Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршіннің сүйегін сындырған – министрлік
Оқу-ағарту министрлігіне ата-аналардан тәрбиешілердің балаларға қол көтеруіне, денсаулығына зиян келтіруге, сондай-ақ балабақшада балаларға жасалған сапасыз жағдайға және кейбір жекеменшік балабақшалардың жосықсыз жұмысына қатысты шағымдар әлі түсіп жатыр.
Ата-аналар балабақшалардың қызметін ешкім реттемейтінін айтып, шара қолдануды талап етіп жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді қатты тартып, салдарынан оның сүйегі сынып кеткен. Тәрбиеші жұмыстан босатылды, ал балабақша директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Осыған ұқсас оқиға Орал қаласындағы жекеменшік балабақшада да болған, онда тәрбиеші кішкентай қызды соққыға жыққан. Ата-аналардан Оралдағы тағы бір жекеменшік балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шағым түсті. Балалар ата-аналарына тәрбиешінің ұрғанын айтып шағымданған. Тәрбиеленушілердің айтуынша, оларды бірнеше ай бойы ұрып-соғып келген. Балалар тәрбиешісінен қорыққандықтан осы уақытқа дейін ата-аналарына ештеңе айтпай келген. Оның балаларды қатаң жазамен қорқытқаны белгілі болды. Балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларға балабақшадағы бүлдіршіндердің түрлі жарақаттары туралы ақпарат күн сайын түсіп жатыр. Бұл педагогтердің балаларға дұрыс қарамайтынын көрсетеді», — делінген хабарламада.
Қызылордада жекеменшік балабақшада бүлдіршіндерді қараусыз қалдыру фактілері тіркелді. Далаға өз бетімен шығып кеткен балаларды қаланың тұрғындары тауып алған. Дәл осындай жағдай елордалық балабақшада да болған. Тәрбиешілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Құқық бұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беруді енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз», — деді Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.