Қостанай облысының өрт сөндірушілеріне жаңа форма мен техника сатып алынады
Өрт сөндіруші – бір сезгілде өрт сөндіруші, құтқарушы және медицина қызметкері қызметін атқара алатын маңызды, қажетті мамандық.
Кәсіби ерекшеліктерге байланысты бұл мамандыққа кез келген адам жарамайды, өйткені ол физикалық қана емес, әрі психологиялық дайындықты да қамтиды. Бұл кәсіп денсаулық пен өмірге қауіпті мамандықтар рейтингінде көш бастап тұрғандардың бірі. Өрт сөндіруші болып жұмыс істеу үшін теориялық білімнің болуы жеткіліксіз. Адамдар мен олардың мүлкін сақтау, сондай-ақ апатты жою кезінде өздерінің аман қалуы үшін бұл кәсіптің өкілдері үнемі дайындық пен біліктілікті арттыруды қажет етеді. Өрт сөндіруші – кәсіби түрде өз өмірін қатерге тігетін адам. Сондықтан да олардың жұмысын атқаруда қажетті құралдардың болуы, билік тарапынан қаржылық қолдау болуы орынды деп есептейміз.
Қостанайда облыстық мәслихаттың бюджет комиссиясының төрағасы Бауыржан Тибеевтің айтуынша, стандартқа сәйкес өртке қарсы бекеттер қазіргі көрсеткіштен екі есе көп болуы керек. Бүгінде үшеуі бар болса, оның екеуі бейімделген ғимараттарда орналасқан.
Салыстыру үшін айта кетейік, аумағы мен халқы азырақ Петропавлда бес өрт сөндіру бекеті бар, оның үстіне, алтыншысының құрылысы жүріп жатыр.
2023 жылы облыстық бюджеттен Әулиекөлдегі өрт сөндіру бөлімінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жобасын әзірлеу ғана қаржыландырылады. Сонымен бірге, өткен жылдың қараша айында облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жарияланған ақпаратқа сәйкес, «Агромашхолдинг» АҚ ауданында өрт сөндіру бекетінің құрылысының жобасы әзірленуде.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс қалаларында өрт сөндірушілер 41% жағдайда кешігіп келеді. Көбінесе бұл өрт сөндіру бекетінен тұтану орнына дейінгі қашықтыққа, ескірген жабдыққа байланысты. Халық қалаулылары өңірге өрт сөндіру бекеттерін салып, лизингке жаңа техника сатып алу керектігі мәселесін көтеріп жатқаны белгілі.
2023 жылға арналған бюджетте арнайы көліктерге, соның ішінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару машиналарына 428 миллион теңге бөлінді. Бұл бір аймаққа барлығы сегіз техника, соның ішінде өртті сөндіруге қатысатын үш техника бөлінетінін білдіредді. Тағы 190,8 млн теңгеге құтқарушыларды қорғау үшін байланыс құралдары, жабдықтар, тыныс алу аппараттары сатып алынады. Өрт сөндірушілерге де жаңа қорғаныс киімдері беріледі. Бұл үшін бюджеттен 44,2 млн теңге бөлу қарастырылған.