«Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
Сонымен, елімізге ресейліктер ағылып келіп жатыр. Қазір көрші елдің көңіл күйі бұзылып, саяси жағдайынан бөлек, әлеуметтік-экономикалық ахуалы да мәз емес.
Біздің айналамызда «ауқымды соғыс жүріп жатқанын» күні кеше Түркістан сапарында президент Тоқаев та мәлім етті. Мемлекет басшысы мұндай жағдайда елді «бірлік, парасаттылық, төзімділік» құтқаратынын баса айтты.
Хош, халық өз ішінен бүлінбей, бірлігін бекемдесін делік. Бірақ біздің атқарушы билік экономикамызды тұқыртпау үшін мұндайда не істеуі керек?! Сала мамандарының пайымдауынша, нақ қазіргідей кезеңде еліміздің Ұлттық банкімен, ұлттық экономика министрлігі жанығып жұмыс істеп, үкіметке қайта-қайта ұсыныстар ұсынуы тиіс. «Ең алдымен, осы екі ведомствоның жұмысы белсенді болса, экономикамызға үлкен демеу болар еді» деседі мамандар.
Ал енді неліктен аталмыш екі ведомствоның жұмысы ширақ болуы керек?! Бұл сауалымызға жауап берген мамандардың айтуынша, болашақта Ресей үшін мобилизацияға шақырылған 300 мың адамды айлықпен қамту, олардың тамағын беріп, қаруын қолына ұстату оңай болмайды. Бюджетке қосымша шығын келеді. Осы шығынның орнын толтыру үшін Ресей билігіне алдағы уақытта рубльді көбірек басып шығарға тура келеді. Олар рубльді көптеп басып шығарғаннан кейін, долларға шаққанда, ресейлік валютаның бағасы төмендей береді. Ал рубль құнсызданса, теңгенің соңынан еретіні даусыз.
Міне, алдағы уақытта еліміздің бас банкі мен ұлттық экономика министрлігі осы жағдайды реттей алуы керек. «Біздің үкімет «рубль мен бірге теңгені де әлсіретеміз» деп ала шапқын болып кетсе, ол қиын. Сондықтан бұл арада сауатты шешімдер қабылдануы тиіс», дейді мамандар.
Сарапшылардың пайымдауынша, егер рубльдің артынан ілесе берсек, мұның біз үшін бірнеше ауыр сценарийлері болады. Біріншіден, мұндай жағдайда ресейлік тауарлар қатты қымбаттап кетеді. Ұлттық банк инфляцияға ие бола алмай қалады. Қазір де ие болып отырған жоқ. Бұдан бөлек, Ресей болашақта азық-түлік импортын тоқтатуы да бек мүмкін. Себебі қазірдің өзінде Ресейде азық-түлік тапшылығы туындай бастаған. Бұрын ішкі нарығын Батыстан келетін азық-түлік өнімдерімен толтырып отырған Ресейдің бүгінде ішкі нарығы бос қалған. Норвегия, Греция, Австралия, Аргентина, Канада елдерінен ауыл шаруашылығы өнімдерін аста-төк алатын көрші ел қазір біршама өнім түрлерінен аса тарығып отыр.
Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, осы тұста Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банкі отандық өнім өндірушілерге нақты қолдау білдіретін сауатты ұсыныстарды үкіметке ұсынуы тиіс.
— Келешекте Ресей өзіндегі тапшы дүниесін Қазақстан арқылы толтыра бастайды. Бірақ көпшілік өнімдер мен тауарлар өзімізде жеткіліксіз. Біз өзіміз импортқа тәуелдіміз. Осы арада сауатты әрекет етсе, кәсіпкерлік ортаны дамытатын үлкен мүмкіндік туар еді. Ол үшін Ұлттық банк тек ақша-несие саясатын реттеп қана отырмауы керек. Бас банк ретінде елдегі бизнесті қаржыландыруға, кәсіпкерлерге арзан несие беруге байланысты тың идеяларды ортаға салуы қажет. Банк пен отандық өндіріс арасында тығыз байланыс орнату керек. Елде жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға назар аударып, мал бордақылайтын орындардың маңынан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді. Бұдан бөлек, біздегі бағалар мен тарифтердің өсуі тұрғындардың тапқан табысынан әлдеқайда жоғары. Азық-түлік бағасының қымбаттауы мен коммуналды төлемақының үздіксіз өсуі көпшілік азаматтардың тұрмыстық мәселелерін қиындатып та жібергені жасырын емес. Осыған байланысты ұлттық экономиканы қорғап қалу мақсатында ұлттық экономика министрлігі үкіметке тың идеялар ұсынғаны абзал, – дейді Жаңабай Алдабергенов.
Маманның пайымдауынша, елдегі монополистердің бағаны орынсыз деңгейде өсіруіне жол бермейтін сәт әлдеқашан туды. Сондықтан бағаны өсірмеуді арнайы бір министрлікке жүктесек, отандық өнім өндірушілерге тарифтерді төлеу арзанға түсіп, жұмыс істеу барынша жеңілдейді. Бұдан барып, өнім өндіру көлемі де, сапасы да артады. Отандық өндіріс нақты қолдауды сезініп, жұмысы алға басады. Жалпы, экономист мамандардың пайымдауынша, ауыл шаруашылығын дамытуды бір ғана ауыл шаруашылығы министрлігіне таңып қою дұрыс емес. Бұл шаруаны Ұлттық экономика министрлігіне де жүктеу керек.
Сөйтіп, мамандар айтып отырғандай, Ресейдегі жағдайға байланысты біздегі министрліктерге және Ұлттық банкке тың серпіліс керек. Әсіресе, аты айтып тұрғандай, бүкіл ұлттық экономикаға жауапты ұлттық экономика министрлігінің жұмысы ұтқыр, әрі ұшқыр болуы қажет. Алайда экономистердің бір парасы «бізді тап қазір министр Қуантыров та қуантпайды, бас банкир Пірматовтан да пайда жоқ. Олар жағдайды бақылауда ұстай алмайды», деп те ашынып отыр.
«Себебі бізде үкімет мүшелеріне бақылау аз, министрлердің жұмысы шабан. Енді ғайыптан тайып, осы самарқаулықтан арыламыз деу қиын. 30 жыл бойғы бір ізден әлі шыға алмай келеміз. Мұнымен қайдан серпілеміз, өкініштісі – осы», – деседі мамандар.