туған топырақ құшағында тым-тырыс «қалғып» жатыр.
«Пай, пай, Өмір!Өтесің-ау бір күні.Тиясың-ау қуанышты күлкіні.Өмір деген — бір жарқ еткен найзағай,Өмір деген – көк аспанның күркірі.Пай, пай, Өмір,Өтесің-ау бір күні!» –
деп мұңға батып жырлаған Мұқағали Мұқатаев өмірдің мәңгілік еместігін сездірген. Өтті дәурен, кетті дәурен… Бәрі-бәрі көрген түстей, ескен желдей өте шықты. Қайран қатыгез дүние-ай! Мына қоңыр белдің етегінде, суық жер қойнында кімнің жатқанын біле ме екенсің? Саналы ғұмырын қазақ әдебиетін көгертемін, көк аспанын кеңейтемін деп өмір сүрген қаламгер Несіпбек Дәутайұлы енді біздің ортамызға қайта оралмайды. Оның адамды ойға қалдыратын жаңа туындыларын оқымаймыз. Ол бізден алыстап кетті. Тұла бойым мұңға оралып, көкірегім қарс айрылғандай ашып, кеудемдегі жұдырықтай жүрегім қатты-қатты соғып кетті...
Базбір себептермен кейде көңілім жабырқағанда өмір туралы қазақтың мағыналы қоңыр әндерін тыңдайтын әдетім бар. Қазақта ән көп қой, бірақ әннің де әні бар. Маған ерекше ұнайтыны белгілі сыршыл да дүлділ ақын Есенқұл Жақыпбековтың «Алдай-ау, алдай, алдай-ау...», – деген әншілердің домбыраға қосып айтатын, тереңнен жүрек қылын шертетін, кез келген адамды ойға қалдыратын, өткен-кеткен жылдарыңа ойша шолу жасататын жанға жайлы сазды әні. Уақыт бөліп, сіз де сол әнге бір сәт құлақ асыңызшы:
Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбі балдай-ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау.
Үри-ай, дәурен, үри-ай,
Үмітпен өткен дүние-ай.
Теректей басым теңселіп,
Терең бір ойлар еңсеріп.
Ұйқы да тұйқы сең соғып,
Ұйқысыз өткен түнім-ай.
Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның,
Білдірмей біреу жұлып жүр.
Өмірдің өгей пендесі-ай,
Өлеңнің шертіп қылын бір,
Өлеңнің шертіп қылын бір,
Өзіңді-өзің жылындыр.
Өткені-ай, бәрі өткен-ай,
Өмірдің жаз бен көктемі-ай.
Сары ала қаздар саңқылдап,
Сары ала күздің жеткені-ай.
Біреулер маған ынтызар,
Біреулер маған өкпелі-ай.
Өткінші мынау өмірде,
Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.
«Аға» — деп барсаң ағаңа,
Ағаның көңілі көкте жүр.
«Бауыр» деп барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір.
Туысқанға — туа жат,
Жолдасыңа — жүре жат,
Жолдасыңа — жүре жат,
Менен де осы өтті өмір.
Қара тас сенен қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Қара жер сенен қорықпаймын,
Саған да жазда шөп шығар.
Байқаған боларсыз. Әр сөзінің терең мәні бар өмір туралы, өткен күндер жайлы шебер, әдемі жазылған мұңлы толғау. «Айналайын ағайын! Сендермен жерді бір басқан, Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан. Өмірі өлең жыр-дастан, Менде де арман жоқ шығар», – деп елжірей толғанады Есенқұл ақын. Бірақ тірі адамда арман-мақсат таусылған ба?! Күйбің тіршіліктің әурешілігімен кейде уақыттың жылжып өтіп бара жатқанын сезбей де қалатынымыз рас қой.
Есенқұл ақын бір сөзінде «уақытымның көбін желбір-жекендей желіп жүріп сырап
қылып алдым, көп уақытым айтыспен кетіп қалды...» дегендей өкініш білдірген екен. Біз де бос өткен күндерімізге ертең өкініп жүрмейміз бе? Мына алмағайып, сынаптай сырғып, тоқтаусыз жылжыған уақытта, оның қазіргі «заңдылықтарына» еріксіз бас иген біздер кімді елеп, кімге құрмет көрсетіп жүрміз? Неге солай болды екен?
ХІІІ ғасырда өмір сүрген Парсының ұлы ойшыл ақыны Сағди:
Көп атақты қара жерге жерленді,
Өтіп бітті, аты да жоқ елде енді.
Сүйегі де топыраққа айналып,
Енді қалған бар қызығын жер көрді.
Наушарбаның жақсы ісімен қалды аты,
Жер жүзінде болмаса да тән заты.
Жақсылық қыл, ертең өзің кеткенде,
«Түк қалмады» демесін жұрт албаты...
деп адамзатқа ой тастайды, өміріміздің соңы өкінішпен аяқталып жүрмесін деп ескертеді. «Патша болсаң, Наушарбандай (VI ғасырда Парсыда билік ұстаған әділ патша) әділ бол» деп басқаларға үлгі етеді. Байқап отырсақ, мына жарық дүние өткінші екенін ұлы ақын өзінің атақты «Гүлстан» атты кесек дүниесінде жырлап кеткен.
… Теледидарды қосып едім, белгілі әнші Тоқтар Серіков «Дүние-ай! деген әнді төгілте орындап жатыр екен:
«Баспадым жардың шетін құлай ма деп,
Ішпедім арықтан сулай ма деп.
Қорқамын дос болуға жаманменен,
Тар жерде ертоқынын сурай ма деп,
Қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл,
Өтіп барады өмір құрығыр.
Ахау арман дүние жалған,
Хәләуләйлем, хәләуләйлем.
Жақсылар жақсымын деп айталмайды
Жамандар жақсымын деп айқалайды.
Жүрген соң бауырыңды күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды.
Ағаштың көзі қара көміріңдей,
Мылтықтың бойы түзү теміріңдей.
Өткізген жаксыменен жарты сағат,
Жаманың өтіп кеткен өміріндей.
… Терезеден сыртқа зерттей қарадым, жаз бойы әдемі жасыл жапырақтармен көмкерілген сәнді ағаштар кешегі көз тартар көркінен ажырап, лүп еткен салқын сары жапырақтары желге еріксіз дір-дір қағып тұр екен. Көк жүзін ауыр-ауыр қорғасын бұлттар жаулап алыпты. Қоңыр күздің күшіне еніп келе жатқанын байқадым. Мүмкін содан болар, менің тұла бойымды еріксіз қоңыр мұң торлап бара жатты. Әйтеуір, сол сәтте көңілімнің жабырқай түскенін байқадым.
«Өмір көркі тозбас, Одан ешкім озбас. Ескен желдей, Көшкен сеңдей, Аққан селдей, дәурен-ай!
Аспаңдап алатын, Асқақ қанатым, Саған да кез келер, беу, шіркін, Тыным табатын.».
Ей, мына адамдарды аласұртып қойған қызылды, жасылды, сайқымазақ, дел-сал алдамшы, жұмбаққа толы өмір-ай! Сірә, сенің бар ма байлауың?