Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 20 Шілде 2023

Қос бүлдіршіннің өлімі, тәуелді сот. Қазақстанға өлімі жазасы керек пе?

None
None

Өткен апта елде екі бүлдіршін кісі қолынан көз жұмды. Мұндай жауыздыққа жаны ауырған жұрт Конституцияға өлім жазасын қайта енгізуді сұрап жатыр.

Көпшілік кінәсіз сәбиге көз сүзген педофилдер мен түйені түгімен жұтатын жемқорлар өлім жазасына лайық деп санайды.

Өлім жазасын қайтару туралы бұған дейін де айтылып жүр. Қылмыскерді қылыш жүзінде көргісі келетіндердің дәлелі дәйекті сияқты. Олар кейінгі кезде елде аса ауыр қылмыс көбейіп кеткенін айтады. Әсіресе елдің ен байлығын жеке еншісіндей жалмайтын жемқорлар мен тасада талшыбықтай балапандарды аңдитын педофилдер әбден есірді. Сол үшін «аюға намаз үйреткен – таяқ» деп білетін қазақ қоғамы ауыр қылмыс жасағандар қанымен жауап берсін деп талап қойып отыр.

Бұл талапты қолдайтындар арасында мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де бар екен. Ол кісі Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялап, өлім жазасын қайтаратын кез келгенін айтты. Депутат бала өлтірген жауыздар, террористер және жемқорлар өлім жазасына кесілу керек деп санайды.

«Балаларға қарсы қылмыс – халыққа қарсы қылмыс! Өйткені бала халықтың ертеңі, болашағы! Адамға жан беретін де Алла, жанын алатын да Алла! Бірақ Құдайдың қасиетті кітаптарында да істеген ісіне қарай өлім жазасы рұқсат етілмей ме? Құдайдан қорықпай адамды, оның ішінде баланы жауыздықпен өлтірген хайуандарға, террористерге және мемлекетті вагондап тонаған сатқындарға ату жазасын қайта заңмен бекіту керек емес пе, ағайын?!

Мысалы, әлемнің 86 елінде, кейбір деректе 60 жуық елде өлім жазасы қолданылады. АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея Республикасы, Индия, Египет, БАЭ, Беларусь және басқалар. Индия адам өлтіру, терроризм, зорлау, адам ұрлау, наркотик сату, шпионаж сияқты қылмыстар үшін ең жоғары жаза қолданады. Осы біз гуманизм деп аса ауыр қылмыстарды өршітіп алған жоқпыз ба?» – деп жазды Жаңбыршин.

Әрине, қылмыс жасаған адам жазаға тартылуы қажет. Бұл әлмисақтан бері келе жатқан қағида. Тіпті өлім жазасы да ғасырлар бойы қолданылып келеді. Бірақ өткен ғасырдың ортасынан бастап көптеген мемлекет өлім жазасын алып тастады. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар да әлемді өлім жазасынан бас тартуға үгіттеп келеді.

Оның үстіне адам тағдыры қолында тұрған сот пен тергеушінің әділ шешім шығаратынына ешкім кепілдік бермейді. Әсіресе диктатура үстемдік құрған елде өлім жазасы билік басындағылардың халықты қорқытып ұстайтын құралына айналуы мүмкін. Адамзат тарихында талай бейбақ жазықсыз өлім жазасына кесілген де шығар.

Статистика не дейді?

«Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымы таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылы әлемнің 20 елінде 883 адам өлім жазасына кесіліпті. Атап айтқанда, Иранда – 576, Сауд Арабиясында – 196, Мысырда – 24 және АҚШ-та – 18 адам. Бірақ бұл тізімге Қытай, Вьетнам және Солтүстік Кореяда ең ауыр жаза арқалаған адамдар енген жоқ, өйткені ол елдер мұны мемлекеттік құпия ретінде жасырын ұстайды. Бірақ Қытайда жыл сайын жасаған қылмысы үшін өмірімен қоштасатындар саны мыңнан асады деген болжам бар.

2022 жылға дейін әлемде 112 мемлекет өлім жазасынан толық бас тартты (57%). Кейбір ел мұндай жазаны Конституциядан алмаған, бірақ өмірде қолданбайды (26%). Ал әлем елдерінің 3%-ы соғыс кезі сияқты төтенше жағдайда ғана өлім жазасын қолданады. Былтыр желтоқсанда БҰҰ-ның 125 мүшесі әлем бойынша өлім жазасын алып тастау жөніндегі ұсынысты қолдап, дауыс берді. Қазір дүниежүзінде 14% елде ғана өлім жазасы әлі бар. Оның көбі Азия және Африка елдері. Тіпті Иран, Ирак, Мысыр, Сауд Арабиясы сияқты елдер дарға асу, бас шабу, тас ату сияқты көне заманнан қалған жаза тәсілдерін әлі қолданып жүр.

Дамыған мемлекеттер арасында АҚШ пен Жапония өлім жазасын жойған жоқ. Бірақ олар мұндай үкім шығару үшін жан-жақты тергеу жүргізіп, қателеспеуге барынша күш салады. Мысалы, Жапонияда 1995 жылы Токио метросында жарылыс ұйымдастырған «Аум Синрикё» террористері ісін 23 жыл тергеп, 2018 жылы ғана сектаның 13 мүшесін өлім жазасына кесіпті. Соның өзінде сот қателесіп, жазықсыз жанды өлімге қиған оқиға бұл елдерде де кездеседі. Өлім аузынан ақталып шыққан жандар да аз емес.

Қазақстандағы өлім жазасы

Қазақстанда 2003 жылға дейін өлім жазасы қолданылды. Азаматтарымыз терроризм, соғыс заңын бұзу, президент өміріне қол сұғу сияқты 17 жағдайда осындай ауыр жазаға кесілетін. 2003 жылы желтоқсанда өлім жазасын орындауға мораторий жарияланғанға дейін мұндай жазаға 536 адам тартылыпты. Біздің елде өлім жазасына кесілген ең соңғы адам – 2016 жылы Алматыда полиция бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірді деп айыпталған Руслан Күлекбаев. Бірақ оның жазасы кейін өмір бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Қазақстан бұл жаза түрінен 2021 жылы толық бас тартты.

Өлім жазасы – тарихтағы ең көне жаза түрі

Өлім жазасы – ең көне жаза түрлерінің бірі. Адамзат бастан өткерген кез келген қоғамда өлім жазасы болған. Көбіне адам өлтіру, Отанға сатқындық жасау, терроризм, есірткі сату сияқты ауыр қылмыстарға қолданылады. Кей елде зорлау, азғындық, дінге қарсы шығу сияқты қылмыс үшін де өлімге кеседі.

Мұндай үкім әр елде әртүрлі жолмен жүзеге асады. Ең көп таралғаны – ату, дәрі егу, дарға асу, бас кесу, электрлі орындыққа отырғызу. Ерте заманда үкімді орындаудың басын шабу, терісін сыпыру, ішін жару сияқты аса қатыгез тәсілдері болған.

Есте жоқ ескі заманды айтпағанда, орта ғасырдың өзінде адамды өлім жазасына кесу аса қиын шаруа болмаған. Мысалы, XVIII ғасырда Англияда 223 түрлі қылмыс үшін өлім жазасына үкім кескен. Оның арасында ұрлық, жалған ақша жасау, бақсы-балгерлік сияқты қылмыстар болды.

Бірақ Еуропа елдері үшін өлім жазасынан бас тарту аса қиынға соққан жоқ. ХІХ ғасырдан бастап Сан Марино, Португалия қатарлы мемлекеттер мұндай жазаны Конституциядан алып тастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл үрдіс тіпті тездеді. Оған БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1948 жылы «Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясының» 3 және 5-тармағына «әркімнің өмір сүруге хақысы бар және ешкімге азаптайтын, ар-намысын қорлайтын жаза тағайындауға болмайды» деген қаулы қосқаны әсер етті.

Өлім жазасы керек пе, жоқ па?

Бұл сұрақ төңірегінде көпшілік пікірі екіге жарылады. Кей адам өлім жазасы керек екенін айтса, кейбірі одан бас тартуды ұсынады. Екі жақтың да өз уәжі бар.

Өлім жазасын қолдайтындар «жаза қатаң болса, қылмыс азаяды» деп санайды. Бірақ бұл әлі дәлелденбеген пікір. Кез келген адамның өлімнен қорқатыны рас, бірақ өлімнен қорқып, қылмыс жасамай қояды деп кесіп айту қиын. Мысалы, АҚШ-та өлім жазасынан бас тартқан штаттардағы ауыр қылмыстар саны осы жазаны қолданып жүрген штаттардан аз екен. Канада да осындай жағдай кездескен, ең ауыр жазадан бас тартқан соң адам өлтіру қылмысы азайыпты. БҰҰ 1988 және 1996 жылы екі рет зерттеу жүргізіп, «өлім жазасы адам өлтіру қылмысын азайтатынына ешқандай дәлел табылмағанын» мәлімдеді. Демек, «өлімнен қорқып, қылмыс жасамайды» деген пікір ойға қонымды сияқты көрінгенімен, оған ешқандай нақты дәлел жоқ.

Ал өлім жазасын қолдамайтын топ жазықсыз адамдар қосақ арасында кетіп қалуы мүмкін екенін айтады. Әсіресе Қазақстан сияқты тергеушінің кәсібилігіне, соттың әділдігіне сенім аз елде өлім жазасы екіжүзді қанжар іспетті. Біздің елде тергеушілердің істі тез жабу үшін күдіктіні ұрып-соғып, қылмысты «мойнына іліп жіберуге» тырысатыны жасырын емес. Ал сотымыз биліктің қас-қабағына қарап, солар нұсқаған бағытта жүруге дайын отыр.

Алысқа бармай, сөз басында айтқан екі бүлдіршіннің өліміне тоқталайық. Екеуінде де полиция мен соттың кемшілігі көрініп тұр. Сарыағашта бес жасар қыздың қыршын өмірін қиған азамат бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жыл түрмеде отырған екен, биыл көктемде ауылдасын балтамен ұрып, жаралапты. Ауыр қылмыс жасауы мүмкін осындай адамға сот шартты жаза ғана кескен. Егер ол түрмеде жатқанда, мұндай қанды қылмыс жасай алмайтын еді.

Біздің сөзімізді заңгер Э. Кішкенбаева да қостайды. Оның айтуынша, күдіктіге шартты жаза кескені дұрыс болмаған.

«Күдікті адам өлімі бойынша 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын өтеп 2016 жылы бостандыққа шықты. Ал 2023 жылы мамырда ауылдасымен жанжалдасып, оны балтамен ұрған. Алайда сот шешімі бұрынғы жазасын өтеп шыққанын алға тартып және жәбірленуші тарап оны кешіргенін ескере отырып оған шартты түрде 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кескен. Егер ол 3 жылға темір торға тоғытылғанда 5 жасар қыз мұндай асқан жауыздықпен өлтірілмес пе еді?! Қазір осы қылмыс бойынша ҚР ҚК 99-бабы бойынша адам өлтіру ісі бойынша сотта іс қаралып жатыр. Егер кінәсі толық дәлелденсе, 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – дейді заңгер.

Екінші жағдайда полицейлер қызметіне салғырт қараған сияқты. Жеті жастағы жеткіншектің жақындарынан жиі таяқ жеп жүргенін полиция білген. Біле тұра ешқандай шара қолданбаған. Еліміздегі ең ірі, өркениетті қаланың қақ ортасында кішкентай баланы өгей шешесі ұрып өлтіріп тастады. Бұл ақылға қонбайтын іс. Бұл елде заң дұрыс жұмыс істемей тұрғанын көрсетеді.

Сотына сенім жоқ, біз түгіл АҚШ-тың өзінде нақақ өлім жазасына кесілген тұрғындар аз емес. Америкада 1973 жылдан 2010 жылға дейін ату жазасына кесіліп, «өлім камерасында» отырған 131 азамат ақталып шығыпты. Бір істі бірнеше жыл әділ тергеп, ашық сот ашып, шешім шығарғанның өзінде осынша қателік табылып отыр. Мұндайда біздің елдегі сот жүйесіне сенім артуға бола ма?

Мамандар елде қылмыс санының артуына жазаның жеңілдігі емес, заңның дұрыс жұмыс істемейтіні кінәлі дейді. Кез келген адам жасаған қылмысы үшін лайықты жаза алатынын білсе, тәуекелге бармас еді. Қылмыскерлер жазаланбайтынын ұққан соң есіріп жүр. Демек, депутаттарымыз «өлім жазасын енгізейік» деп сөз қуғанша, заңның дұрыс жұмыс істегенін қадағалағаны жөн. Соты әділ, полициясы адал мемлекетте өлім жазасының қажеті шамалы.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: