Құлақтан аяққа дейін: Қазақ дәрігерлері кесуді ғана біледі
![None](/static/img/image.jpg)
Биыл медицинаны қаржыландыру 11 пайызға, яғни 2 трлн 488 млрд теңгеге артты. Бұдан бөлек соңғы үш жылдың ішінде ауылдағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 трлн 231 млрд теңгені құрады.
Алайда, қомақты қаражат бөлінгенімен, қарапайым халық мұны сезініп отырған жоқ.
Осы уақытқа дейін біз «медицинамызды нықтаймыз, денсаулығымызды мықтаймыз» деп қаншама жобаларды, бағдарламаларды қолға алдық. Ең алғашқысы – бесжылдыққа арналған «Халық денсаулығы», 2005-2010 жылдарға арналған «Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы», «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы». Бұдан бөлек биыл Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасын іске қосты. «100 мектеп, 100 аурухана» деген ұран да ұмыт бола қойған жоқ.
Өкініштісі, мектептер өз алдына аталмыш жоба аясында салынған ауруханалардың қабырғаларына сызат түсіп, іргетасы мүжіле бастады. Алматыда осы жоба бойынша 775 миллион теңгеге салынып, 2017 жылы пайдалануға берілген №7 қалалық клиникалық ауруханасының қазір қабырғалары жарылып, төбесі құлайын деп тұр. Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында да тура осындай жағдайлар кездесті. «100 мектеп, 100 аурухана» аясында салынған нысандардың мәселесі үкімет сағаттарында да көтерілді. Осылайша бұл жобаны да ұқсатып жетістірмедік. Ал жобаға ілінбей қалған елдімекеннің тұрғындары әлі күнге дейін Кеңес дәуірінен қалған тозығы жеткен ескі ғимараттарда медициналық көмек алып, ілдебайлап жүр.
Денсаулық сақтау министрлігі «2027 жылға қарай медицинаны қаржыландыруды ЖІӨ-нің 5 пайызына теңестіреміз» дейді. Сала басшысы Ажар Ғиният: «Медициналық базамыз дамуда, маман тапшылығын жоямыз, қызмет түрін нығайтамыз, күрделі оталарды елімізде жасайтын боламыз, ауыр науқастарды елде емдейміз» деп есеп бергенде сенгің-ақ келеді. Әйтсе де медицина қызметінің сапасына күмәнмен қарайтындардың саны жыл сайын артып барады.
«Аналитик» талдау және сараптау орталығы мамандарының есебінше, қазақстандықтардың көбі жергілікті дәрігерлерге сенбей шетел асып, миллиондаған долларды өзге елде қалдыруға мәжбүр. Мәселен, 2020 жылы медициналық қызмет алу мақсатында өз күштерімен шетелде ем алғандардың саны 18 678 адамды құраса, 2021 жылы 55 061 адамды құраған. Былтыр бұл көрсеткіштер үш есеге өскен. Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева шетелге емделуге барған отандастарымыздың жылына 200 млн долларға жуық қаражат жұмсайтынын мысал етті.
«Оңтүстік Корея, Германия, Сингапур, Қытай, Израил елдерінен бөлек, Ташкентке, Бішкекке барып емделетіндердің бары бізді алаңдатуы тиіс. Қырғызстан мен Өзбекстанға барып емделетіндер ол жақтағы медициналық қызметтің сапасын, дәрігерлердің біліктілігін оң бағалап келеді. Біз «Қазақстан ТМД бойынша озық елдердің қатарында» деп есеп береміз. Ал халқымыз «бізден артта қалды» деген қырғыздардың медицинасына жүгінеді. Бұл арада үлкен зерттеу керек. Шын мәнінде бізде мемлекеттен науқасқа бөлінетін 100 теңгенің 10 теңгесі оны емдеген дәрігерге, тек 1 теңгесі ғана науқастың дәрісіне жұмсалады. Денсаулық сақтау министрлігі мұны қатаң бақылауға алуы тиіс. Саладағы жемқорлық медицинаның сапасын кетірді», –дейді маман.
Жемқорлықтан бөлек дәрігердің біліксіздігінен зардап шеккендер де жетерлік. Меруерт Молдабаева былай дейді:
«Алысқа бармай-ақ өзімді мысал етейінші, 2019 жылы жолдасым көлік апатына түсті. Бас-ми жарақаты, қабырға сынумен бірге бір құлағы жыртылып, төмен қарай салбырап, терісіне ілініп қалды. Жедел-жәрдем келіп, бірден аудандық ауруханада ота жасалды. Сонда біздің біліксіз дәрігерлер әлгі салбырап тұрған құлақты малдың құлағын кескендей кесіп тастаған. Содан бері жолдасым шұнақ құлақ. Былтыр Түркияға емделуге бардық. Жолдасымның құлағын көрген хирург дәрігер: «мына құлақты сол кезде теріге жапсырып, тігіп жібергенде қазір тыртықтың ізі де қалмай, әп-әдемі болып кететін еді ғой, мұны неге кескен» деп таңғалды. Осыдан кейін қалай біздің медицинаның біліктілігі артты деп есеп беруге болады».
Бір бұл емес, елдегі медицинаның біліксіздігінен, қағазбастылығынан түңіліп кетуге болатын мысалдар өте көп. Алматы қаласы Әуезов ауданының тұрғыны Сәбира Зәкариянованың да елдегі медицинадан әбден запы болғанына 20 жылдан асыпты.
«Бірінші топтағы мүгедек қызым бар. 20 жылдан асса да медицинамыздың түзелгенін көрген жоқпын. Әлі сол қағазбастылық, дәрігерлердің білімсіздігі. Көріп келе жатқаным – осы. Жиырма жыл бойы ешқандай алға жылжуды көрмедім», – дейді ол.
Ауруханаға жатудың машақаты, елдегі дәрігерлердің нәтиже бермейтін ем-шаралары мезі еткен соң Сәбира 2019 жылы ерекше туған қызын алып Оңтүстік Кореяға аттанған.
«Қызымның ақыл-ойы, дене бітімінің өсуі тежелген. Құлағы естімейді. Бізге бұл жақтың дәрігерлері туа бітті ақыл-ой кемістігі деп диагноз қойды. Осы диагнозбен 20 жыл жүрдік. Ем-шараны неврапотологтар тағайындады. Оңтүстік Кореяда қызыма бірден генетикалық анализдер тапсыртты. Генетикалық паспорты жасалды. Сол арада қызымда хромосомдық ауытқулар бар екені анықталды. Синдром Шерешевский Тернер деген диагноз қойылды. Кореяның дәрігерлері маған «мұндай балалар феномен. Сіздерді бір орталықтар алып зерттеуі керек» дейді. Шетелде ондай балаларды туа салысымен ғылыми орталықтар алып зерттеп, қалай өсіп келе жатыр, шашы қалай шықты, бойы қалай өсті барлығын күнделік ретінде жазып, өзге ғалымдармен тәжірибе алмасып, белгілі бір нәтиже шығарады екен. Бізде ғылыми-зерттеу жұмыстары түгілі, қызымның жай ғана медициналық диагнозы дұрыс қойылмады. 20 жыл бойы қызым дұрыс ем алмады», – дейді Сәбира Зәкариянова.
Кейіпкеріміздің сөзі дәлелді болуы үшін біз ол қызымен емделген Оңтүстік Кореядағы СунЧонХян университетіне хабарласып, онда аудармашы болып жұмыс істейтін Лана Римен тілдестік. Лананың айтуынша, Қазақстаннан емделуге келетіндер өте көп. Науқастардың көпшілігіне дұрыс диагноз қойылмайды.
«Қазақстаннан емделушілер көп келеді. Жуырда қазақстандық бір науқас келді. Сіздерде дәрігерлер оны қатерлі ісіктің үшінші сатысы деп емдеген. Науқас химия қабылдаған. Шаштары түскен. Жағдайы нашарлай бастаған соң үйін сатып, бізге келген. Біздің дәрігерлер пункция алды. Нәтижесінде ол науқаста ешқандай қатерлі ісік жоқ екені анықталды. Науқас қатерлі ісікпен емес, созылмалы асқазан аурумен ауырған. Ол 26 күн емделіп еліне қайтты. Алты айдан кейін бізге қайта келу ұсынылды. Бұдан соң тағы да Қазақстаннан бір науқас болды. Елдеріңізде құрылыс компаниясын басқаратын әйел адам екен. Жүріп тұруы қиын болғандықтан, Қазақстанда оған «оң жақ аяғын кесу керек» деген ұйғарым болған. Бізге келді. Нәтижесінде оң жақ тізесінен бір литрге жуық сарысу сорып алдық. Әйел өз аяғымен еліне қайтты. Тек қана Қазақстаннан емес, Ресейден, Беларусьтен, Өзбекстаннан, жан-жақтан келетіндер де бар. Біздің өзімізден де өзге шетелге барып емделетіндер бар. Медицинада шекара жоқ. Медицина ғылым болғандықтан, ғылыми жаңалықтармен бөлісу, ғылыми тұрғыда емдеу, тәжірибе алмасу, шетелдік мамандарға жүгіну қалыпты деп ойлаймын», – дейді Лана Ри.
Шынымен медицина ғылым. Ол жетілуі керек. Бір қарағанда бұл жағынан біз де әрекет жасап жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі соңғы жылдары елдегі медицина мамандарын бір айдан алты ай аралығында шетелге жіберіп оқытып та жатыр. Елімізде күрделі оталарды меңгеріп, трансплантация жасайтын білікті мамандар легі де қалыптаса бастады. Алматы, Астана, Шымкент тәрізді қалаларда медициналық базасы жетілген ірі медициналық орталықтар жұмыс істейді.
Алайда медицина ғылымының кандидаты Бақытжан Тұрсынбековтың байламынша, біздегі медициналық ғылымның даму көрсеткіші нөлге тең.
«Қазір халықаралық басылымдарда қазақстандық ғалымдардың еңбегінен дәйексөз алып, сілтеме көрсету мүлдем жоқ. Өйткені біздің ғалымдардың ізденісі аз. Жаңалық жоқ, ғылыми тұрғыда даму нөл. Медицинамыздың қауқарсыздығына қарамай, министрлік «Дені сау ұлт болуды» қиялдайды. Шетелдік ғалымдар қазақстандық ғалымдардың еңбегін мойындамайды. Мұның артында отандық медицина ғылымының құлдырауы тұр. Денсаулық сақтау министрлігі осыған мән беруі керек. Шетелде дәрігер болу үшін 28-30 жыл оқиды. Ал бізде зерттеу жүргізетін институттар да жекеменшік, жұмыс істейтін клиникалар да жекеменшік. Мемлекеттік медицина мекемелеріне қойылатын талап аз. Сондықтан үкіметінен бастап, министріне дейін медициналық ғылыми жаңалықтардың ашылуына, оның жетілуіне қатты мән беруі керек», – дейді маман.
Сондай-ақ сала мамандары ауыл медицинасының күнін қараң еткенімізді де жасырмады. Ауыл халқының 80 пайызы бүгінде өзін-өзі емдеп, бірі емшіге барып дем салдырып, енді бірі дәрігердің нұсқауынсыз дәріханалардан дәрі ала салып жансақтап жүр. Ауылды қойып, қала халқының да арасында дәрігерге барғанша, дәріханадан фармацевтпен ақылдасып, дәрісін ала салып, болмаса жарнамасы жер жарған БАД-ты ішіп емделіп жүргендер баршылық. Бүгінде «емханалар емдемейді, есіңді шығарады» дейтін елдің қарасы көп. Сонда денсаумин мұнымен «Дені сау ұлт» легін қалай қалыптастырғалы жүр?..
Тақырыпқа орай саладағы түйіткілдерді үнемі айтып жүретін «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменоваға хабарласып, көкейдегі сауалдарымызды қойдық:
Біздің емделу сандалумен өтеді
– Бақыт ханым, медицина саласын қаржыландыру 30 жылда бір кеміген емес, керісінше, жыл сайын артып отыр. Бірақ соған қарамастан, медицинада олқылықтар неге көп?
– Ең үлкен мәселе – маман тапшылығы. Арнайы мамандар жетіспейді. Біздегі емханаларда тек учаскелік дәрігерлер, хирург, травматологтар отырады. Көпшілігінде невропатолог, кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог, тағы басқа мамандар жоқ. Учаскелік дәрігерлер арнайы мамандарға жолдама береді де отырады. Ол жолдаманы алып алып, жаңағы мамандардың алдына жетем дегенше бір ай уақыт өтеді. Ол маманның нұсқауын алып, қайта учаскелік дәрігерге келесің. Біздің емделу сандалумен өтеді. Учаскелік дәрігермен, арнайы кәсіби мамандардың арасында жүгіресің де жүресің. Екі ортада жүйкең жұқарады. Емханадағы дәрігерлердің жетіспеуі, олардағы білімнің төмендігі денсаулық саласын тоқыратты. Сондықтан министрлік үлкен ірі медициналық орталықтардағы дәрігерлердің білімін арттыра бермей, бірінші кезекте емханадағы учаскелік дәрігерлердің білімін арттыруға мән беруі керек. Ауырсаң бірінші учаскелік дәрігерге барасың. Демек ең бірінші сол дәрігер білімді болса, ары қарай сабылу болмас еді. Осыдан барып медицинадағы олқылықтар да азаяр еді.
– Өзіңіз білесіз, отандық медицинаны дамытуда бірнеше бағдарлама қабылданды. Сол бағдарламалардың орындалуына көңіліңіз тола ма?
– Ол бағдарламалардың аясында бірінші ауылдағы дәрігерлердің біліктілігі көтерілуі керек еді. Ауылдық аймақтарға білікті мамандар барғаны жөн. Мысалы, ауылда УЗИ, МРТ, КТ аппараттары жоқ. Тұрғындар ол аппараттардан өтуі үшін қалаға немесе аудан орталықтарына барады. Ауылды жоғары технологиямен қамти алмадық. Оның тілін білетін мамандарды ауылға жасақтамадық. Қазір келіп ауылға баратын мамандар тапшы дейміз. Меніңше, ауылдағы емханалар УЗИ, МРТ, КТ, ЭКГ, колоноскопия, ФГДС тәрізді аппараттармен қамтылуы керек. Ауылға жұмысқа баратын дәрігерлер ол апараттардың тілін білетін, өте білімді маман болуы қажет. Үкімет ауылда тұратынын, аппаратқа өзі түсіре алатынын, ол аппаратты өзі оқи алатынын ескеріп, ол мамандарға екі есе жоғары жалақы төлеуі керек. Шалғай ауылдар түгілі Алматының іргесінде тұратын шеткі ауылдардың емханаларында мұндай аппараттар жоқ. Ол елдімекендердің халқы да жолдама ұстап алып қалаға сабылады да жүреді. Мұнымен қалай біз бағдарламалар нәтижелі болды деп айта аламыз. Сондықтан ол бағдарламалардың орындалуына көңілім толмайды.
– Болашақта нәтижелі жұмыс істеу үшін не істеу керек?!
– Мемлекеттік бақылау мықты болу керек. Біздегі медицинаның тағы бір олқылығы – телемедицинаны жетілдіре алмай отырмыз. Ауылдық, аудандық деңгейде телемедицина жоқ. Ауылда отырып, қаладағы профессорлардан кеңес алу, олармен талқылау өткізу жағы мүлде жетілмеген. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстанның ауылдары бір-біріне өте жақын. Бір ауылдан шықсаң, 10 метрден кейін келесі бір ауыл тұрады. Олардың халқына қалаға барып, білікті мамандардан кеңес алу да сонша қиын емес. Ал Қазақстанның жері үлкен. Ауылдардың ауданмен, облыспен ара-қашықтығы өте алыс. Осыны ескерсек, телемедицинаны жетілдіру қажет. Бұдан кейін АҚШ-та мынадай бір тәсіл бар. Америкада зейнетке шыққан қартайған профессорлар волонтер ретінде медициналық орталықтарға, емханаларға келіп, жас мамандарға білгенін үйретеді. Өз кезегінде үкімет те оларға қаржылай қолдау беріп те отырады. Біз қазір «кеңес кезіндегі дәрігерлер білімді» деп жатамыз. Сол кезде оқыған профессорларға зейнетке шығып кетсе де, осындай ұсыныстар жасалса деп ойлаймын. Бұл кеңестік дәуірді аңсау емес. Олар емханаларға келіп жас мамандарға кеңестерін айтып, білгенін үйретсе жақсы ғой. Одан соң, әрине, медицина дамуы үшін үкімет бақылауды күшейтіп, салаға бөлініп жатқан әрбір тиынның сұрауы болуы керек. Өйткені оның артында тұтас бір мемлекеттің денсаулығы тұр...