Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 05 Қаңтар 2021

«Қорықпай қалай жаздырып алып жүрсіз?» дейді...

None
None

«Жас Алашқа» жазылу жыл бойы жалғасады 

       Биыл «Жас Алаш» газетінің 100 жылдығы аталып  өтеді екен. Мерейтойларыңыз құтты, еңбектеріңіз жемісті болып, оқырмандарыңыз көп болсын! Тағы да жүздеген жылдарды артқа тастап, Қазақ елінің сүйікті басылымы бола берулеріңізге тілектеспін. Осы 100 жылдың  60 жылы маған да тиесілі екен. 1960 жылы 14 жасымда комсомолға өтіп, сол замандағы жастар газеті – «Лениншіл жаспен»  таныс бола бастадым. Жаз айында көршілес кеңшарға барып, шөп дайындау науқанында жұмыс атқарған бригаданың бір мүшесі болып, сол заманның талабына сәйкес, алғаш 1961 жылға «Лениншіл жас» газетіне жазылып, содан бері оның тұрақты оқырманына айналдым.

          Ата-анадан ерте айырылған мен әкемнің ағасының қолында қалған екенмін, ол кісі де сорымды қайнатып 12 жасымда марқұм болып кетті де, жеңгеміздің қолында қалдым. Бестөбе алтын кенішінде туып-өскен маған күн көру үшін еңбекке ерте араласуға тура келді. Жетімдіктің зардабын тартсам да, ерік-жігерімнің жасымауына алдымен Алла, сосын  осы «Лениншіл жас» көп септігін тигізді деп есептеймін. Жақын туысы жоқ маған өгей  адамның қолында тұру оңайға соқпады. Қатарымнан қалмай, заман ағымына ілесуге жанымды сала отырып мектепті үздік бітіріп, инженер-механик мамандығын алып, бұйырған қызметтерді атқарып, ел қатарлы жанұя құрып, балалы-шағалы болып, немере-шөбере көруді Алла маған нәсіп етіпті. Студент кезімде газетті сатып алып оқысам, оқуды бітіргеннен кейін, 1970 жылдан бастап, осы уақытқа дейін үзбей жаздырып аламын.

           Астананың Қараөткел деген ауылында тұрып жатқалы алты жылдан асты. Жиырма мыңдай халқы бар (99 пайызы қазақ десем өтірік емес) ауылда «Жас Алаш» газетін жаздырып алатын екі-ақ адам екенбіз. 2015 жылы ғой деймін, пошта таситын әйелмен газет туралы сөз туындап, осы газетті оқып шығуға кеңес бердім. Газетті поштаға барып, өзім алып тұратынмын, келесі бір жолыққанда әлгі әйел: «Аға, газетті оқып шықтым, газетте жазылғандар – барып тұрған соғыс қой! Қорықпай қалай жаздырып алып жүрсіз?» – дегені бар. Расында, солай ғой. Ерейментау жақта, елде жүргендерден де жазылып оқитын адам шамалы болатын. Ауыл кітапханашысынан газет туралы сұрағанымда: «Аудан басшылығы жаздыртпайды, қаражатты басқа басылымдар үшін ғана береді», – деген соң, газеттің тағы бір данасын оқырман көбейсін деген оймен кітапханаға жаздыртып беруді әдетке айналдырған едім. Оқырманың әрқашан көп болсын, «Жас Алаш!»

Тегтер: