20:58, 22 Қараша 2018
«Құлагер» иесін тапты

XIV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі аясында Қазақстан кинематографистер одағының ұлттық «Құлагер» жүлдесі табысталды.
Жүлденің басым бөлігін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған фильмдер иеленді. «Ең үздік фильм» жүлдесін С.Құрманбековтің «Оралман» фильмі, ал «Үздік актер» жүлдесін осы фильмде басты рөлді ойнаған Д.Ақмолда еншіледі. «Үнсіздікте» фильмі үшін А.Әмірқұлов үздік режиссер болып танылды. «Үздік актриса» жүлдесі «Айка» фильміндегі рөлі үшін С.Есләмоваға табысталды. «Үздік сценарий» аталымында «Әкеге қоңырау шалу» фильмінің сценарий авторы С.Апрымов топ жарса, үздік продюсер болып «Алмас қылыш» фильмінің продюсері А.Асеновтің есімі аталды. «Құлагер» жүлдесін деректі кино өкілдері де алды. Мәселен, «Алтын Емел» фильмінің режиссері О.Белялов «Үздік режиссер-документалист» жүлдесіне ие болды. Ал А.Садықова мен Ғ.Насыров түсірген «Қазақ биі» деректі фильмі «Үздік деректі фильм» жүлдесіне қол жеткізді. Ұлттық киножүлдені табыстау рәсімінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған толықметражды «Мұзбалақ» фильмі «Үздік анимациялық фильм» жүлдесін алды. Одан бөлек, «Құлагер» жүлдесі Рамиль Усмановқа (Үздік режиссер-аниматор) және қазақ анимациясының дамуына үлес қосқаны үшін Жәкен Дәненовқа табысталды. Отандық жас киногерлер де құралақан қалған жоқ. «Үздік қысқаметражды фильм» жүлдесі «Асан» фильмі үшін Берік Жахановқа, ал «Үздік дебют» жүлдесі «На грани» фильмінің режиссері Алдияр Байракимовқа берілді. «Алмас қылыш» картинасы үшін Ажар Әубәкірова үздік костюм жөніндегі суретші деп танылды. Одан бөлек, «Құлагер» статуэткасын оператор Азамат Дулатов («Лифт»), дыбыс режиссері Сергей Лобанов («Үнсіздікте»), композитор Қуат Шілдебаев («Түрксіб»), қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов («Үнсіздікте»), суретші-гример Лидия Ордынская («Анаға апарар жол»), сондай-ақ каскадер Қасым Жұмағұжин иеленді. Кинодағы үздік эффекті – Cubic студиясы. Қазақ киносына қосқан үлесі үшін Қадыр Қосай мен Игорь Вовнянкоға «Құлагер» сыйлығы табысталып, кинотанушы Нәзира Мұқышеваға да статуэтка берілді.