Қос Сергейдің сандырағы
Әдеттегі сейсенбінің бірі болатын. Яғни биылғы наурыздың 28-і. Ақтөбедегі РИКА телеарнасының «Факт» бағдарламасы кешкі жаңалықтарын беріп жатты.
Қапелімде Ресейден екі хабар тоғытылды. Президенті Путин бес қазақстандықты Пушкин медалімен марапаттапты. Онымен жарылқанған екі қазақ пен үш өзге ұлт өкілінің төртеуі өнер, біреуі білім саласынан екен.
Бағдарлама жүргізушісі Сергей Долголюк Владимир Путиннің есіміне қайта оралды. Бұл жолы саяси тақырыпта. Өзімен аттас Сергей Иванов дегеннің Ресей президентінің табиғат қорғау, экология және көлік саласындағы өкілі екенін қадай айтты. Сонда мына Сергейдің жеткізуімен ана Сергей Америка Құрама Штаттарын Қазақстанда төңкеріс (революция) жасамақ болды деп айыптапты. Қос Сергей айтуын айтса да, ондай әрекеттің қандай оқиғаға қатысты екенін нақтылауды қажет деп таппапты. Әйтеуір АҚШ-тың әр жыл сайын дүниежүзінің шартарабында – Латын Америкасында, Африкада, Еуразияда дүркін-дүркін төңкерістер ұйымдастырмаса, жегені желім, ішкені ірің болады екен. 1991 жылы КСРО құлағасын бері қарай шүйлігіпті. 1992 жылы жұттан шыққандай жүдеген Тәжікстанды айналдырыпты. Одан кейін қырғыздардың ел билеушілерін бірінен кейін бірін шыдатпай, шетінен қойша қуалауына да кінәлі солар екен. Енді Беларусь пен Қазақстанға ауыз салыпты. Біздегі былтырғы қаңтар қырғыны америкалықтардың қолымен жасалған-мыс.
РИКА жаңалықтарын қазақ тілінде «Тәулік» бағдарламасы таратады. Осы деректердің ешқайсысы сол күні қазақ журналистерінің қаперіне ілікпеген. Бізді шүйліктірген соңғысында шекараның арғы жағындағы бір Сергей көкіген екен. Оны мына Сергей қағып алып, құлағымызға құймаққа әрекеттеніпті. Сонда не құйды? «Фактінің» сол күнгі бейнежазбасын тыңдап, көрсеңіз, ештеңе. Ана Сергейдің тағы нелер айтқанын, сөзіне қандай уәждер келтіргенін білмедік. Мына Сергей «Путиннің өкілі айтты» даңғазасымен қандай да бір сүйеу-дәлелі жоқ «2022 жылғы қазақтар қырылған қаңтар АҚШ қолымен жасалды» деген тыржалаңаш өсекті (Қазақстанда мойындалмаған дәйексіз қаңқуды басқаша қалай айтамыз?) эфирге былш еткізді.
Тоқсаныншы жылдардың басында – Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында республикалық мемлекеттік телеарналарда қызмет атқарғандардың арасында орыс па, басқа ма, әйтеуір өзге ұлттың өкілдері аз болмады. Солардың ауызынан мемлекеттігімізге, елдігімізге, қазақы болмысымызға қатысты жанымызды жарақаттайтын ұшқары пікірлердің шығып жатқанын да еститін құлағымыз естіген. Бірақ тым көсемсіп, көкігендердің одан кейін көгілдір экраннан үн-түнсіз аластатылғандарын да байқадық. Өткенді даттасаңыз да, мақтасаңыз да, ондай кілтипандар құбыр ішімен көрінбей, аққан судай, дау-дамайсыз шешіліп жатты.
Ондай ауыс-түйістер мемлекеттік телеарналарда болған еді. Ақтөбелік РИКА жекеменшік. Иесі басқа ұлттан. Дегенмен «енді қайтемізге» салынбай, мына Сергейдің бұйдасын ана Сергейдің қолынан ажыратудың, өзге елдің өз саясатын көздеген, сойылын соққан, дүмбілез алып-қашпалардан қазақстандықтардың құлағын сақтандырудың жіңішке жолдары да жоқ емес.
Кезінде мекемеде атқарған баспасөз хатшылығында бүкіл БАҚ-ты қадағалау міндетіме кіретін. Солардың арасынан РИКА телеарнасының жымысқы қылығы көзіме түскен. Газет бетіне шыққан апталық бағдарламасы мен нақты берілетін хабарлары үйлеспейді. Заң бойынша эфир уақытының қақ жартысы мемлекеттік тілде болуға тиісті. Газеттегі апталық бағдарламасында солай. Ал іс жүзінде орысшалары қазақшасын көміп тастай береді.
Белгілі бір кезеңді алып, қай сағатта қандай қазақшаның орнына орысша фильмдер мен хабарлардың көрсетілгенін шұқып көрсетіп, облыстық тіл басқармасына мәлімдеме түсіргенмін. Олар оны кідіртпестен сол кезде де осы қазіргі қожайыны меншік ететін РИКА-ға жіберді. Телеарна қожайыны үнсіз қалды. Бәлкім, осы туралы құлақтанған басқа қадағалаушы мекемелерден де заң қағидатын орындау талабы болды ма, телеарна көрсетілімдерінде тілдік тепе-теңдік сақтала бастады.
Облыстық тіл басқармалары қазірде қайнаған жұмыс үстінде. Алайда қос Сергейдің қаузаған тақырыбы ол жолғыдан басқаша. Олар бір-бірін қолдап, жетелегендей көмектесіп, Қазақстан аспанын саяси қаңқуға толтырғысы келеді. Бәлкім, бұл іске «Жас Алаш» араласып, газетте жарық көре қалса, осы мақаланы РИКА қожайынына жіберер. Журналистерінің ауызына ие болуы керектігіне, иіні қанбаған, дәйексіз ақпаратпен халық санасын уламау қажеттігіне көзін жеткізер деп дәметеміз.