Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:08, 15 Ақпан 2023

Қорды «ЖЕГЕНДЕР» қоржынды қайта толтыра ма?!

None
None

Өткен аптада еліміздің сауда және интеграция министрлігі нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында резервтегі қордан көкөністер алына бастайтынын мәлімдеді.

Аталмыш министрліктің есебінше, бұл шара аспандап кеткен көкөніс бағасын тұрақтандырып, халыққа сәл де болса көмек болмақ.

   Сөйтіп, қазірдің өзінде халық ең көп тұтынатын көкөністер пияз, сәбіз, картоп және қырыққабатқа тауарлық интервенция жүргізу басталды. Осы салаға жауапты шенділердің айтуынша, тұрақтандыру қорларында  жеткілікті көкөніс бар. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзіне сенсек,  ел бойынша пияз қоры 130 пайыз, картоп  118 пайыз, сәбіз болса  103 пайыз, ал қырыққабат 74 пайыз екен.

Дегенмен сала мамандары «шенділердің бұл есебіне сену қиындау» деседі. «Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист-сарапшы  Жанат Манбетованың айтуынша, бізге ең алдымен сол тұрақтандыру қорларына нақты тексеру жүргізу қажет.

 - Сауда министрлігі  «интервенция кезінде тауар жетпей жатса, айырқалпақты ағайындардан да көкөніс сұраймыз» деді. Өзімізде  жеткілікті болса неге көрші елден сұраймыз?! Ол үшін бюджеттен тағы қосымша қаражат бөлу керек бола ма?! Білесіздер, 2021  жылдың жазында картоп бағасы 500, сәбіз бағасы 700 теңгеден дейін шарықтап, мұның арты сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Омаровтың отставкаға кетуімен аяқталды. Сол жылы да «тұрақтандыру қорларында көкөніс жеткілікті» деп есеп берілді. Жеткілікті болса, неге сол жазда өнім бағасы асқақтап, сауда министрі болған Бақыт Сұлтанов неге көрші елден көкөніс сұрап ел кезіп кетті?! –дейді сарапшы Жанат Манбетова.

Маманның айтуынша, біздің шенділер экономикадағы статистиканы өсіріп айтуға бейім. «500 мың тонна көкөніс өндірілсе,  5 млн тонна өндірілді» деп жалған есеп беру басым. Мұның соңы маусымдық сатылым кезінде  «ажиотажға» апарып, тапшылық туындатып, нарықтағы бағаның бірден шарықтауына әкеледі. Сондықтан алдымен экономикадағы жалған статистикамен күресу керек» дейді маман.

Ал сауда және интеграция министірі,  Сауда комитетінің басқарма басшысы Олжас Әділбековтің айтуынша,  барлығы бақылауда.

— Бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыру құралдарын іске асыру үшін, өңірлік кәсіпкерлік корпорация әкімшіліктермен бірлесіп, қалыптасқан резервтегі көкөністерді шығару бойынша жұмыс басталды. Бұл қор маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұру және бағаның күрт өзгеріп кетпеуіне жол бермес үшін арнайы құралған, – дейді министрлік өкілі Олжас Әділбеков.

Негізінен, мамандар интервенцияның халықаралық тәжірибеде бар  екенін, өз кезегінде оның тиімділігі де барын алға тартып отыр.  Алайда, мұның шегін білу қажет.

– Өйткені биыл бағаны төмендетеміз деп жүргенде, келер жылы қыста жұрт көкөніс таппай қалуы әбден мүмкін. Әр қордың түбі бар. Қайта-қайта пайдалана берсе таусылады. Кейін үкімет ол қоржынды толтыра ала ма?! Осы сауалдарды әбден зерттеу керек. Қазір де басқаны қойып, Ұлттық қордың қаржысы түгесіліп бара жатқаны жиі-жиі айтыла бастады. Үкімет Ұлттық қордан, зейнетақы қорынан трансферттер алуды да азайту керек. Бұлайша қорды жей беруге болмайды. Былтырдың өзінде бас қорымыздың активтері 3,4 млрд долларға қысқарған. 2020 жылы шикізат сатудан Ұлттық қорға түскен ақшаның 95,7 пайызын үкімет жұмсап қойған. Осы қарқынмен кете берсе, Ұлттық қор ақшасы да алдағы 10 жылға да түгесілуі әбден мүмкін. Сонда оның орнын қалай толтырамыз?! –дейді Жанат Манбетова.

Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай, біздің үкіметке алдағы уақытта экономиканы әртараптандыруға мықтап күш салу қажет. Өз өнімімізді шығаратын, индустриалды-инновациялық бағытта нақты жұмыс істеуге ұмтылуымыз керек. Кезінде бұған қатысты арнайы бағдарлама қабылдап, «отандық экономиканы индустриалды-инновациялық жолмен дамытамыз» деген едік. Өкінішке қарай, бұл бағдарламалардың басы бар болғанымен, аяғы сұйылып, ақыры өз жемісін бермеді. Ақиқатын айтқанда,  біз 30 жылда экономиканың драйвері болатын саланы әлі анықтай алған жоқпыз.

 «Әр саланың күш қуатын арттырамыз, қуатты елге айналамыз» дегенімізбен,   расымен де бізде бюджет қаражатының, ұлттық қордан бөлінген трансферттердің желініп кеткен жайттары да кездесті. Былтыресеп комитетінің аудиторлық тексерісі кезінде басқаны қойып, Ұлттық қордың қаражатына қатысты 70 объектіде 1 трлн теңгеден астам соманың тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Бұдан кейін еріксіз «тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік, көкөніс қоры шынымен де тұрақты әрі нақты есептелген бе» деген ой өзінен-өзі мазалайды. Мұндайда мамандар айтып отырғандай «қорды «жеген» үкімет қоржынды қайта толтыра алар ма екен» деп амалсыз алаңдайсың...

Тегтер: