Қожахметов сайлаудан шеттетілді
Бүгін Қазақстан баспасөз клубында белгілі қоғам қайраткері Асылбек Қожахметов журналистерге арнап баспасөз отырысын өткізді.
Асылбек Қожахметов Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Парламент Мәжілісіне бір мандаттық жүйемен кандидат ретінде тіркелген-ді, кеше саясаткер аяқ астынан «аламаннан» шығып қалыпты.
Баспасөз отырысында саясаткердің өзі және сенімді өкілі Дос Көшім бұл шеттетудің заңсыз екенін атап өтті. Сонымен, Қожахметов сайлаудан не үшін шеттетілді?
Тіркеудің күшін жоюға Алматы қаласының Бостандық ауданының мемлекеттік кірістер департаменті берген мәліметтер себеп болған көрінеді. Қожахметов салық декларациясына дұрыс мәлімет бермепті. Яғни ол 2001 жылы тіркелген «Бизнес көшбасшы» басқару ойынының телевизиялық сценарийіне авторлық құқықты атап өтпеген. Алайда саясаткер оны ешқашан пайдаланбағанын айтып отыр. Дос Көшімнің айтуынша, авторлық құқық — бұл актив болып табылмайтын, декларациялауға жатпайтын жеке мүліктік құны жоқ құқық. Саясаткер мұны үміткерлер тізімінен сызып тастаудың бір сылтауы деп түсіндірді. Оның айтуынша, бұл екінші реткі аяқтан шалу көрінеді. Біріншісінде Қожахметов ОСК арқылы өз құқығын қорғап қалыпты. Мынау екіншісі, әрі еш қисынға келмейтін сылтау деп мәлімдеді.
Дос Көшімнің айтуынша, бұл саясаткердің конституциялық құқығын шектеу. Өйткені телебағдарламаға авторлық құқықты көрсетпеу декларацияға жатпайтын көрінеді. Айтпақшы, бұған дейін де тіркеуден шеттетілген кандидаттар болған, мысалы Сұлтанхан Аққұлы өткен аптада тіркеуден сызылып қалып, кейін қайта тіркелді.