Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 29 Сәуір 2021

Қордай оқиғасынан билік сабақ алды ма?!

None
None

Қордай қақтығысына қатысты 50 адам сотталды. Былтыр ақпан айында болған қанды оқиғаның салдары осы.

Сотталушылардың мүддесін 60-қа жуық адвокат қорғады. Бірақ 19 адам бес жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Залалды өтеген 31 адам бес жылдан бір жылға дейінгі шартты мерзімге сотталды. Келтірілген шығын 800 миллион теңгеден асады. Өткен жылдың 7 ақпанында болған жаппай қақтығысқа 300-ге жуық адам қатысқан. Медициналық көмекке 137 адам жүгінген. Екі полицей зардап шегіп, 30-ға жуық үй, 15 сауда орталығы қираған, 23 көлік өртенген.

      Алайда сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Бірақ олардың арасында үйдің асыраушысы болып отырған бірқатар азаматтар бар.  Оңай деймісің, жылап-сықтап, бауыр, ата-ана, дос-іні, ағайын, жар қалды. Кінәлілер жазасын алды. Әрине, шын мәнінде сот әділ өтсе… Бірақ  біз үшін басты мәселе мынау: осынау қанды оқиғаның алдын алуға болмас па еді?!

      Құрылғанына 25 жылдан аса уақыт болған  Қазақстан халқы ассамблеясы

Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімнің айрықша моделі деп келдік. Айдай әлемге жар салдық.  БҰҰ бас хатшысы болып қызмет атқарған Кофи Аннанның аузына сөз салдық.  Қара маржан қайраткер азамат қайдан білсін, Қазақстан халқы ассамблеясын  «Кіші БҰҰ» деп атап жіберді. Аннанның айтқанын кешегі күнге дейін мақтанып, «бұл әлемде теңдесі жоқ теңеу» деп, біз де жар салдық. Сөйте тұра, Қордайдағы қақтығыстың алдын ала алмадық. 

51 азаматтың көпшілігі шартты түрде жазасын алды. Алды 20 жылды арқалап кетті. Өкінішті.

        Бірақ ұтылған кім? Тағы да сол қайран қазағымыз. Бұл қақтығыста ұтқан ешкім жоқ. Бірақ бір-ақ мәселе, сол қақтығыс болған кезде артынып-тартынып Қордай өңіріне, Масаншыға барған қазақ сарапшылары не айтпады? «Дүнгендерге қазақ тілін оқыту керек. Олар мемлекеттік тілде сөйлегісі келмейді» деп неше түрлі жорамалдарды айтты. Сараптады. Қайтты. Бітті. Ал бірақ соның бірі орындалды ма? Дүнген баласы қазақша оқып, мектеп табалдырығын аттады ма? Күмәнім бар. Жалпы, елдегі басқа этнос өкілдері жаны тұрақтылықты қалайтын титулды ұлт қазақ екенін біліп және сезініп жүруі тиіс. Олай болмаған жерде осындай қақтығыстар жер-жерде орын ала береді.

        Өткенге көз жіберсек, араға бес-алты жыл салып, Қазақстан жерінде қақтығыстар болып отырған. Мысалы, 2015 жылы оңтүстікте қазақ-тәжік қақтығысы, оның алдында Маловодныйда қазақ-шешен төбелесі орын алды. Бәрінде адам жарақаты, кісі өлімі. Ең өкініштісі – уақыт өте келе, біздің билік мұның бәрін ұмыт қалдырады. Өйткені «қазақ мәселесі» шешілмейді. Тіл тұғырына қонбайды. Әр тілде сөйлейтін Қазақстандағы этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктіретін не? Ол – елдегі барлық этнос өкілдерінің бір тілде сөйлеуі. Ол – қазақ тілі. Алайда «қазақ мәселесі» таяуда шешілетін емес. Өйткені орысқұл  билік бұған мүдделі емес.

     – Қордайдағы қанды оқиғаға қатысы барларға заң жазасы кесіліп, қылмыстық істің нүктесі қойылғанымен, мемлекет тұтастығына, ұлт тағдырына қауіп тудырған дүнген мәселесі қоғамда өз шешімін тапқан жоқ. Жоғы түгенделіп, жыртығы жамалған дүнгендер бұрынғысынша бейқам жүр. Қазақстан – олар үшін тек байлықтың көзі, тіршіліктің жайлы мекені ғана. Ешбір дүнген «қазақты – бауырым, Қазақстанды – Отаным» демейді. Тілі  орысқа, бүйрегі Қытайға бұрып тұрған халықтан бізге қауіптен басқа қайыр жоқ. Олардың арқа сүйері – Қазақстан емес, Қытай. Өйткені дүнген ұлтына қамқоршы екендерін Қытай ашық айтып келеді. Дүнген ұлтының тарихта қытайдың қас жауы болғаны ол жақта қазір айтылмайды, жазылмайды. Себебі біздегі сан мыңдаған дүнген – Қытайдың Қазақстандағы көзі, құлағы, һәм тілі. Саяси тұрғыда олар әбден қолайлы. Қытай «сол себепті дүнгеннің білім қуған жастарына» деп, жыл сайын мыңдаған білім гранттарын бөліп, оларды тегін оқытады, стипендия тағайындайды. Ал шаруа мен сауда қуғандарына жағдай жасайды. Қытайдан келетін жүктер мен тауарларды тасымалдаушы Cargo-ның негізгі тетіктері дүнгендердің қолында. Бұдан кейін қазақ тіліне, қазақ мәселесіне дүнгендер қайтіп бас қатырсын? Айтудың өзі күлкілі. Хусеи Дауров дейтін басшыларының аңсары да Қытайға ауып тұр. Оның әлеуметтік желідегі жазбаларының бәрі – Си Цзиньпин саясаты. Осындай опасыздықтардан кейін қалай тыныш ұйықтауға болады? Енді не істемек керек? Қашанғы еренсіз боламыз? Батпандай іске бас қатыратын биліктен біреу бас көтерер ме екен?! Дүнген дұрыс жүрсе, талай қазақ отбасы қара жамылып, қазақ жастары түрмеге түспес еді, – дейді қытай саясатын жақсы білетін  белсенді журналист Ертай Нүсіпжанов.

       Рас сөз. Қордайдағы қанды оқиғадан кейін бір жыл өтті. Билік бұл қақтығыстан қандай қорытынды шығарды? Дүнгендер бұл оқиғадан қандай сабақ алды? Сабақ алған түгі жоқ. Қазақша үйренбек түгіл, саудасын жасап, түк болмағандай шалқып  жүр. Іштен шыққан жау жаман. Қордай оқиғасы ешкімге де, елдегі өзге этнос өкілдеріне сабақ болған жоқ. Мысал керек пе?

23 сәуір күні  Батыс Қазақстан облысының тұрғыны қысқатолқынды пеш сатып алып, оның нұсқаулығы орыс тілінде жазылмағанын дау етіп, Tiktok-қа видео салды. «Қысқатолқынды пештің нұсқаулығы бар. Тек қазақша және ағылшынша жазылған. Бұл не деген сұмдық? Орысша нұсқаулығы қайда? Қазақша түсінбеймін. Қазақ тілін үйрену ойымда да жоқ. Оны үйренетіндей мемлекет маған не берді? Билік басындағылар не қарап отыр? Әлде қазақтарды билік басынан тайдыруды күтіп отырсыздар ма?» – деді Батыс Қазақстан облысының тұрғыны. Артынан «Билікке еш айтарым жоқ. Байқамадым, ішіп алған едім» деп, кешірім сұрап құтылды.

       Одан үш күн өткеннен кейін, 26 сәуір күні  Жезқазған қаласының 27 жастағы тұрғыны қазақ ұлтын анайы сөздермен балағаттап, ұлтаралық алауыздық тудыратын видео жолдады. «Құрметті қазақстандықтар, мен интернетке жүктеген бейнежазбам үшін өкінемін. Менің қазақ достарым бар, біз бір-бірімізді құрмет тұтамыз. Мен қазақстандықтардан кешірім сұраймын», – деді жезқазғандық жігіт.

      Ақиқатына келсек, екі оқиғада да Қылмыстық кодекстің 174-бабында көрсетілген «ұлтаралық алауыздықты қоздыру» белгілері бар. Бірақ бұдан шығатын қорытынды, қазақты әдейі балағаттап видео түсірген өзге ұлт өкілдері  кешірім сұраса, кез келген жазадан құтылып кете бере ме? Мұның бәрі нені көрсетеді? Өзге ұлт өкілдері «Қазақстан – менің Отаным» деп айта алмайды және айтқысы да келмейді. Демек, бұдан шығатын қорытынды, өзге этнос өкілдеріне өзгеше саясат қажет. Кетер адам кетті, сотталды. Бірақ Қордай қақтығысынан басқа этнос өкілдері де, дүнгендер де, біздің билік те сабақ алған жоқ. Алаңдайтынымыз да осы.

Тегтер: