Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:47, 24 Ақпан 2023

«Қуатты өңірлер»: жобалардың ішіндегі маңыздысы ма?!

None
None

Қазір үкімет ел дамуын нығайту мақсатында ұлттық жобалар бойынша жұмыс істеп жатқаны белгілі.

Халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыру мақсатында 10  ұлттық жоба қабылданғаны белгілі. Сарапшылар осы он жобаның ішіндегі маңыздысы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деседі.

2021-2025 жылдарға арналған бұл жобадан сала мамандарының да, елдің де күтері көп.  Мамандардың айтуынша, аталмыш жобаның форматы ықшам, ауыр, талдаусыз, бірінші кезекте бюджеттік қаржыландырумен қамтамасыз етілген нақты іс-шаралар.

Бұған дейін де талдап, сараптағанымыздай, бұл ұлттық жобаның мақсаты – халықтың негізгі қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көлік байланысын қамтамасыз ету және көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру арқылы азаматтардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасау.

Негізінен, ұлттық жоба екі бағытты көздейді. Біріншісі – негізгі қызметтерге тең қолжетімділік, екіншісі – көлік байланысын қамтамасыз ету. Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, жобадағы негізгі қызметтерге тең қол жеткізу халыққа ең қажетті дүние. Мысалы,  тарқатып айтар болсақ, бүгінде жалпы ел бойынша 1 миллионнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр делік. Ал енді осы жоба бойынша 2025 жылға қарай халықты ауыз сумен 100 пайызға қамтамасыз ету деп жоспарлануда. Сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 12 мың шақырым инженерлік желілерді қайта жаңарту, жөндеу, 1,5 мыңнан астам әлеуметтік объектілері (мектептер, балабақшалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, мәдениет және спорт) жүзеге асырылады. Ұлттық жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде шамамен 103 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған 235 мың жер учаскесі (облыс орталықтары мен шағын қалаларда – 125 мың, 110 мың – ауылдық жерлерде) тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Ал жоба барысындағы екінші бағытты жүзеге асыратын болсақ, мұнда  көлік желісін дамытудың жеке міндеті қарастырылған. Бұл өңірлердегі, елдімекендер мен облыс, аудан орталықтары арасындағы жолдар және өңірлердің бір-бірімен байланысын, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін арттыратын бағыт. 12 мың шақырым жолды салу және 25 мың км жолды қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95 пайызға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ барлық жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын Ұлттық стандартқа сәйкестендіру (1,8-ден 2,3 мың бірлікке дейін) жоспарлануда. Сыртқы байланыс және транзиттік әлеуетті дамыту тұрғысынан екінші жолдарды салу және «Достық-Мойынты» теміржол желісін электрлендіру есебінен Қытай-Еуропа-Қытай байланысының өткізу қабілетін 5 есеге арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есеге арттыру мақсатында «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісін салу жоспарлануда, бұл жүк тасымалдау уақытын 1,5 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Өңіраралық және сыртқы байланыс инфрақұрылымын дамыту бөлігінде Қазақстанның бес әуежайының жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту жоспарлануда. Осының барлығы транзит көлемін 2025 жылға қарай 23,5-тен 30 миллион тоннаға, контейнерлерді жылына 876 мыңнан 1,6 миллионға дейін арттырады.

Міне, мамандар алға тартып отырғандай «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы арқылы осындай жұмыстар жасалады. Ал мұндай жұмыстардың атқарылуы экономикамызға серпін берері анық. Сондықтан да аталмыш жобаны Ұлттық жобалардың ішіндегі ең маңыздысы дей аламыз.

Тегтер: