Қуатты аймақтар халықтың тұрмысын жақсартуға кепіл
Бүгінде «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сенім артылып отырғаны барлығымызға белгілі.
Аталмыш жобаның мақсаты – халықтың негізгі қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту арқылы азаматтар үшін жайлы өмір сүру ортасын құру, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін арттыру.
Ол үшін мемлекеттік бағдарламаларда бұрын белгіленген үш бағыт: өңірлерді дамыту, «Нұрлы жерді» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және «Нұрлы жолды» инфрақұрылымды дамыту осы жалпыұлттық жобаға біріктірілді.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ «Өңірлік зерттеулер орталығының» директоры Қайсар Нығметов ұлттық жобалардың ерекшелігін атап өтті.
Маманның айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны қаржыландыру көлемі 7 568 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджет – 4 022 млрд теңге, жергілікті бюджет – 786 млрд теңге, бюджеттен тыс қорлар – 2 760 млрд теңге (36%). Сонымен қатар ұлттық жобалар нақты мақсаттар, көрсеткіштер, іс-шаралар және жобалар жиынтығы бар ықшам құжаттар болып табылады. Ұлттық жобада мемлекеттік органдардан, облыстардан, квазимемлекеттік ұйымдардан жауапты орындаушылар, бірлесіп орындаушылар көрсетіле отырып, нәтижеге дер кезінде қол жеткізу үшін жеке жауапкершілік шоғырландырылған.
Айта кетерлігі, ұлттық жобалардың жүйелі мониторингін жүргізу барысында Қазақстан Республикасының премьер-министрі жетекшілік ететін Ұлттық жобалардың іске асырылуын бақылау басқармасы құрылды.
Қайсар Нығметовтің айтуынша, жоба аясында бірінші кезекте өңір тұрғындары үшін өзекті мәселелер шешілетін болады.
— Мәселен, бүгінде 1 миллионнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмайды, атап айтқанда 770 мың адам ауылда, 280 мың адам қалада. 53 қалада ағынды суларды тазартумен қамту 70,5 пайызды құрап тұрса, ағынды суларды тазарту құрылыстарын жаңғырту және салу қажет, – дейді өңірлік зерттеулер орталығының директоры.
Сонымен қатар жоба аясында ауылдарды жаңғырту мақсатында 12 мың шақырым инженерлік желілерді электрмен, газбен және жылумен қамту, 1,5 мыңнан астам әлеуметтік нысандар салу, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мектептер, балабақшалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, мәдениет және спорт нысандары салынады.
«Экономикалық зерттеулер институты» орталығы» АҚ хабарлауынша, бірінші бағыт аясында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша қаржы қарастырылған. Мақсатты топ – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері.
«Оларға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беріледі. 2025 жылға дейін 22 мыңға жуық маман бюджеттік несие ала алады. 5 жылға жоспарланған несие сомасы 110 млрд теңгені құрайды», – деді институт өкілі.
Жалпы республикалық жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде 103 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысына арналған 235 мың жер учаскесі облыс орталықтары мен шағын қалаларда – 125 мың, ауылдық жерлерде – 110 мың жер учаскесі тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Осылайша, 236,7 мың отбасының тұрмыстық жағдайы жақсарады.