Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:15, 31 Қаңтар 2026

QSI элиталық мектебінде оқыған оқушының әкесі іс бойынша тергеушіні ауыстыруды сұрады

Мектеп
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы QSI элиталық мектебінде оқитын 16 жастағы оқушы қыздың әкесі Қанат Амиркин қызының суицид жасауға әрекеттену дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеушіні ауыстыруды ресми түрде сұрағанын мәлімдеді.

Әкесінің айтуынша, қыздың жағдайы біршама жақсарған: ол реанимациядан басқа палатаға ауыстырылған. Сонымен бірге Қ. Амиркин тергеу барысындағы кейбір жайттарға көңілі толмайтынын айтып, істі жүргізіп отырған тергеушінің әрекеттерінен алдын ала қалыптасқан көзқарас байқағанын жеткізді.

— Тергеуші фактілерді сабырмен тіркеп, істі объективті жүргізудің орнына әңгімені біздің отбасымызды кінәлі етіп көрсетуге қарай бұрғандай әсер қалдырды. Сұрақтардың қойылуы мен үн-тон айқын арандатушылық сипатта болды, мені эмоцияға беріліп, әңгімені істің мәнінен айыптауға қарай бұруға тырысқандай, — делінген Қ. Амиркиннің мәлімдемесінде.

Осыған байланысты ол аталған құқық қорғау органының қызметкеріне қатысты сыбайлас жемқорлық белгісі бар-жоғын тексеруді талап етіп, қосымша шағым түсіруге ниетті екенін айтты.

Бұған дейін Қанат Амиркин қызының QSI мектебінің ғимаратында суицид жасауға әрекеттенгенін хабарлаған еді. Оның сөзінше, бұл жағдай сыныптастары тарапынан ұзақ уақыт бойы көрсетілген қысым мен буллингтің салдары болған. Әкесі бір жыл бойы мектеп әкімшілігінен нақты шара қабылдауды сұрағанымен, тек формалды жауаптар алып келгенін айтады.

Оқиғадан кейін Алматы қаласының Білім басқармасы арнайы мониторингтік топ құрды, ал полиция қызметкерлері тергеу амалдарын бастады. Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Диана Ерлан жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеп, тексеру аяқталғанға дейін расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.

Ал QSI мектебі аталған оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.