Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 03 Тамыз 2023

Қорлық көрген әйелге аналар үйі пана бола ма?

None
None

Бүгінде Қазақстанда жиырма бес «Аналар үйі» бар.  Оны 300-ге жуық ана мен бала паналап отыр.

Мұнда төрт жылдан бері 2810 бала жетімектің күнін кешпей, ана мейіріміне бөленіпті. Әйтсе де аналар үйі қазақ әйеліне пана бола ма? Қорлық көріп, зәбір кешкен әйелге аналар үйінде қандай көмек көрсетіледі?

«Аналар үйінде» түрлі тағдыр кешкен әйелдер көп. Мысалы, Алматы қаласындағы «Аналар үйін» паналап отырған  24 жастағы Айжан Жаңабайдың тағдыры бізді алаңдатпай қоймады. Айжанның тұрмысқа шыққан жігіті үш мәрте түрмеде отырған. Азаматтық некеде бір жарым жыл тұрып, ақыры тұрмыстық қорлыққа шыдамаған ол «Аналар үйін» паналағанына төрт айдың жүзі болыпты. Қолында бір жарым жасар баласы бар. 

«Қазір өкінемін. Әу бастан азаматтық некеге келіскенім дұрыс болмағанын әбден түсіндім.  Бірден заңды некеге отыруды талап етуім керек еді. Бірақ сезімге мас болдым ба, жылы сөзге сендім бе, әйтеуір сотталғанына қарамастан мешітке барып некелсіп, бірге тұруға келістім. Күйеуім ішіп алып ұратынды шығарды. Пышақтап та тастады. Амалсыз ажырасу керектігін түсіндім де осы «Аналар үйін» паналадым» дейді кейіпкеріміз.

Айжанның қазіргі ең негізгі мәселесі баласына алимент төлету. Заңды некеде болмағандықтан қазір бұл мәселемен заңгерлер айналысып жатыр. Өз кезегімізде біз де кейіпкерімізге септігімізді тигізгіміз келіп, заңгерлерге қоңырау шалып, кеңес алдық. Заңгер Жандос Өмірғалиевтің пікіріне сүйенсек, ерлі-зайыптылар азаматтық некеде болып ажырасқан жағдайда алимент өндіріп алуға болады. Ол үшін ДНК сараптамасын жасатып, әкелігін анықтауға да болады, ал әйел адамның оған мүмкіндігі болмаса азаматтық некеде болғанын растайтын екі куәгер адам тауып, сол арқылы да сотқа жүгінуге болады. «Сот шешім шығарып, алимент төлеудің міндетін түсіндіреді» дейді заңгер.

Жалпы, деректерге жүгінсек, Қазақстанда ажырасқандардың саны 3 миллионнан асқан. Соңғы бес жылдағы ажырасудың 30 пайызға жуығы ұзақтығы 5-9 жыл болған некелер арасында тіркелген. Психологтар неке үшін қауіпті ұзақтық 7 жыл деген тұжырымдама айтады. Мұның негізгі себебі осы уақыт ішінде отбасылық өмірдегі жинақталған белгілі бір проблемалардың ақыры ажырасуға әкелуі болып табылады. Отбасындағы бала саны некені құтқарып қалуға қаншалықты құзіретті дегенге назар аударсақ, баласыз және бір баламен ажырасудың жалпы ажырасу санындағы үлесі көбірек болғанымен, соңғы бес жыл ішінде екі және одан да көп баламен ажырасудың үлес салмағы тұрақты түрде өсіп отырғанын көруге болады.

Психолог Жандос Сайлаубайдың айтуынша, ажырасуға шешім қабылдағандардың көпшілігі тұрмыс қиыншылығына шыдамағандар. Жастар үйленген соң үйлі-күйлі болудан, бақытты өмірден үміттенеді. Содан кейін табыстың аздығы, несие, қарыз қажыта бастайды. Ақыры шаңырақта ұрыс-керіс, бір-біріне деген көңіл толмаушылық, айыптаулар басталады. Оңай жолмен ақша табуды көздейді.  Осының бәрі жинақтала келе  некенің бұзылуына жол ашады. Екінші басты себеп – ішімдікке салыну, құмар ойындары мен есірткі тұтыну.

Психологтар мұндай қадамын ағат басқандарды айыптауға болмайтынын алға тартады. «Әсіресе бейкүнә сәбилердің тағдырына алаңдауымыз керек. Сондықтан қоғамда «Аналар үйінің» жұмысын арттыруға мән берілуі қажет» дейді психолог.

Біздегі «Аналар үйінің» саны 25 десек, оны қазірде 25 меценат қаржыландырып отыр екен. Аналар үйін паналағандардың ішінде 441 ана жұмысқа орналастырылып, 183-інің құжаттары қалпына келтіріліп, 146-ы тұрғын үйге кезекке тұрғызылған. 112-іне медициналық көмек көрсетіліп, 91-і әкелік құқығын мойындады. 76 балабалабақшаға орналастырылып, 34 ана баспаналы болған.

Мәселен, біздің кейіпкеріміз Айжан да осы аналар тәрізді қазір баласына ота жасатуды күтіп жүр. Алғаш «Аналар үйіне» келгенде Айжанның баласы өте мазасыз болып, күні-түні жылай берген. Медициналық тексеру барысында баланың басында сұйықтық бары анықталған. Қазір бала отаға дайындалуда.

Айта кетерлігі, аналар үйін паналау мерзімі 6 ай. Ал балалар үйінің түлектері бір-бір жарым жыл тұра алады. Кәмелетке толмағандарға 18 жасқа дейін тұруына болады.

Аналар үйінің маманы Гүлнара Әбішова «Көбіне бізге жас аналарды перзентханадан жібереді. Барар жері, басар тауы болмаған соң, өздері тауып келетіндер де бар. Мұнда тамақ, балалардың жөргегіне дейін тегін. Осы жерден кеткен күннің өзінде байланыс үзілмейді» дейді.

Аналар үйінде тұратындар ең алдымен тәртіпке бағынуы керек. Үйді жинау, тамақ әзірлеу үшін кезекшілік ұйымдастырылады. Бұдан бөлек күйзеліске түсіп, тағдыр тәлкегіне ұшырағандарға психологиялық кеңестер беріледі. Аналар үйінен шыққаннан кейін өзгеріп, санасына сәуле еніп өмірін басқа бағытқа бұрып жатқандар да бар. Отбасына қайта оралып, отбасына берекесін келтіретін әйелдер де кездеседі. Қалай десек те қорлық көргенге аналар үйі уақытша демеу болатын орталық. Алайда қазақ қоғамында ажырасудың,  отбасын бұзудың ұят саналатынын есептесек, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі түсініп, сыйласып өмір сүргеніне не жетсін?!

Тегтер: