Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:42, 25 Ақпан 2022

Қосылған қаржыны қайтару кімге олжа?

None
None

Облыстағы балалар үйінің жұмысшылары табан астында мемлекетке 35 миллион теңге қарызға батып отыр.

Мұндай жағымсыз хабар аймақтағы  алты бірдей жетім балалар мекемелеріне келіп түскен.

–  Қазір 60 мың теңге жалақы алып жүрмін. Үш жыл бұрын еңбекақым 30 мың теңге болатын. Осында он жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мен 367 мың теңге берешек болдым. Үш жылдан бері жалақыма қосылған үстемақының жалпы мөлшері осындай. Қомақты қаржыны қайдан аларымды білмей, сары уайымға салынып жүрмін. Әлгі қаражатты өтей алмасам, жарты жыл тегін жұмыс істеуім керек екен, –  дейді Қарағанды қаласындағы «даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған» балалар үйінің киім таратушысы Гүлбану Әбдірахманова.

Аталған коммуналдық қазыналық кәсіпорынның есепшісі Татьяна Рассказимова:

–  Еңбекақыға қосымша ақы төлеуді біз білім басқармасы тарапынан қабылданған шешімге орай іске асырдық. Бізде 28-30 мың теңге айлық алатын әріптестеріміз бар. Олар борышынан қалай құтылады? Аудиторлардың бұл жолғы тексеріс нәтижесі ақылға сыйымсыз болды, –  деген уәж айтып отыр.

Мәселенің мәнісі мынада: 2018-2021-жылдар аралығында аймақтағы барлық балалар үйіндегі жұмысшылардың еңбекақысына 5 мың теңге үстемақы қосылып келген. Қосымша ақы төлеу сол жылдары еліміздің білім және ғылым министрлігі мен білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының салалық келісімі аясында іске асқан. Былтыр аталған мекемелерге тексеріс жүргізген ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдері қосымша ақы тәрбиешілерге ғана тиісті, ал жұмысшыларға үстемақы төлеу қисынсыз деген ұйғарым жасаған. Балалар үйлерінің ұжымы сотқа да өтініш жолдаған. Бірақ Қарағанды облыстық экономикалық соты аудиторлық шешімді мақұлдаған.  Төлемақыға қатысты даудың заңдылық сипаты жайында жоғарыдағы балалар үйінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Самат Бакенов былай дейді:

– Біздің негізгі жалақымыз 17 мың теңгеден сәл ғана асады. 2007 жылғы 29 желтоқсандағы министрліктің №1400 қаулысына сәйкес, ата-ананың қамқорлығынан тыс қалған балалармен жұмыс істегені үшін 30 пайыз үстемақы төлене бастады. Бұл қаражатты мұғалімдермен қатар, ұжымдағы жұмысшылар да алып келді. 2015 жылы шыққан №1193 жарлық негізінде,  жәрдемақы төлеу туралы тармақ сол бетінше сақталды. Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдың ақпанында қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетіне арнайы хат жолдады. Онда, «Еңбек кодексіндегі» ұжымдық шарттардың талаптарына сәйкес, жетім, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтіндердің еңбекақысына  қосымша төлемдер қосу мәселесі  белгіленген. Алайда, былтыр ішкі аудиторлық тексеруден соң, біздегі 70 көмекші қызметкер мұндай мүмкіндіктен айырылды. Енді, біздің мекеме жалпы сомасы 9 миллион 800 мың теңгеге жуық қаражатты кері қайтару керек. Бұл дегеніңіз, үш жылдың қосымша ақысы.  

Амалы таусылған аймақтағы балалар үйінің жұмысшылары енді ішкі мемлекеттік аудит департаментінен келетін ресми жауапты күтіп отыр.

Одан қайыр болмаса, қарапайым еңбеккерлердің әрқайсысы қазынаға кемінде 300-400 мың теңге аударуы керек. Айлығы 60 мың теңгеден аспайтын еден және ыдыс жуушылар, күзетшілер, тігіншілер тиісті мөлшердегі ақшаны қайтаруға қауқарсыз екендіктерін ашық айтып отыр.

Тегтер: