Қуатты өңірлер қалай дамып жатыр?
2022 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасын іске асыру аясында Қазақстанның жұмыс күші тапшы өңірлеріне 7 923 адам, оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушылар өз еркімен қоныстанды.
Қоныс аударғандардың барлығы мемлекеттік қолдау шараларына ие болды. Ұлттық жоба шеңберінде мигранттарға мемлекеттік қолдаудың келесі шаралары көрсетіледі:
— қоныс аударуға субсидия – бір уақытта отбасының басшысына және әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;
— тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық төлемдерді төлеу үшін 12 айға отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК мөлшерінде ай сайынғы субсидиялар;
— қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға бағыт беру;
— Жұмыспен қамтуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.
Өткен жылы қоныс аударғандардың 3652-сі еңбекке жарамды болса, оның 2811-і тұрақты жұмысқа орналасқан. 7 622 қатысушыға бір реттік субсидия төленсе, 5 633 азаматқа тұрғын үй шығындары субсидиялануда. Сонымен қатар өңіраралық қоныс аударуға көмек көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және тұрақты жұмысқа кемінде 2 жыл мерзімге қабылданған әрбір қызметкерге 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасу үшін біржолғы субсидия беріледі.
«Адам ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры А.Молчановская: «Солтүстік пен шығыстың еңбек нарығы оңтүстіктен көшіп келгендерді қабылдауға дайын. Дегенмен бұл жерде қоныс аударудың тұрақтылығы мен қоныс аударушылардың ассимиляциясы үшін маңызды басқа факторларды да ескерген жөн. Бұл – әлеуметтік қолдау көлемі мен тұрғын үй жағдайлары, тұтынушылық шығындар бағасының деңгейі және болашақта табыстың жоғарылау перспективалары. Осы мәселелердің кейбірі көші-қон саясаты тұжырымдамасында белгіленген. Атап айтқанда, бұл құжат болашақ мигранттардың құқықтарын айтарлықтай кеңейтуді ұсынады. Мысалы, мигранттарға әлеуметтік немесе жалға берілетін тұрғын үйге, ауыл шаруашылығына немесе бизнеске арналған жер учаскелеріне басым құқық беру. Сондай-ақ бағдарламаға қатысуға құқығы бар азаматтар санаттарына 10 пайыздық бастапқы жарнамен және 2-5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека беру ұсынылады. Оңтүстік тұрғындарының солтүстік пен шығысқа бейімделуін жеңілдету үшін Еңбек министрлігі мигранттар мен қандастардың әлеуметтік-мәдени интеграциясы бағдарламаларын әзірлеуді ұсынады. Мұндай жобаларды қаржыландыру ҮЕҰ арқылы жүзеге асырылады. 2022-2023 жылдары солтүстік және шығыста, тағы бес облыста бейімдеу және интеграция орталықтарын ашу жоспарлануда», – дейді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің экс вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев:
— 3 іс-шара бойынша өңірлердегі жобаларды аяқтау негізінде жоспарланған көрсеткіштердің нәтижелері қалыптасады. Бұл ретте әкімдіктердің жедел мәліметтері бойынша қазіргі уақытта барлық қаржыландыру көздері есебінен 262 шақырым нөсер суы мен арық желілері қалпына келтірілді, бұл жоспардың 149 пайызын құрайды.
Екінші міндет – сапалы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін «Жайлы тұрғын үй» бағдарламасы әзірленген. Оның аясында нысаналы топтағы 56 460 азаматқа субсидия, жеңілдетілген несие, арендалық және несиелік баспана түрінде қолдау шараларын көрсету жоспарлануда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,6 мың бірлік салынды (сатып алынды). халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй және 3,9 мың бірлік несиелік баспана, кезекте тұрған 8 мың адамға 4,9 мың несие және субсидия берді.
Тұрғын үй құрылысын дамытуда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу бойынша 375 жоба (жоспар 350) іске асырылуда. Тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін әкімдіктер нақты объектілерді және оларды іске асыру мерзімдерін көрсететін Жол карталарын бекітіп, әрбір пайдалануға берілген нысан бойынша ай сайын мониторинг жүргізіледі.
Жалпы, 2025 жылға қарай инженерлік желілердің тозуын 55%-дан 47%-ға дейін төмендетуге, өңірлерді ауыз сумен толық қамтамасыз етуге және қалалар мен ауылдарды 100%-ға ағынды суларды тазартуға қол жеткізу жоспарлануда. Ұлттық жобаның екінші бағыты көлік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыт 2 тапсырманы қамтиды:
– ішкі көлік желісін дамыту;
– аумақтардың сыртқы байланысын арттыру.
Ішкі көлік желісін дамытуды 11 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын және 27 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдарды салу және қайта жаңарту есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.
2022 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында ішкі желіні дамыту бағытында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарының жалпы көлемі 11,6 мың шақырымды құрады. Мәселен, республикалық желіде құрылыс және қайта құруды қамту 4 мың шақырымды құрады, оның 1,2 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Күрделі және орташа жөндеу жұмыстары шамамен 3 мың шақырымды қамтыса, оның 679 шақырымы аяқталды. Жергілікті жол желісі бойынша жөндеудің барлық түрі 4,6 мың шақырымды қамтыса, оның 2,6 мың шақырымы аяқталды.
Соның нәтижесінде өткен жылы атқарылған жұмыстар республикалық желіде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 91 пайызға, министрліктің жергілікті желісінде 85 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Екінші жолдарды салу және Достық-Мойынты учаскесін электрлендіру Қытай-Еуропа-Қытай байланысының өткізу қабілетін 5 есеге арттырады. Көлік желісін дамыту жобаларын жүзеге асыру арқылы 396 090-нан астам жұмыс орны құрылады.
Жалпы, өңірлер арасындағы және өңірлер ішіндегі ішкі инфрақұрылымдық байланысты нығайту Қазақстанның жаһандық рейтингтегі келесі позицияларын қамтамасыз етеді:
— «Инфрақұрылым» индикаторы бойынша ДЭФ бәсекеге қабілеттілігі бойынша 62-ден 49-ға дейін;
— «Логистикалық қызмет көрсету» (LPI) бойынша Дүниежүзілік банк рейтингінде 71-ден 50-ге дейін.