Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еліміздің Ұлттын банкі маусым айындағы валюта нарығына талдау жасады. Бас банктің мәліметінше, қазірде алтын-валюта қорымыз 1,4 млрд долларға кеміген.
Сондай-ақ маусым айында Ұлттық қор да ортая түскен. Ұлттық қордың мөлшері бір айда 1,1 млрд долларға кеміп, 57,5 млрд долларды құраған.
Ұлттық банк өкілдері алтын-валютамыздың азайып, Ұлттық қордың кемуін сыртқы және ішкі факторлардың әсері деп бағалап отыр. Аталмыш банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, әлемдік нарықта доллардың өсіп, алтынның арзандауы мәселені осыған әкелген. Маманның сөзінше, маусымда алтынның бір унциясы 1892 доллардан 1758 долларға дейін немесе 7 пайызға құнсызданған. Алтын бағасының бұлай арзандағанын есепке алған Ұлттық банк тәуекелді азайту үшін қордағы алтынның бір бөлігін 1,5 млрд долларға сатып жіберген. Ресми мәлімет бойынша, сатылған баға қазіргі бағадан жоғары болған көрінеді. Ал Ұлттық қордың ортаюына бюджетке бөлінген трансферттер әсер еткен, яғни маусым айында үкімет Ұлттық қорға тағы да қол салған.
Негізінде, қазынамыз ортайып жатқанмен, Ұлттық банк үнемі экономикалық өсім жайында оптимистік болжамдар айтады. Осы жолы да банк сарапшылары «әлемде қалыптасып отырған ахуалға қарамастан, екінші жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ өсім беріп, экономика тығырықтан шыға бастайды» деседі. Бірақ сала мамандары бас банк сарапшыларының бұл пікірімен келісе қоймайды. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов былай дейді:
– Былтырдан бері әлеуметтік, экономикалық жағдай тіптен ушыға түсті. Тауар қымбаттап, ел тарықты. Мұны жасырудың еш қажеті жоқ. Бұған негізгі себеп – Мамин үкіметі «импорт алмастыру» бағдарламасын сауатты орындай алмады. Бағдарламаның мақсаты отандық тауарды қолдау болатын. Бірақ шетелдің Қазақстандағы ірі компаниялары әлі күнге ұсақ-түйекке дейін өз тауарын әкеледі. Қазақстан тауар сатып алуға жылына 10 трлн теңге жұмсайды. Осы мол қаржы шетелге кетіп жатыр. Былтыр үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» деген бастаманы дамытпақшы еді, әдеттегідей мұның да арты сұйылып, қазір сол бағытта не істелініп, қандай нәтиже болғаны тіптен айтылмайды да...
Экономист-ғалымның айтуынша, Мамин үкіметі қазіргідей дағдарыс кезінде қолға алған бағдарламалардың қаншалықты орындалғанын талқылаудың орнына үнсіз отыр.
– Қазіргі вирус деген өте мықты сылтау болды. Былтыр шілдеде коронавирустан қайтыс болғандар көп болды. Халыққа дәрі-дәрмек жетпеді. Ал тексере келгенде ол дәрілер қоймада тұрды. Індетпен күресуге дайындалу үшін қыруар қаржы бөлінсе де, үкімет дайын болмай шықты. Бұл ең алдымен премьердің кінәсі еді. Бірақ біздің үкіметбасы саспайды. Валюта қоры кеміді. Ұлттық қор ортайды. Енді әрі қарай халықты тарықтырмау үшін нақты реформалар керек. Неге осы жағы ашық талқыланбайды? – дейді Жаңабай Алдабергенов.
Рас, маман айтса айтқандай, 2019 жылдан бері үкімет мақтап, мадақтаған «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша осы уақытқа дейін 41 млрд теңгенің 92 жобасы мақұлданыпты. Ал, жалпы, жобалау кеңсесінің жұмысында 1 триллион теңгеден асатын сомадағы 1500-ге жуық жоба бар. Бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен 30 пайызын құрайды. Әу баста осы жоба туралы айтыла бастағанда «енді отандық өнімнің әлеуеті артып, еңсесі тіктелетін болды» деп үміттенгенбіз. Бірақ өзін-өзі ақтауы тиіс осы жоба қазір көмескіленіп сала берді. Нәтижесін көре қойғанымыз шамалы. Тіпті «бұл жоба аясында бөлінген қаражат ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жоқ па» деген күдігіміздің де бары рас. Мамандар: «Аталмыш жоба сауатты жүзеге асқанда біз биыл картоптың бағасын 500 теңгеге дейін аспандатып, сәбізді 700 теңгеден сатып алып отырмас едік. Шегеге дейін әлі Қытайдан тасып отырмыз. Шекара жабылса болды, базардағы баға аспандап сала береді. Егер жоба нәтижелі жүзеге асқанда, бұлай қиналмас едік», – дейді.
Жалпы, біздің үкімет «жаңа технологияны, ауыл шаруашылығын, өңдеу саласын дамытқымыз келсе, олардың қолына қаржы беруіміз керек» дегенді өздері бас болып айтады. «Ол үшін, әрине, кәсіпкерлерге арзан несие жүйесін ұсынуға тиіспіз» дегенді де ұмытпайды. Бірақ санамаласақ, Мамин үкіметбасы болғалы қаузалып келе жатқан осы мәселелердің де оңынан шешімін тапқан кезін көрмедік. Маминге дейінгі премьерлер де аса қарық қыла қоймады. Қазір бізде инновация әлі дамыған жоқ. Отандық өндіріс дағдарысқа әрең шыдас беріп отыр. Доллардың құны жоғарылап барады. Ұлттық валютамыздың құны төмендеп кетті. Сырттан алатын қарыз мөлшері де өсті. Мұндайда үкіметбасының орынбасарлары, ұлттық экономика министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, қаржы министрлігі үкіметке ұтымды ұсыныстар айта білуі тиіс емес пе?!
Ең әттеген-айы, бізде бұл саладан суырылып алға шығып, сауатты ұсыныс айтатын топ-менеджерлер саусақпен санарлық болып тұр. Қазір халықтың көкейінде «осылардың елге жаны аши ма» деген сауал да бітеу жарадай қатып қалған. Күмән көп. Бұған байланысты біз де «Жас Алаш» тарапынан мақала жазып, «Халық бір жақта, Үкімет қай жақта?» деген арнайы сауал да тастағанбыз. Бірақ біздің үкімет мүшелері халыққа жақындаудың орнына қилы-қилы қылық шығарудан алдарына жорға салмай тұр.
Мысалы, өткенде ел-жұрт «Батысқа көмек» деп ұрандап, қарапайым халық өз күшімен Маңғыстауға шөп жинап, маңдай терін төгіп жатқанда біздің шенеуніктер тарапынан аса бір белсенділік байқала қоймады. Тіпті сол елдің жинаған шөбін жеткізіп беруге «Қазақстан теміржолы» компаниясы ақы сұрап, жұртты біраз әуре-сарсаңға салды. Кезінде «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясын үкімет басшысы Мамин мырзаның басқарғанын білеміз. ҚТЖ – Қазақстан экономикасының локомативі. Кеңестік дәуірден қалған мұрасы да жеткілікті, өте үлкен компания. Міне, сол үлкен компанияның өзі елге қол ұшын созудың орнына халық қиналғанда осындай қылық шығарып, мал азығын тегін жеткізуге тулап барып әрең келісті.
Қалай айтсақ та, білеріміз – қазір халықтың уайымы күшті. Тіпті ел арасында «қазынамызды қарақшыларға күзеттіріп отырмыз» дейтіндер де бар. Бірақ, мамандар айтқандай, біздің үкімет саспайды. Оптимистік болжамдарын айтқан кезде бір-екі жылда өзімізді ғажайып Қазақстанда өмір сүріп кететіндей сезінеміз. Ал сала мамандары керісінше, «Үкімет шындыққа тура қарамаса, бір-екі жылда экономикалық ахуалымыз қиындап, қоқысқа малтығамыз. Алтын-валюта қоры мен Ұлттық қордың азая бастауы жақсы нышан емес, бұл алдағы уақытта шын тарыға бастайтынымызды көрсетеді. Сондықтан үкімет ақиқатты ашып айтып, ақсап тұрған тұстарды жөндеуге шындап кірісуі керек» деп отыр.