Қуатты өңірлер жобасы
4 миллион теңгенің баспанасын алуға мүмкіндік береді
Былтырғы жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында Қазақстанның жұмыс күші жетіспейтін өңірлеріне 7 923 адам, оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 мигранттар өз еркімен қоныстанды. Барлық қоныстанған адамдар мемлекеттік қолдауға ие болды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Спанинов:
— Тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жерінен тұрғын үй сатып алу үшін төрт миллион теңгеге дейін материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Іске асырылып жатқан іс-шаралар халықты қоныстандыруға аймақішілік диспропорция мәселелерін шешуде үлкен рөл атқарады», – дейді.
Ұлттық жоба аясында мигранттарды мемлекеттік деңгейде қолдаудың келесі шаралары қарастырылған:
- Көшу субсидиясы – әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы;
- тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық төлемдерді төлеу үшін 12 айға отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК мөлшерінде ай сайынғы субсидиялар;
- Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама;
- Жұмыспен қамтуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.
Қоныс аударғандардың 3652-сі еңбекке жарамды, оның 2811-і тұрақты жұмысқа орналасқандар. 7622 қатысушыға біржолғы жәрдемақы төленсе, 5633 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіліп жатыр.
Сонымен қатар өңіраралық қоныс аударуға көмек көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және тұрақты жұмысқа кемінде 2 жыл мерзімге қабылданған әрбір қызметкерге 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасу үшін біржолғы субсидия беріледі.
Жұмыс күші тапшы өңірлерге көшу мүмкіндігін пайдаланған қазақстандықтар өміріндегі оң өзгерістерді атап өтуде. Солардың бірі – Нұрболат Мәдиев. Қызылордадан Қостанай облысына қоныс аударған: «2019 жылы болашақ әйеліммен Әулиекөл ауданына көшіп келдім. Қазір облыстық ауруханада массажист болып жұмыс істеймін. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым».
Нұрболат Мәдиевтің жары аудандық ауруханаға гинеколог болып жұмысқа орналасты. Жас отбасы енді екінші перзентін күтіп отыр.
2023 жылға арналған қандастар мен мигранттарды қабылдаудың өңірлік квотасы 8 652 адамды құрайды, оның ішінде 1,9 мыңы қандастарға, 6,7 мыңы мигранттарға қарастырылған. Қазіргі уақытта министрлік 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады, ол қайта қаралуда. Солтүстік және орталық аймақтарға ішкі қоныстандыру тетігі, оны жүзеге асыру үшін жұмыс орындары ашылады және қолданыстағы бизнес жобалары кеңейтіледі деп жоспарлап отыр.
Екінші мақала
Қазақстан БАӘ компанияларымен бірге «жасыл» сутегін өндірмек
Жақында Қазақстанның тікелей инвестициялар қоры мен «Масдар» компаниясы өзара келісімге қол қойды, оған сәйкес тараптар жел электр станциясын салу жобасын бірлесіп әзірлейді.
Қазақстандағы «жасыл» сутегін өндірудің келешегін зерделеу үшін республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ компанияларына ұсыныс жасаған болатын.
«Жасыл сутекті игерудегі әмірлік компаниялардың әсерлі көрсеткіштерін ескере отырып, мен сіздерді Қазақстандағы осындай мүмкіндіктерді зерттеуге шақырар едім», – деп ұсыныс жасаған болатын Қ. Тоқаев Абу-Дабидегі инвестициялық дөңгелек үстел барысында.
Президенттің айтуынша, Қазақстан 11 гигаватт таза энергияны енгізуді және энергетика саласын толығымен өзгертуді жоспарлап отыр.
«Осыған байланысты біз «Масдардың» Қазақстанда ірі жел электр станциясын салу ниетін құптаймыз. Сақтау қуаты бар жаңартылатын энергия жобалары біздің басымдылығымыз болып табылады. Бұл бастамасы ғана деп үміттенеміз», – деді ол.
Қ.Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында Қазақстанның тікелей инвестиция қоры мен «Масдар» келісімге қол қойды, оған сәйкес тараптар жел электр стансасын салу жобасын бірлесіп әзірлейді. Оның бірінші кезеңі электр қуатын сақтау жүйесін пайдалану мүмкіндігімен 500 МВт қуаттылықты іске асыруға бағытталған. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, жобаны Жамбыл және Түркістан облыстарында жүзеге асыру жоспарлануда. Жоспар бойынша, құрылыс 2025 жылы басталады деп күтіліп отыр.
Еске салайық, бұдан бұрын қуаттылығы 2 ГВт болатын теңіз жел энергетикасы мен сутегі жобаларын бірлесіп дамыту туралы келісім жасалғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ қуаты 1 ГВт күн фотоэлектр энергиясы және 1 ГВт жердегі жел энергиясы жобалары сияқты «Масдар» Абу-Дабиде Әзербайжанның SOCAR компаниясымен келісімшартқа отырды.