Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:38, 19 Шілде 2022

Қуатты қала – келешектің кепілі

None
None

Елдегі ең жас қаланың бірі болса да, елордамыз еңсесін ерте тіктеді. Қысқа ғана уақыттың ішінде Арқа төсіндегі астанамыз ажарлана түскенін әлем елдері мойындап үлгерді.

Маңызды халықаралық басқосулардың ордасына айналған бас қаланың экономикасы да қарқынды өсіп, бүгінде ел дамуының драйверіне айналды. Көз алдымызда арқаның ажары болатын зәулім ғимараттар мен мәдени ошақтар күн сайын көбейіп жатыр. Әлемдік ғимараттардан қалыспайтын жаңа заманауи үйлер мен сауда орталықтары, демалыс орындарының саны артты. Еңсесін енді ғана тіктеген алғашқы жылдардың өзінде ғана әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, ғаламдық мәселелердің шешілуін осы қалада талқылады.

Сондай-ақ қала қонақтары мен тұрғындардың демалысын дұрыс ұйымдастыру мақсатында саябақтардың саны да артты. Соңғы бірер жылдың өзінде қаланың іші-сыртында халықтың уақытын тиімді жұмсап, спортпен шұғылдану үшін заманауи бульварлар мен скверлер салынып жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін алғаш рет А.Мәмбетов көшесінде Demalys Promenade демалыс күнінің бірінші көшесі, «Театральный» жаяу бульвары, NS street life көше спортының колизейі ашылды.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер жоспары аясында жүйелі негізде аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жалғасын тауып жатыр. Бұдан басқа, Есіл өзені жағалауының бойындағы саябақ, Атырау көпірінің астында және Ататүрік атындағы саябақта скейт-алаңдар салынды.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында Студенттер саябағында NS street life көше спортының колизейі орнатылса, Есіл өзенінің жағалауында Триатлон-саябақта бассейндері бар жасанды жағажай салынды. Ол өзенге қарайтын оқшауланған аралда жабдықталған. Сонымен қатар әр мамандыққа деген құрметтің белгісі ретінде дәрігерлер аллеясы, құтқарушылар саябағы да ашылды.

Жалпы алғанда, соңғы жылдары 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Мысалы, өткен жылы елордада алғаш рет баскетбол, футбол алаңдары, үстел теннисіне арналған аймақтар, workout-аймақтар, скейт-аймақ және басқалары орналасқан көпірасты кеңістіктері пайда болды. Осындай жаңа қоғамдық кеңістікті ашу идеясы спортпен айналысу үшін жағымды атмосфера құру, басымдық бұқаралық спортты дамытуға жол ашпақ. Күтімсіз қалған учаскелер мен бос орындар саны айтарлықтай азайды. Балалар жылы аясында тозығы шыққан ескі балалар алаңқайларына да күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Былтырдың өзінде қалада осындай 200-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылса, бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Мұндай қоғамдық кеңістіктер еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін уақытын пайдалы өткізетін тартымды орталықтарға айналып үлгерді. Сонымен бірге елорда маңындағы жас желек ағаштар бұл күнде бас қаланы жел-құздан қорғайтын әрі демалатын жасыл орманға айналдырды. Оның ішінде Сарыарқа табиғатына төзімді аң-құстардың басы көбейтілуде. Жасыл белдеу қаланың ауа сапасын жақсартуға өте жақсы көмектеседі. Қазір 90 мың гектар жердің 14 мың гектары Нұр-Сұлтан қаласының шекарасында орналасқан. Жыл сайын ол жерде жасыл желектер отырғызылады. Мәселен, былтыр елорданың орман белдеуіне 1 млн жасыл желек отырғызылған. Бұдан басқа, бұрын қала қонақтарына бір ғана теміржол вокзалы қызмет көрсетсе, қазір «Нұрлы жол» вокзалында да жолаушылардың ағыны артты. Ал былтырдан бастап елордалықтар газ құбырының да қызығын көре бастады. Айталық, қазір оң жағалаудағы 10 тұрғын алабы газға қосылған. Ең маңыздысы, елордаға көшіп келушілер көп ұзамай үйлі болып, екі қолға бір күрек тауып жатыр. Мысалы, биыл да қала күні қарсаңында кезекте тұрған 300-ден астам адам мен жұмыс істейтін жастарға пәтер кілті табысталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылды.

Мысалы, 2018 жылы1 100 пәтер, 2019 жылы 2 900 пәтер, 2020 жылы 7 000 пәтер, 2021 жылы шамамен 10 000 пәтер салынды. Жақында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баяндама жасаған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бас қалада биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсеткенін айтты. Айтуынша, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Былтыр 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылса, биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана 1 млн 250 мыңы қолданысқа берілген. Мәселен, инвестиция көлемі былтыр 1,2 трлн болса, қазіргі уақытта 465 миллиардқа жетті. Өңдеу өнеркәсібінде де оң көрсеткіштер көп. Сондай-ақ кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді. Бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік беретін болады. Өйткені бүгінгі таңда қаланың инженерлік инфрақұрылымын жоспарлы түрде дамыту, көпірлер салу, жолдар мен тротуарларды кеңейту, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктерге жағдай жасау маңызды болып отыр. Бүгінгі таңда Есіл өзені арқылы Ұлы дала даңғылының бойында тағы екі автомобиль көпірі салынып жатыр. Бұл Нұрлы жол вокзалына шығып, оң және сол жағалауды жалғайтын болады. Іс жүзінде аяқталуға жақын қалған құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Егер жаңа көпір пайдалануға берілсе, қаладағы көлік ағынын, оң және сол жағалаулар арасындағы байланыс айтарлықтай жеңілдейді.

Сонымен қатар Тәуелсіздік даңғылының бойында тағы бір көпір салынуда, ол келесі жылы аяқталады. Ал жақында ғана Алаш көпірі бойынша қозғалыс ашылды. Қала әкімінің сөзінше, бұдан бөлек, жыл соңына дейін 100-ге жуық көше салынып, күрделі жөндеуден өтеді. Соңғы 2 жылдың өзінде қаладағы 300-ге жуық көше жөнделген. Осыдан біраз жыл бұрын жауын-шашын болса, қала тұрғындары толарсақтан су кешуі қалыпты жағдай болатын. Қазір қаладағы осындай учаскелерді кездестіру қиын. Соңғы жылдарда Нұр-Сұлтанда 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешімін тапқан. Елорда әкімінің сөзіне сенсек, 130 шақырымнан астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесі салынған. 1 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдағыш құдық, сондай-ақ 20 шақырым коллектор тазартылып, 6,5 мың құбыр буландырылған. 350 тоннаға жуық тұнба қалдық шығарылыпты. «Толассыз жауын жауса, Б.Момышұлы даңғылын су басатын. Автобустарға су кіретін. Бұл мәселе шешілді. Қазір құбырдың диаметрі ұлғайтылды, қосымша сорғы орнатылып, нөмір жинақтағышын кеңейтеміз. Ең проблемалы учаскелер – Тәшенов, Иманов, Республика, Бараев көшелері. Бұл мәселелер күн тәртібінен алынып тасталды. Тәшенов көшесінде батпақ болды, 42 мың текше метрлік су жинақтағышын орнаттық. Нөсер кәріздерін тазартумен айналысатын арнайы компания құрылды және осы жылдар ішінде нөсер кәрізіне арналған 130 шақырым құбыр салынды. Бұл жұмыс жалғасуда. Жалпы 146 проблемалық учаскеде мәселе шешілді, ал олардың саны 200-ден асады. Сондықтан жұмыс жүріп жатыр», – деді елорда әкімі өткен жолы өз баяндамасында.

Қала халқының саны да жыл санап өсіп келеді. Биылғы есепке сүйенсек, елорда тұрғындарының саны бүгіннің өзінде 1,2 млн адамға жетті. Ал 2035 жылға қарай халық саны тағы екі есе өсуі мүмкін деп отыр. Сол үшін алдағы жағдайларға дайындық қазірдің өзінде жүріп жатыр. Мысалы, Мыңжылдық аллеясындағы әлеуметтік нысандар бірден бас жоспарға енгізіліп, полицентрлік жүйе қағидаларына сәйкес міндетті түрде жеке әлеуметтік нысандар болуы керек. Сонымен бірге соңғы бірер жылда елордадағы сақалды құрылыстардың саны қысқарды. Есесіне, тым ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бүгіннің өзінде 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының мәселесі шешілді. Қарап отырсақ, астанамыз ауысқалы 24 жыл енді болды. Бірақ қала экономикасы едәуір өсіп, ел игілігі үшін іргелі істердің артуына септігін тигізіп келеді. Қазіргі күні халқына қарай экономикасы да қуатты бола түскен бас қалаға қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар да көп. Бұл бас қаланың елдегі барлық өңірлерге үлгі, тұрғындар үшін тартымды орталыққа айналғанын айғақтайды.

Тегтер: