21:11, 22 Қараша 2018
Құлшынысты оятатын фильм

Бұған дейін «Қызғылт қоян туралы хикая», «Инопланетяндардың қатысы жоқ» фильмдерімен танылған Фархат Шәріпов жақында көрерменге «Тұлғалық өсу тренингі» атты толық метражды жаңа фильм ұсынды.
Картинаның сюжеттік желісі Д.Сүгралиновтың «Кирпичи 2.0» шығармасы бойынша құрылған. Тек кітапта бас кейіпкер жас жігіт болса, фильмде ол – қырықтың қырқасындағы азамат. Орта жас дағдарысын басынан кешіріп, бағыт-бағдарынан жаңылған Қанат – қарапайым банк қызметкері. Отбасында береке жоқ, жұмысқа деген қызығушылығын, өзіндік ұстанымын әлдеқашан жоғалтқан, бір-бірінен аумайтын сүреңсіз күндер мен мағынасыз, мақсатсыз өмірден жалығып, күйзеліске түскен шағында тұлғалық қалыптасу тренингіне тап болады. Коуч-тренерден қандай да бір жетістікке қол жеткізу мен көшбасшы бола білу жолдары туралы дәріс ала отырып, өзін де, өмірге деген көзқарасын да түбегейлі өзгертуге бел буады.Сергелдеңге түскен Қанатты тағдырдың өзі өмірлік сабақ боларлық сынға кезіктіреді. Ойламаған жерден өзінің талай жыл көріспеген курстасы Даниярды жолықтырады. Ал оның өмірі қызыққа да, шыжыққа да толы: қызмет, ақша, қыз-қырқын, жолдас-жора, жанына не керек – бәрі бар. Қалай өмір сүруді, дегеніне қалай қол жеткізуді жақсы біледі және Қанаттың да көп нәрсеге «көзін ашуға» тырысады. Бұл жағдайды одан әрі ауырлатпаса, жеңілдетпейді.Фархат Шәріпов осы фильм арқылы әр адамның басындағы әуре-сарсаңды, көкейдегі түйткілді мәселелер мен тұрмыстық қиындықтарды аңдатуды көздегенін, сан-салалы, қым-қуыт өмірдің бір ғана қырын сипаттауға тырысқанын атап өтті. Айтса айтқандай, психологиялық драма жанрындағы картина жүректі шым еткізерлік шынайы көріністерімен ерекшеленеді.Басты кейіпкер роліндегі белгілі актер Дулыға Ақмолда түсірілімге кіріспес бұрын, ұзақ дайындалғанын, режиссермен бірге әрбір сценаны ойнап жаттыққанын айтты. «Кейіпкер менің жаныма жақын, өйткені ол – қарапайым адам. Бақытыма қарай, мұндай жағдай менде болған емес, бірақ мен осындай халге тап болған талай адамды білемін. Қазіргі таңда қалай өмір сүрерін, қалай нәпақа табарын білмей дал болып жүрген, өз-өзіне сенімін жоғалтқан адамдар өте көп», – дейді актер.Данияр роліндегі Ержан Түсіпов өзіне тапсырылған образдың сәтті шығуына Дулыға екеуінің көптен бергі жақын таныстығы, тіпті театр сахнасында көптеген қойылымдарда қатар ойнағандығы себепкер болғанын жасырмады. Сол сияқты танымал актриса Гүлжамал Қазақбаеваның түскені де фильм салмағын арттыра түскені анық. Ал картинадағы коуч-тренер образын сомдау актер, музыкант, блогер Әнуар Нұрпейісовке бұйырыпты.Жабық көрсетілімі Алматыда жақында ғана өткен жаңа картина қазірдің өзінде бірнеше фестивальге қатысып үлгерді. Атап айтқанда, XXIII Халықаралық Пусан кинофестивалінің «Азия киносына назар» бағдарламасына енді. Сондай-ақ XIV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінің «Атамекен» конкурстық бағдарламасы аясында ұсынылды.Фильмнен түсінгеніміздей, өзгеруге, өмірді қайта бастауға ешқашан кеш емес. Ол үшін не қажет? Қалың көрермен мұны тек бірнеше айдан соң ғана біле алады. Өйткені «Тұлғалық өсу тренингін» прокатқа алдағы жылдың басында шығару ұйғарылып отыр.