Қош бол, Б

УЕФА Ұлттар лигасының кезекті турын Албанияда өткізген Қазақстан футболшылары жергілікті ұлттық құрамадан 1:3 есебімен ұтылып, «Б» дивизионына өтуден күдер үзді.
Ойынға дейін...
Қазақстан құрама командасы Албанияға дейін Монтенегромен жолдастық кездесу өткізіп, тең түсті. Ойында есеп ашылған жоқ. Құраманың бас бапкері Михал Билек негізгі құрамдағы футболшыларға демалыс бергісі келген шығар, алдымен солардың ізбасарларын алаңға шығарды. Олар да іштей ширап жүрген секілді, талайға дейін қарсыластарына дес бермеді. Рас, Юрий Логвиненко бір-екі рет қателесіп, алаң иелері гол соға жаздады. Бірақ қақпашы мен қорғаушылардың шалт қимылы Юрийдің абыройын сақтап қалды. Матчтан кейін сөз алғандар Қазақстан футболын мақтап, азулы қарсыластан сырт алаңда ұпай алу ердің ісі дегенге дейін барды. Дұрыс шығар.
Сол күні Албания Косованы қабылдады. Бірінші таймда есеп ашып, өз деңгейін байқатты. Содан кейін қарсыластар бір-бір голдан соғып, матч алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ойыннан кейін сөз алған Албания құрамасының бас бапкері Эдоардо Рея өз жігіттеріне жылы сөз аямады. Бірақ ол үшін келесі екі кездесу маңызды екенін атап өтті және бірінші кезекте Қазақстанды ұту керегін шегелеп айтты. Айлар бұрын өз алаңында Литвадан жеңілген команданың турнир кестесіндегі жағдайы, шынында да, мүшкіл еді. Алматыда тең түсіп, Беларусьпен де батыл ойын көрсете алмаған албандар төртінші топтың серкесінен аутсайдеріне айналды. Жарамды деген жігіттері ашылып ойнай алмады. Қақпашы Брешиа да қаңғыған допты қақпасына дарыта беретін дарынсыз секілденді. Яғни матч басталмай тұрып кімнің шоқтығы биік екенін бағамдау қиынға соқты.
Рас, Қазақстанның бірнеше футболшысы түрлі себептермен матчқа қатыса алмайтыны анық еді. Мысалы, ЦСКА сапындағы Бактиер Зайнутдиновке армияшылардың дәрігері рұқсат бермеді. Бауыржан Исламханның басы дауға ілігіп, мәселе бір шешімін тапқанша футболдан сырт жүретін секілді. «Рухтағы» Васильевтен коронавиурс табылыпты. Қорғаушы Малый жарақат алыпты. Алғашқы екеуі әбден керек еді, әрине. Өзгелерінің бар-жоғы аса білінбейтін. Ендігі сұрақ «Билек кімдерге сенім артуы тиіс» төңірегінде өрбіді. Қақпаны Стас Покатиловқа сеніп тапсыруға болады, сол қанатта Ғафуржан Сүйімбаев пен Ян Вороговский жүрсе жарасатын еді. Оң қапталда қорғаушы Марат Быстров, ал оның ар жағына Максим Федин сұранып тұрды. Жартылай қорғаныс дейміз ғой. Орталық қорғаушылардың ішіндегі жарамдысы Нұрәлі Әліп пен Александр Марочкин. Қасына Юрий Логвиненконы қосып қойса, құба-құп. Ортадан Асқат Тағыберген мен Айбол Әбікен және Исламбек Қуат ойқастап шықса, олар реті келгенде шабуылшы Абат Айымбетовке доп жеткізіп тұрса қандай ғанибет! Бұл, әрине, біздің долбар. Билектің мүлде басқаша ойлайтынын жақсы білеміз және солай болатынына шүбә келтірмедік те.
Ойын...
Командалар құрамымен танысқан сәтте түсіндік. Билек мүлде өзгеше тактикалық шешім қабылдапты. Екі шабуылшымен ойнауды ұйғарған. Абаттың қасына Алексей Щеткин қосылды. Оң қанаттағы жартылай қорғаушы – Ян Вороговский. Абзал Бейсебеков Қуаттың маңында. Қорғаушы Олжас Керімжановқа де сенім артылыпты. Асқат Тағыберген мен Максим Федин және Юрий Логвиненко қосалқы құрамда. Бас бапкер бәрін біліп тұр деп топшыладық. Негізі, солай болуы тиіс еді. Екі шабуылшы шыққан соң, бірден алға ұмтылуы тиіс еді. Солай болды да. Алғашқы 10 минутта Қазақстан құрамасы Брешиа қорғаған қақпа маңында бұлт үйірді. Тіпті қатарынан үш рет бұрыштан доп берді. Мұндай екпінді қарсыластар күтпесе керек. Ес жинай алмастай көрінді. Дегенмен теориялық тұрғыда аса сабақ алып, алса да, түйсіне қоймаған біздің құрама 14-минуттан бастап білгенінен жаңыла бастады. Жаңағы қысым уақытша леп екенін сезген алаң иелері енді допты өз аяқтарына көшірді. Жылдам ойнауға тырысып еді. Біздің қорғаныс сыр алдырды, бұрыштамалар саны жағынан ұзап шыққан қарсыласты демде қуып жетіп, жеңіске кімнің жақын жүргенін ұқтыруға тырысты. Оған көп амал-шарғы да қажет емес еді. Он алтыншы минутта Сокол Чикаллеши есеп ашты. Қорғаныста кімнің қателескені маңызды емес. Біздің ұғымда бас бапкер өз шәкірттеріне кімнің неге жауапты екенін жете түсіндіре алмаған.
Ол – ол ма? Біздің ойын мүлдем сұйылып кетті. Мінез танытады деген Ян Вороговский алаңнан өзін таба алмай қалды. Қуаттың да қуаты кеміген бе, әлде ол да теориялық сабақта ұйықтап отырған ба, ойын үйлестіру қайда, оны өрбітудің жолынан гөрі доп жетектеген қарсыластарының тірсегін көбірек іздеген секілді. Жиырма үшінші минутта Ардиан Исмайли нәтижені еселеді. Сол мезетте біз үшін бүкіл әлем тоқтап қалғандай сезілді. «Б» қайда, күзде Билектің де қазақ футболындағы тағдыры шешіле қалғандай көрінді. О, ғажап! Келесі минуттағы кереметті футбол маңындағылар енді талайға дейін ертегі секілді айтып, бейнекөріністі бір-біріне тарту ретінде жолдап жүретіні анық. Ойынды ортадан бастаған Абат допты Айболға ысыра салды. Ардиан голын әуе жайылып тойлап кеткен Брешианың өз қақпасынан ұзап кеткенін байқаған Әбікен бірден допты солай қарай тебе салды. Бір сұмдықтың таяғанын Брешиа да байқаған секілді. Жан дәрмен өз қақпасына ұмтылды. Ызадан жарыла жаздап жүрген намысты Айбол ақырын тебе ме, қуатты аяқтан тебілген зеңбіректің оғындай ысылдап барып қақпаға дарыды – гол!
Жоқ, таразы басы теңескен жоқ. Доп айырмасын ғана қысқарттық. Дегенмен күнде кездесе бермейтін гол тіркелді. Матчты осы жерден аяқтаса, бәріне де тиімді болар еді-ау деп ойлап қоямыз іштей. Оған футбол заңы, жарыс тәртібі көне ме? Кездесу қайта жалғасты. Қалған уақытта алаң иелері және бір гол соқты. Үзілістен кейін, екінші таймда, матчтың 62-минутында Рей Манай 11 метрліктен мергендік танытты. Қорытынды есеп – 3:1. Албания жеңіске жетті. Михал Билек шәкірттері енді Алматыда Литвамен шеберлік байқасады. Ұта алмасақ, «С» тобында қалудың өзі мұң болады.
Ойыннан кейін...
Матч аяқталған соң, бас бапкер Михал Билек сөз алды:
— Иә, 1:3 есебімен ұтылдық. Үш голды да қалай жібергенімізді көрдіңіздер. Екінші таймда Сүйімбаев пен Вороговскийде гол соғатын мүмкіндік болды. Егер екеуінің бірі мергендік танытып, есеп 2:3-ке жеткенде тағы бір доп соғып, таразы басын теңестіру мүмкін еді. Албания сапалы футбол көрсетті. Жүйелі ойынға көшті, жақсы шабуылдады. Өйткені шабуылшылары мықты. Допты жақсы ұстайды. Өкінішті, әрине. Жақсы нәтижеге жете алмадық. Бірақ алда тағы бір матч бар – Литвамен. Иә, ол да тартысқа толы ойын болады. Жеңіске жетуіміз керек.
Мұндай жауап Михалға ғана тән. Сыпайы, сезімін ірке алады. Егер екінші гол соғылса, үшіншінің де болуы мүмкін екеніне шүбә келтірмейді. Албанияның мықты екенін мойындап отыр. Бәрі заңды. Тек осы пікір Қазақ елінің жанкүйерлеріне қалай әсер етеді? Разы ма, олар бас бапкерге? ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтхожин: «Ұлттық құраманың кез келген сәтсіздігін тұла бойымнан өткіземін. Қатты уайымдаймын. Бірнеше негізгі құрам ойыншыларының жоқтығы және кейбір жеке қателіктер осы нәтижеге алып келді. Ал команда көшбасшыларының орнын басқандар жан аяған жоқ. Шамасы келгенше ойнады», – депті. Қандай талдау! Сонда бүкіл футболымыз Бактиер мен Бауыржаннан тұрады екен ғой. Иә, олар сөзсіз қажет ойыншылар. Бірақ кеше екеуі шыққанда тас-талқан етіп ұтар едік деп ойлау қисынға еш келмейді. Мәселе басқада. Сол ҚФФ аталатын ұйымдағы олқылықтар көзге ұрады. Ол туралы жақ ашу Азамат мырзаға жараса ма? Матчтан кейін сөз алған Ян Вороговский: «Теріс нәтиже үшін кешірім сұраймын. Бұл футбол ғой, ондай болып тұрады. Не десеңіз де, біз өсу үстіндеміз. Деңгейіміз біршама көтерілді. Алда әлі талай жеңістер болады», – депті. Сылтау да буыннан буынға көшіп жүре береді екен-ау. Жиырма жыл бұрын да осылай естілуші еді, ойыншылардың жауаптары. Он жыл бұрын да. Әлі өзгермепті. Ендеше біздің футбол да жуық арада өзгере қоймас.