Қуат Хамит: «Партия – мақсатқа жету құралы ғана»

Қуат халықаралық жарыстан елге келген бетте сотқа қатысып шықты. Айып тағылып, шартты түрде жаза кесілді.
Спортшылар ауылы ежелгі қонысымыз. Демек, сол патшалықтағы кейінгі буынның бәрі бізге іні іспеттес. Қуат Хамит та солардың бірі. Өзіміз Арқада жүрсек те, Алатау бауырындағы чемпионға телефон соқтық. Тұтқаны көтерген бетте інілік ізетпен өзі сәлем берді.
– Ассалаумағалейкум, аға!
– Уағалейкумассалам! Қайда асықтың?
- Түсінбедім, аға?
- Қазағы көп елге барып, жекпе-жек көруге ұмтылған жұрттың көз алдында әлгі қарсыласты, Максим Пантелеевті 50 секундта, яғни қас-қағымда баудай түсіргеніңді айтамыз да...
– Е, ызаға булықтым білем, апыр-топыр алып ұруға тура келді. Сылқ еткізіп едім. Шамасы белгілі болды. Арбасып, уақыт созып жүргенге өзімді ұстай алмадым-ау деймін. Қысқасы, бәсеке көзді ашып-жұмғанша аяқталды.
– Шын шеберге тұсау болмайтыны анық қой. Жай, әңгімені қалжыңмен бастап жатқанымыз. Fight Nights Global осал турнир емес.
– Түсініп отырмын, аға!
– Ол да дұрыс, «ұрыста тұрыс жоқ» екенін байқаттың. Жалпы, жарыс қалай өтті?
— Ұйымдастыру комитеті жақсы дайындық көрген екен. Көңілімнен шықты. Магнитогорскіде қазақ көп деп едім ғой. Шынында да, залды солар басып алғандай болды. Тек әлгі карантиндік шектеулер кедергі келтірген болуы керек. Әйтпесе біздің бауырлардан орын артылмас еді. Сосын армяндар көп екен.
– Көпшіл екеніңді білем ғой. Өз бауырларымызды сұрайық. Сол жақтағы қазақтық қалай екен?
– Жақсы, шүкір, аға. Өте жақсы екен. Бәрінің тірлігі бар. Бәсекелестікке үйренген. Былайша айтқанда, әбден пісіп алған. Істің де жөнін біледі. Тұрмыстарын көріп риза болдым. Көңілім толды. Қазақ жерінде жүргендей болдым. Қол-аяғымды жерге тигізген жоқ десем де болады. Сол жақтағы қазақтарға бас-көз болып жүрген Нұрлыбек ағаның өзі қарсы алды. Ағайындар барын салып күтті. Қай үйде де табақ-табақ ет. Қазы-қарта, жал-жая дегендей. Қымыз іштік. Ат ұстайды екен. Бие байлайды екен. Ішіп-жегеніме ризашылығымды айтып отырған жоқпын, аға, бауырларымның тұрмысына көңілім толып, рахатқа бөлендім. Ет жақындарыңның жақсы болғаны жанға азық қой. Әлгі қымыз, қазы-қартаны дүкендерде де сатады екен. Сұраныс болып тұр ғой. Магнитогорскіңіз қазақы ауыл секілді көрінді.
- Елге келген соң сәл жабырқап қалдың ба?
– Сотты айтасыз ба? Жоқ, аға, біз жасымағалы қай заман. Үкім шықты. Алты ай сырт жақта төбелесе алмаймыз. Сол жағы қиын демесеңіз. Бірақ өзім де ойлап жүр едім, Алматыда бір жарыс өткізуді. Мысалы, көкек айында, реті келсе сол кезде тағы бір жекпе-жек өткізсем деп отырмын.
– Денсаулық мәселесін не істейсің? Танауды дұрыстап алуға болмай ма, осы кезді пайдаланып? Сынған кеңсірік, құлақпен байланысатын тұсты тұспалдап отырмыз.
– Ол да ойда бар. Емдеуші дәрігерлерім айтады, «жаның сірі екен, сенің орныңда басқа біреу болса, төбелес түгіл, жаттығу маңына да жоламас еді» деп. Бізді буып бара жатқан – намыс. Әйтпесе емделетін жөніміз бар. Асқазан да сыр беріп қояды. Лорға да зор жұмыс тауып беретін секілдімін. Негізі, денсаулықты дұрыстап алғаным жөн еді.
– «Партия құрамын» дегенсің бе?
– Ақылды сізден сұрайын, не істегенім дұрыс? Айтыңызшы...
– Айтқанда енді, ол не үшін керек еді дегенім ғой.
– Саясатты сіз де бір кісідей білесіз. Тап менің партияға деген соншалықты құлшынысым жоқ. Алайда, аға, Алла тағала бізге қуат берді. Дүниеге Қуат болып келгеннен кейін де өмірдегі өз орнымды айқындап алғаным дұрыс па деймін. Бізге лаңның керегі шамалы. Көшеге шығудың да керегі жоқ. Іріткі салу біздің іс емес. Бейбіт өмірге ештеңе жетпейді. Ал партияға келсек, ол менің мақсат-мұратымның жолы секілді. Анығында, жоспарымды жүзеге асыру құралы ғана. Бағытым да ендігі жұртқа мәлім шығар. Елімнің болашағы, халқымның келешегі. Әрі ол алқымнан атқып шыққан сөз ғана емес, менің жүрегімнің қалауы. Керемет дейтіндей, күрделі бір істерге бас қойып кетпеймін. Біреуді күстәналау, тағы біреудің жолын кесу де ойымда жоқ.
Басқаны қойып, осы спорттың өзін алайықшы. Қаншама қаржы бөлініп жатыр, соны дұрыс игердік пе? Мен спортта жүргелі қаншама жыл. Күрестік. Кәсіби түрде айналыстық. Бізге не тиді, сонда? Тіпті демеуші де іздегем жоқ. Өйткені оны қаламадым. Үкімет қолдауы тиіс еді. Қазіргі, төбелестегі Қуатты айтпаймын. Кешегі кілемге шығып, күрескен Қуат Хамитты ше?! Қолдады ма? Мемлекет ақшаны бөлудей-ақ бөліп жатыр. Дереккөздер соны айтады. Ал шын мәнінде спорттағы жағдай қалай? Көріп жүрміз ғой. Әлгі партиям тым болмағанда сол спортқа бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына ықпал ете алса, жаман боламыз ба, аға? Қаншама баланың болашағы ол. Әлде саналы, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу әбестік пе?
Спортты өзіңіз білесіз, бұзық бала болмайды мұнда. Қайта шетінен әдепті. Себебі кілең бапкер көргендер, тәрбие алғандар. Далаға мен шықпайды дейсіз бе, келеңсіз дүниелерді көрмейді дейсіз бе? Кальянды қоя беріңіз, темекі бұрқырататын қызды көреміз. Оларға «қой» деп айтудың қисыны келмейтін шығар. Заң қаламайды. Қарындасым десең де, жауапқа тартады. Бүгінгі қоғам солай қалыптасты. Әркімді еркіне жібер салғандаймыз, ең қызығы, сол қоғамға қауіп төндіретіндерге еркіндік тым көп берілген секілді. Жарайды, ол қыздарға сөзіміз жүрмесін. Бірақ солардың сіңлілерін тәрбиелей алатын жағдайымыз бар ғой. Қаптатып ашайық тегін үйірмелерді. Мемлекет бөлген қаржыны дәл сол өз мақсатына жұмсайық. Жолдан жұлып кетпейік. Бір тартып қалғысы келетіндердің жолын кесейік.
Партия болмасаң, кім қаржысын тексертеді? Кім есігінен аттатады? Партия ретінде тіркелсек, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейміз. Президенттің өзі айтты ғой, еститін үкімет, еститін әкімді қалайтынын. Ал шенеуніктер партияны бірінші естиді әрі естірте алатын партия болсақ, тіпті керемет емес пе?! Ондай партия болуға санам жетіп тұр. Менікі теріс пиғыл емес қой, аға? Қоғамда кемшін тұстар баршылық. Сіз болып, біз болып атсалыспасақ, асқынып кетпей ме? Ел ағаларының алдын кесетін есерсоқ емеспіз әрі бәріміздің мүддеміз бір деп ойлаймын. Сондықтан мен құратын партия да Қазақстанның іргесін мықтай түсуге, тіпті одан әрі дамытуға қызмет етеді. Ендігі сұрақты мен қояйын.
– Әрине.
– Сіздің кездегі білім қандай еді, аға?
– Біздің буын оқымысты болды ғой.
– Неге екенін білесіз бе? Оқу жүйесінде тұрақтылық болды. Сіз оқыған әліппе он жылдан кейін де айналымда жүретін. Сіз аттестат алатын жылы мектеп табалдырығын аттаған оқушы сол әліппені алып оқи беретін еді. Өйткені ештеңе өзгермейтін. Басқа пәндер де сондай еді. Алгебрасы бар, басқасы бар, өңі де, мазмұны да өзгерген жоқ. Белгілі бір жүйе болды. Қазір ше? Бастауыш кітаптың оқулықтарымен танысып көрдіңіз бе? Былтырғы оқулықтың келесі жылы да жарамды болатынына сенімдісіз бе? Ойланып қалдыңыз, иә? Білім саласын дұрыстау керек. Қанша партия бар, солардың бірінің үні шықты ма? Неге қайта-қайта өзгере береді деген? Үні шықса, неге тоқтатпады?
Партия деп қалдық, оның арғы жағында депутаттар бар ғой. «Байқамай қалдық» дейтіндері де кездеседі екен, заң жобасын оқып отырғанда. Байқамай заң қабылдауға бола ма? Заң – мемлекеттің жүретін жолы, кешетін өмірі. Одан да терең айтайын. Адам тағдыры, сіз бен біздің тағдырымыз. Әлеуметтік желіні қарайтын шығарсыз. Анау әлгі зорлық-зомбылық туралы жобаны жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Біздің халық саналы. Онымен санасуға тура келеді. Рас, инабатты, әдепті елміз және ол біздің кемшілік емес. Артықшылық. Үлкенін сыйлаған елміз. Кішісін қолдаған жұртпыз. Ондаған мақал тегін шықты дейсіз бе?! Күні ертең қарияның сөзін жастар жағы елемей жатса, кімнен көреміз? Заманға сілтейміз бе? Заман кімді ақтап алады? Бізді ме? Бабалар аманаты қайда қалады? Атамыз бен әкенің көзіне қалай қараймыз, сонда?
Біз де белгілі мөлшерде ағартушымыз. Педагог дейді ғой. Менің түсінігімде, Қазақстанның кез келген тұрғыны өз елінің жанашыры. Өз еліне қызмет етуге дайын. Талап етуге де құқылы. Неге менің құқым тапталуы керек? Ата заңға сүйенеміз. Міне, аға, менің жүрегім неге ауырады? Екі ауыз сөзбен аңғарта алдым-ау деймін. Менің мақсатым – бабалар өсиетіне адал болу. Саясатта өзге шаруам жоқ.
— Рақмет, айналайын!