Қоқыстан шыққан миллионер. Ыдырысов бағаны да өсіреді, өзі де өседі
Алдағы жазда коммуналдық қызметтердің тарифі жоғарылауы мүмкін. Мұның соңы жаппай қымбатшылыққа алып баратыны айтпаса да түсінікті.
Естеріңізде болса, халыққа арнаған былтырғы жолдауында президент Тоқаев «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін айтқан. Өйткені елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен.
Коммуналдық кәсіпорындардың, оның тізгінін ұстаған монополистердің жағдайы мүшкіл, жұмысшыларының жалақысы төмен, құбырдың бәрі тозған, құрал-жабдықтар ескірген. Оларды жаңалау үшін коммуналдық кәсіпорындарға инвестиция тарту қажет. Ал инвестиция шетелден немесе елдегі бақуатты компаниялардан келмейді. Ол тарифтен, дәлірегі қарапайым халықтың қалтасынан шығатын сияқты.
Президент айтқан соң шенеуніктерде жан қала ма, тарифті қымбаттату Шымкентке де келіп жетті. Сәуірден бастап мегаполисте қоқыс шығару құны өзгерді. Әкімдіктің бастамасымен, су жаңа мәслихаттың бірауыздан қолдауымен ол екі еседен астамға бірақ қымбаттады. Енді қоқыс шығару көпқабатты тұрғын үйлдерде адам басына 171 теңгеден 390 теңгеге, ал жеке тұрғын үйлерде 200 теңгеден418 теңгеге шарықтады.
Қалалық табиғат және жайлы ортаны дамыту басқармасы басшыларының айтуынша, Шымкентте қоқыс тарифінің өзгермегеніне 6-7 жылдың жүзі болыпты. Алматы мен Астанада, облыс орталықтарында ол әлдеқашан қымбаттап қойған көрінеді. Неге Шымкентте қымбаттамауы тиіс? Бұған дейін жеке тұрғын үйде, бес адамнан тұратын отбасы қоқысқа айына 1000 теңге төлесе, енді оның құны 2090 теңге болды. Коммуналшылар елдімекендерге аптасына бар-жоғы бір рет келіп, бір-екі қапшық қоқыс алып кетеді. Осы қызмет үшін айына 2090 теңге төлеу ақылға қона ма?
Президенттің жоғарыда айтқан «Тарифті инвестицияға айырбастау саясатынан» кейін жергілікті әкімдіктер антимонополиялық мекемелермен бірге коммуналдық кәсіпорындардың жоқ-жітігін түгендеуге көшті. Ресми ақпараттарға қарағанда, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша мегаполисті көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 миллиард теңге қажет. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді. Ал қаланы жарықпен қамтамасыз ететін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ы 1 902,1 шақырым электр желісін жаңартуы тиіс. Ол үшін 31,4 миллиард теңге инвестиция керек. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 миллиард теңге инвестиция сала отырып, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады екен. Осы міндеттерді орындау мақсатында әкімдік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Мұның қандай жұмыстар екендігі әлі белгісіз. Бірақ айналып келгенде ол тарифті қайта қарауға апарып тірелетіні түсінікті. Бірақ коммуналдық кәсіпорындардың бәрі тозып кетудің алдында тұр, монополистердің халі мүшкіл деуге келіңкіремейтін сияқты.
Өткен аптада Forbes Kazakhstan басылымы әдеттегіше Қазақстандағы ең бақуатты деген елу бизнесменнің тізімін жария етті. Тізімде 18-ші болып Қазақстанның №1 монополисті Дінмұхамед Ыдырысов тұр.
Д.Ыдырысов «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясына бақылау жасайды. Ол ұлымен бірге сондай-ақ «Ordabasy Group» ЖШС-ына құрылтайшылық етеді. Бұдан басқа да бірнеше кәсіпорындардың иегері. Ел арасында Делеу деген атпен танымал Ыдырысовтың биылғы дәулеті 490 миллион долларды құраған. Былтыр ол 415 миллион болған екен. Яғни оның жиған-тергені бір жыл ішінде 75 миллион долларға көбейген.
Forbes Kazakhstan басылымының тұжырымы бойынша «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС елдегі ең ірі компаниялардың тізімінде 2021 жылы – 13, ал былтыр – 11-орын алған екен. 2022 жылы оның ақшалай кірісі 175 миллиард теңгені құраса, таза табысы 21,33 миллиард теңгеге жеткен. Компания Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласын жылумен және жарықпен қамтамасыз етеді. «Қазақстан коммуналдық жүйелерінің» құрамына жарықты, жылуды өндіретін, тасымалдайтын және тарататын 9 компания кіреді. Мәселен, «Қарағанды Энергоорталық» (Қарағандыдағы №1 және №2 жылу орталықтары), «Өскемен ЖЭО», «Оңтүстік Жарық Транзит», «Қарағанды жарық», «Маңғыстау аймақтық электр жүйелері», «РСЦ» (Қарағанды), «Энергопоток» (Шымкент) және тағы басқа компаниялар бар. Аталған басылымның жазуынша, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Дінмұхамед Ыдырысовтың жұбайының атына тіркелген. Айтпақшы, жоғарыдағы миллионерлердің тізімінде былтыр қақаған қыста Екібастұздың халқын жауратқан, осындағы жылу орталығының қожайыны А.Клебанов та бар. Сонда жағдайы мүшкіл монополист Дінмұхамед Ыдырысов па, әлде Александр Клебанов па?
Монополистері доллар миллионерлердің тізімінде жүрген, коммуналдық кәсіпорындардың таза табысы ондаған миллиард теңгеге жетіп отырған елде тарифті қымбаттату не үшін қажет? Әлде, Forbes-тегі тізімнің бас жағына шығуға талпыныс па екен...