Қуаныш Дәурембеков: Жасалып жатқан жұмыс көп, нәтижесі де бар
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры, тарихшы Қуаныш Дәурембековпен болған сұхбатымызда тарихи объектілерге жататын нысандарға қатысты қандай жұмыстар жасалғанын, ішкі туризм әлеуетін арттыру бойынша не атқару керектігін сұрадық.
–Қуаныш мырза, Тараз топырағында тарихи мұра объектілеріне жататын қандай құнды жәдігерлеріміз: қоныстар, қалалар, бекіністер, ескерткіштер бар? Олар несімен ерекше, несімен құнды?
–Жамбыл облысы әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-сі 2004 жылы 26 ақпанда Жамбыл облысы әкімінің №40 қаулысымен құрылған.
Мекеменің негізгі мақсаты өңірде орналасқан тарихи-мәдени ескерткiштерге археологиялық ғылыми-зерттеу, ескерткіштерді анықтау, есепке алу, мониторинг жұмыстары, қорғап, сақтау және қайта-қалпына келтіру (реставрация) мен танымалдылығын арттыру жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Бүгінгі күні Жамбыл облысында археологиялық, қала құрылысы және сәулет, монумент және өнер құрылысына қатысты барлығы 3512 тарихи – мәдени ескерткіш орналасқан және мемлекеттік тізімге алынған.
Соның ішінде: ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне 2014 жылы бес ескерткіш (Ақыртас сарай кешені, орта ғасырлық Қостөбе, Өрнек, Құлан және Ақтөбе-Баласағұн қалашықтары) енгізілген. Республикалық дәрежедегі ескерткіштердің саны – 25-ті құраса, жергілікті маңызға ие тарихи-мәдени ескерткіштер саны – 698, алдын ала есепте тұрған ескерткіштердің жалпы саны – 2784.
–Тараз өңіріндегі тарихи объектілерді қорғау және қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр? Кезек күттірмейтін немесе қорғау, қалпына келтіру бойынша жедел қолға алатын объекті деп қай нысандарды атайсыз?
– Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, түгендеу және мемлекеттік есепке алу барысында «Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің он томдық жинағы» жарық көрді. Жинаққа облыс көлемінде орналасқан он ауданмен Тараз қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер енгізіліп тізбеленді және қысқаша сипаттамалары жазылып, географиялық кординаттары нақтыланды. 2009-2015 жылдардағы ауқымды жұмыс нәтижесінде ескерткіштердің саны 2009 жылғы 1086 сандық көрсеткішінен бүгінгі 3512-ге (айырмасы 2426) артты. Айта кетерлігі – бүгінгі күні республика бойынша аталмыш тарихи-мәдени ескерткіштердің жинағын толық шығарған облыс тек Жамбыл облысы болып отыр.
Адам қолымен жасалған әрбір өнер туындысы, ата бабамыздан қалған жәдігерлер болсын және алдағы өткен тарихымызға қатысты тарихи ескерткіштер қашанда өз құндылығын жоғалтпайды. Себебі ұлт болып ұйысқаннан кейін, мемлекет болып құрылған соң біздің өткенімізді әлемге көрсетіп дәлелдейтініміз, ол тарихымыз және тарихи-мәдени ескерткіштеріміз. Сондықтан барлық нысандарымыз құнды болып саналады.
Тарихи құндылығымызды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында 2022 жылы мекеме тарапынан төмендегідей жұмыстар атқарылды. Солардың бір парасына тоқталып өтсем.
Заң талаптарына сай Жамбыл облысында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағын белгілеу бойынша аудандармен бірлесіп мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 724 ескерткіштің тұрақты жер пайдалану мемлекеттік АКТ-ы дайындалды. Шу және Т.Рысқұлов аудандарда орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағына қатысты далалық археологиялық барлау және құжаттама жұмыстары жүргізіліп, 127 тарихи нысанның географиялық кординаттары нақтыланды.
Облыс әкімдігі жанынан құрылған «Жамбыл облысындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау» жөніндегі комиссия отырысының шешімімен облысқа еңбегі сіңген аса көрнекті 17 тұлғаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі №77 бұйрығына сәйкес мемориалдық тақта орнатуға келісім берілді.
ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы №103 бұйрығына сәйкес мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа, Сеңкібай батырға және жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға ескерткіш орнату бойынша келісім алынып, тұлғалардың еңселі ескерткіштері орнатылды.
2022 жылы ескерткіштерге мәртебе беру бойынша 15 тарихи-мәдени ескерткіштерге ҚР Заң талаптарына сәйкес сараптама жұмыстары жүргізіліп, Жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізуге Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған комиссияның келісімі алынды.
2022 жылдың жылдық жоспарына сәйкес сәуір-қараша айларында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабына сәйкес сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз ету үшін мекеменің қызметкерлері Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандары аумағында орналасқан ерте және орта ғасырларға жататын (археологиялық ескерткіштер) қалашықтар, қоныстар, бекіністер мен төрткүлдердің, Байзақ, Талас аудандарында орналасқан Ақкесене бекінісі, Ақтөбе, Ақмола, Ілебай датқа, Ноғай ишан кесенелерінің (қала құрылысы және сәулет ескерткіштері) сақталу дәрежесін анықтау, техникалық жағдайын зерделеу, тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарында заңсыз құрылысты анықтау, пайдаланушылармен (меншік иелерімен) қорғау міндеттемелерінің сақталуы бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізді.
ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Тарих және мәдениет ескерткішінің паспортын ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» №82 бұйрығына сәйкес облыс көлемінде орналасқан Жергілікті дәрежедегі 698 тарихи-мәдени мұра объектілерінің паспорты жаңартылды.
Сонымен қатар тарихи-мәдени нысандардың танымдылығын арттыру мақсатында «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасын» дайындау жобасы жүзеге асырылды. Жоба барысында арнайы сайт ашылып, жинақталған материалдар енгізілді. «Қасиетті Қазақстан» атты кітап жарық көріп, кітапқа облыс көлеміндегі 82 тарихи-мәдени ескерткіш енгізіліп, сипаттамалары жазылды.
–Тараздың тасын түртсең тарихтан сыр шертетін киелі, қасиетті өлке. Өңірдегі ішкі туризмнің әлеуеті қалай? Саяхатшылар қай объектілерге көбірек ат басын бұрады? Қай нысанның туристік әлеуетін арттырып, инфрақұрылымын дамыту қажет деп ойлайсыз?
–Әрине, ондай нысандар бар. Облыс әкімдігінің қолдауымен Жуалы ауданында «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан орта ғасырлық Бурнооктябрьск (Баркуаб ҮІ-ХІІІ ғғ) қалашығындағы тоқтап тұрған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары өз жалғасын тапты. Зерттеу барысында қалашықтың кірпіштен қаланған қамал қабырғалары, тұрғын бөлмелер, жерасты құдығымен дәліздер ашылды. Әртүрлі керамикалық ыдыстардың қалдығы, дән үккіштер мен тастан жасалған еңбек құралдары табылды. Сондай-ақ осындағы тұрғын халықтың егін шаруашылығымен айналысқандығы анықталса, қалашықтың өмір сүру кезеңі біздің заманымыздың І-ІІ ғасырлардан бастау алатындығы ғылыми тұрғыдан нақтыланды. Жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында табылған құрылыс нысандарын қайта қалпына келтіре отырып, ашық аспан асты музейіне айналдыру арқылы туристік нысан ретінде қалыптастыру жұмыстары жалғасын табатын болады. Бүгінде тарихи орынға апаратын жол асфальттанып, автотұрақ жасалды.
ҚР Ғылым және білім министрлігінің Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен жасалған екі жақты меморандум негізінде археолог (РҺD доктор) Е.Ақымбектің жетекшілігімен Байзақ, Жуалы және Жамбыл аудандарында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ескерткіштердің өмір сүру кезеңдері анықталса, Жуалы ауданында «Теріс-Аса алқаптарындағы қаңлы және түркі кезеңдерінің қоныстары мен қалалары» тақырыбында археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. «Алтын Орданың кейінгі орта ғасырлық қалалық мәдениеті» атты тақырыпта. Шаруашылық (Кинчат) және Аспара (XIII-XVI ғғ.) қалашықтарындағы ізденіс және археологиялық зерттеулер гранттық жоба аясында Жамбыл облысы Меркі ауданында қазба жұмыстарын жүргізілді, жобаның жетекшісі т.ғ.к. Рогожинский А.Е.
ҚР Ұлттық музейі т.ғ докторы академик Ж. Таймағанбетовтың жетекшілігімен халықаралық Қазақ-Жапон, Қазақ-Неміс ғылыми экспедициялары Жамбыл облысындағы алғашқы адамдардың тұрақтары Тәңірқазған, Бөріқазған, Бүйрекбастау және Ақтоған үңгірлерін зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізді.
Сонымен бірге ҚР Мемлекеттік Орталық музейі мен РФ Мемлекеттік Эрмитажы арасында ғылыми әріптестік туралы келісім негізінде Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс елді мекеніндегі Бақа-төбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
Жоғарыдағы атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстары мекеменің келісімімен және мекеменің ғылыми қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді.
–Туризмді дамыту – болашаққа инвестиция салу деп айтып жатады мамандар. Өзіңіз білетін, көрген, барған аймақтарыңызда қандай тарихи нысандарға баса назар аударып, туристік әлеуетін дамыту керек?
–«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-сі қатысуымен облысымызда жерді және жер қойнауларындағы қазба байлықтарды игеру бойынша «Жамбыл облысы бойынша Экология департаменті» РММ бірлескен жұмыстар атқару барысында Шу ауданында «Қазақмыс» корпорациясының мыс кеніші аумағын, Қордай ауданында «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС алтын өндіретін фабрика аумағы, Талас және Сарысу аудандарында «Қаратау инвест» ЖШС-ына тиесілі игеруге арналған жер телімдеріне және де басқада ұйымдардың сұрауы бойынша жер игеру аумағына жататын учаскелерге археологиялық сараптама жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жүзден астам археологиялық ескерткіштер бұзылып, кетуден сақталып, белгісіз болып келген 56 тарихи-мәдени объектілері алдын ала мемлекеттік тізімге алынды. Есеп карточкалары толтырылып, ғылыми есептері дайындалды.
Бірегей қызығушылық тудыратын 41 тарихи мәдени нысандар өңірдің туристік маршруттарына еніп отыр. Солардың ішінде – өңірімізде алғашқы адамдардың тұрағы болған «Бөріқазған, Тәңірқазған, Бүйрекбастау тұрақтары», «Ақтоған үңгірі» көптеген отандық және шет елдік ғалымдарды қызықтыруда. Сақ, Үйсін және Қаңлы мәдениеттеріне тән «Жеті төбе, Берікқара обалары. Түркілік кезеңді қамтыйтын «Меркі» және «Жайсаң» (ашық аспан астында 78 балбал тас тұр) ғұрыптық кешендері. Қола және ерте темір дәуірлеріне жататын «Қарақоңыз», «Қызыләуіт», «Қаратау», «Қарасай шатқалы», «Қамысты бұлақ» және т.б петроглифтер (тастағы суреттер). Орта ғасырлық «Тараз», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн», «Бектөбе» және «Ақыртас сарай кешені» мен қатар «Айша бибі», «Бабаджа қатын», «Қарахан», «Дәуітбек», «Қарақожа», «Абдолла ишан», «Тектұрмас кешені» және тағы да басқа тарихи мәдени нысандар көптеген келушілер мен туристерді қызықтыруда.
Жоғарыда тізбектелген нысандардың танымдылығын арттыру бойынша облыс көлемінде жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Баспа өнімдерін шығару, семинар кеңестер, ғылыми ұйымдармен бірлескен жобалар жасау, туристік ұйымдармен кездесу, форумдар өткізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылуда.
Жергілікті атқарушы орган (әкімдік) тарапынан тарихи-мәдени нысандарға қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Ақыртас сарай кешеніне» асфальт жол тартылып, ифроқұрылымдары жасалып, ауыз су мәселесі шешіліп берілсе, «Берікқара обаларына» «Бурнооктябрьск (Баркуаб ҮІ-ХІІІ ғғ)» және «Әулиебастау» ескерткіштеріне апаратын жол салынды. Алдағы уақытта осы аталмыш жұмыстар тоқтаусыз жүргізіледі және жалғасын табатын болады.