Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:29, 05 Қазан 2022

«ҚОРАҒА» кірдік. Берешекке құмар үкіметте бедел қалды ма?!

None
None

Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін болашақта тағы да қарызға кірмек. Бұл жолы Смайылов үкіметі долларлап емес, еуролап қарыздануды жөн көріпті.

Бұған қатысты мәжілісте Халықаралық қайта құру және даму банкінен 11,5 жылға 345,7 миллион еуро қарыз алуды қарастыратын заң жобасы қаралуда. Мәжіліс депутаты Марат Құсайыновтың айтуынша, бұл қарызға алынған қаражат Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруды қолдауға бағытталады.

   Жалпы, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін біз бұған дейін де алақан жайып, өзге елдерден қарыз сұрадық. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеге немесе жалпы ішкі өнімнің 27,4 пайызына жетті. Үкіметтің сыртқы қарызы және мемлекеттің кепілдік берген сыртқы қарызы, сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 37 млрд доллар болды. Бұл Ұлттық қор активтерінің 67 пайызына тең және шекті мәнге жақындап қалды.

Осылайша, оңды-солды қарызданып-ақ жатырмыз. Бірақ бұдан елдің әлеуметтік жағдайы артып, экономикалық ахуалымыз дамып кете қойған жоқ. Қазірде керісінше, тұрмыс-тірлігіне шағымданып, қымбатшылықтан әбден запы болған елдің қарасы көп.  Сыртқы қарыздан бұрын өз ішімізде де халық әбден қарызға батып бітті. Мысалы, бүгінде қазақстандықтардың мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша берешегі 24,3 млрд теңгені құрапты. Бұдан бөлек, бизнес өкілдері мен халықтың банк алдындағы қарызы 20,1 трлн теңгеге жеткен.

Сөйтіп, сыртқы қарызымыз да, ішкі берешегеміз де еңсені басып тұр. Сала мамандарының айтуынша, Қазақстан «қораға кірді», қарызға батпақтап тұрып батты. «Аналитик» талдау және сараптау орталығының сарапшысы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, Қазақстанның енді қарыздану үрдісінен шыға қоюы екіталай. «Мемлекеттік қарызға белшеден баттық. Жердің асты-үстіндегі  байлықты жекеменшікке сатып болдық. Инновациялық даму деген атымен жоқ. Сонда қыруар қарызды мемлекет қалай өтейді?» – дейді маман. Расымен де алаңдайтындай жағдай. Бүгінде мамандар «басқаны емес, бір ғана Қытайдан алған қарызымыз ойлантуы тиіс» деп отыр. Өйткені қазір Қытай үкіметі ішкі нарығындағы жұмыссыздар санын азайту үшін әрі аймақтың қуатын арттыру мақсатында өз азаматтарының шетелде жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр. Мысалы, 8 триллион доллар капиталы бар  «Бір белдеу – бір жол»  инфрақұрылымдық жобасы осы мақсатты жүзеге асыру үшін іске қосылған. Қытайдың миллиондаған азаматы аталмыш инвестициялық жобаның арқасында, әлемнің 68 еліне ашық түрде жұмыс істеуге бару мүмкіндігін алып отыр. «Міне, осы жоба арқылы ғана Қытай әлемді билеп-төстеуді ойластыруда», – деседі мамандар.  

Сала мамандарынан бөлек, қазір қарапайым халық арасында да бір ғана Қытайдан алған қарыз ұрпағымызға қамыт болмай ма деген пікірлер өте көп. Бірақ мұны естіп жатқан біздің шенділер жоқ.

    Жалпы, қарызға батқан елдердің арасында таулы аймағын беріп, қарыздан құтылған, жерінің бір бөлігін беріп, борышын өтеп жатқан мемлекеттердің барын ескерсек, расымен де, бізге таяу болашақта сыртқы қарыздан құтылу жөнінде толымды шешімдер қабылдау керегі даусыз. Сарапшылардың пайымдауынша, нақ қазір үкіметтің құрылымдық өзгерістер деген дүниенің мәнін ұғынғаны абзал. Үкіметбасының орынбасарлары, ұлттық экономика министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, қаржы министрлігі өте шапшаң қимылдап, үкіметке, президентке ұтымды ұсыныстар айта білуі тиіс.

 Бірақ олар ұтымды ұсыныс айта ма, әлде жалған статистикаларын тізіп, қалыптасқан жайтқа көз жұмып жүре бере ме?! Мұны алдағы уақытта көре жатармыз. Нақ қазір біздің көріп отырғанымыз – атқарушы билік пен халық арасында үндестіктің жоқтығы. Халық өз мұңымен, шенеуніктер өз сән-салтанатымен тірлік кешіп әлек. Бүгінде берешекке құмар үкіметтің ел алдында беделі де қалмады-ау. Елді жағалай «қораға кіргізген» билікті халық қайдан жақтырсын?! 

Тегтер: