Құбырларды жаңғырту жұмыстары мерзімінде біте ме?

Қоңыр күздің алғашқы айы да аяқталып келеді. Қазақы табиғат болжамындағы «қыркүйектің салқыны ұратын» мезгіл келе жатыр.
Бұл күздің қара суығын меңзеген тәмсіл. Яғни күн суытып, жер тоңазып қатая бастайды. Суық желдің ызғары әлден сезілгенмен, Қызылорда жылу беру маусымын бастауға асықпайтын секілді. Олай дейтін себебіміз – қала көшелеріндегі қазылып тасталған, құбырлары ауысып жатқан жұмыстардың қарқыны тым баяу. Ал тұрғындар болса «күн суып кетсе тоңып қалмаймыз ба» деп уайым шегеді. Әсіресе сырқат жандар осы бастан қымтана бастаған. Солардың бірі – үшінші топ мүгедегі Елтай Саматұлы.
– Мына қарқындарымен бітетін түрі жоқ. Есік алдының астан-кестеңі шығып жатқанына үш ай болды. Сырқатымыз болғасын кейде ауырып қаламыз, дәрі-дәрмек керек болады, бір жерге барып келейік десек, бара алмай отырамыз. Жедел жәрдемді жиі шақыртамыз. Алайда көшені қазып тастағалы көлік жолы жабылған. Жолды тездетіп жауып, көшені ашса екен, – дейді мүгедек жан.
Бүгінде Бөкейхан көшесіндегі үш шақырым болатын жылу жүйесі жаңартылып жатыр. Диаметрі 630 және 720 миллиметр болатын үлкен құбырлар жаңалануда. Бұл көшеде де құрылыстың ұзаққа созылуы тұрғындарды запы еткен.
– Тамыз айының соңында құрылысты аяқтаймыз деп уәде берген еді. Содан бері қиындық көріп келеміз. Бұл жермен қоғамдық көліктер де жүрмейді, – деп уәжін білдірді Роза Жаманова.
Тұрғындардың айтары мұнымен шектелмейді. Олар көлікпен шықпақ тұрмақ, жаяу жүрудің өзі мұңға айналғанын айтады. Мәселен, «қазылған терең орлардан өтер ең болмаса уақытша көпір салып берсе екен» деген өтініштері бар. Өйткені күнделікті қажеттіліктерін алу үшін дүкенге 2-3 көше орағытып барады екен.
Бұл қала ішіндегі тірлік болса, іргесіндегі Белкөл ауылындағы жылу жүйесінің құрылысы да кестеден кешеуілдеп жатыр. Бар-жоғы бір шақырым жылу құбыры қыркүйек айының 23-іне іске қосылуы керек еді. Бірақ ондағы жұмыстың жартысы ғана жасалған. Құрылыс учаскесінің прорабы Марат Қаниев жұмыстың баяу жүріп жатқанын мойындайды.
– Жұмыс тоқтап қалған жоқ. Бірақ ақырын жүріп жатыр. Демалыс күндері де істеп жатырмыз. Құбыр Алматыдан келетін болғандықтан, біраз кешеуілдеп, қолды ұстап тұр. Қазір 15-тей адам жұмыс істеп жатыр. Негізінен, 50-60 пайыз жұмыс бітіп тұр, – деді прораб.
Ал тапсырыс беруші мекеме басшысы «қазан айына дейін қаладағы жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау бойынша мердігерлер нақты міндеттемелер алған» деді.
– Жоспар бойынша осы айдың аяғына дейін бізге толықтай құбырларды жалғап беруі керек. Барлығына міндеттеме қойылған. Біткеннен кейін үстіңгі бетін жабу және асфальттау жұмыстары бар. Олар 15 қазанға дейін созылады. Ал 1 қазанға дейін бізге су беріп, сынақтан өткізуге жағдай жасап берулері тиіс, – деді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директорының міндетін атқарушы Наурыз Сатханов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаевтың айтуынша, коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары 89 пайызға, әлеуметтік сала нысандары мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары 99 пайызға орындалыпты. Ал орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығы 92 пайызды құраған.
Айта кетер жайт, биыл қалада түрлі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жеті шақырымнан асатын жылу жүйесі жаңалануда. Бұл жұмыстарға 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.