Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:07, 20 Қазан 2020

Құм құрсауында қалған ауылдар

None
None

Еліміздің эколог мамандары Қазақстандағы құм басқан елдімекендерді апатты аймақтардың санатына қосу қажет екенін айтып отыр.

Мамандардың пайымдауынша, еліміздегі  жері шұрайлы, өсімдікке бай бұйраттардың орнын қазір 50–80 метрлік «құм таулардың» басуы жиілеген. Мәселен,  Маңғыстау облысына қарасты Сенек, Үштаған, Тұщықұдық ауылдары көшпелі құмдардың екпінді «шабуылына» ұшыраған.

— Бұрынғы колхоздардың орны мен қорымдардың көміліп қалғандығы соншалықты, тұрғындар ата­-бабасының қайда жатқанын таба алмайтын күйге түсті. Жаңа орыннан салынған қазіргі заманғы ауылдарды да құм баса бастады. Құм басқан ауыл тұрғындары болшағына үреймен қарап алаңдап отыр, – дейді мамандар.

   

Дерек пен дәйек

Жалпы, деректерге жүгінсек, бұл аймақтарды көшпелі құмнан азат ету үшін осы кезге дейін бірқатар іс атқарылыпты. Мысалы, 2004 жылдан бастап, Сенек, 2007 жылдан – Ұштаған, 2012 жылдан – Тұщықұдық және 2016 жылдан бастап, Шебір ауылын көшпелі құмнан қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл уақыт арасында 2910 гектар аумақты алып жатқан территория қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, аумақтағы 440 гектар жердегі құм қозғалысы тоқтатылды. 2009-2013 жылдары 300 гектар аумақта құм тоқтату іс шаралары жүзеге асырылды. «Бостанқұм» құм сілемінде (Ұштаған ауылы) 2007-2010 жылдар аралығында ауқымды құм тоқтату шаралары іске асырылды. Нәтижесінде, тұрғылықты жер маңайындағы 530 гектар аумақтық құм массиві тұрақтанды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақтың құм тоқтату іс шаралары атқарылды. 2011 жылдың аяғында Қызылқұмда (Тұщықұдық ауылы) құм тоқтату жобасы басталды. Жоба 640 гектар жер аумағын қамтиды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақта Тұщықұдық елдімекенін көшпелі құмнан қорғау жұмыстарын іске асырды. 2016 жылдан бері құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауданының Шебір ауылында жалғасын табуда.

 

Гәп қайда жатыр?

Дегенмен, экологтардың пайымынша, бұл жұмыстар әлі де тым аздық етеді. Болашақта аталмыш мәселелерге салмақты қарамасақ, оны шешудің жолы қиындай түсетіні тағы анық. Бұған қатысты ойын ортаға салған эколог-ғалым Жанкелді Мырзабеков былай дейді:

– Жалпы, шөлді, құмды аймақтарды ғылым тілінде «адамның күн көрісіне мейлінше, қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Бізде қазір осындай аймақтарда өнеркәсіп дамытпақ түгілі, күн көрудің өзі тауқымет. Бұл аудандардың халқын құнарлы жерлерге орналастыру мәселесі жедел шешімін табуы қажет. Тіптен өзге елдерде, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, «бізден дамуы артта қалды, ғылымы жетілмеді» деп мұрын шүйіріп, менсінбейтін Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз, шөлейтті, құмды жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса, үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде де жүзеге асырылып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріледі. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Байқаған шығарсыз, үшеуі де мемлекеттік мекеме. Біз «апатты аймақ» деп, танымағанның өзінде осы мәселені ойластырғанымыз жөн. Осы екі мәселені шешкенде ғана қазақтың тұрмыстық жағдайы түзелетін болады. Қазақ ауылдарының болашағын ойласақ, осы мәселені шешуді жеделдеткен жөн.

     

Бағдарлама көмектесе ме?

Сөйтіп, маманның пайымынша, қазір мәселені шешудің екі жолы бар: біріншісі – жыл сайын қаражат бөліп, ауылдарды бірте­-бірте басқа жерлерге көшіріп орналастыру, екіншісі – жауапкершілікті мойынға алып, көшпелі құмды тоқтату.

– Айталық, Жаңаөзен қаласы мен Қаламқас кен орындарындағы халықты ауызсумен қамтамасыз ету қарқынды дамып келеді. Осы  қарқынды пайдалану салдарынан, жерасты сулары көздерінің деңгейі төмендеп, қоры сарқыла бастады. Мысалы, Түйесу құм сілемінің оңтүстік бөлігіндегі жерасты суы бұрынғы деңгейінен 10­-12 метрге дейін төмендеп кетті. Батыс Қызылқұмның жерасты су қоры сарқылды. Мұндай жағдайда көптеген өсімдік тамыры суға жетпей қалатыны сөзсіз. Сонымен қатар ауылдарға табиғи газ жеткізілгенге дейін тұрғындар өздерінің табиғатқа қысастық жасап отырғанын ойламастан, құмдағы бұталарды отап, шауып, отқа жақты және малды есепсіз жайды. Міне, осыдан барып, аймақта құм көше бастады, сырттағы құм ауылдың ішін басып, арты үлкен проблемаға айналды. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселелерге қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған да артық болмайды, – дейді Жанкелді Мырзабеков.

  

Әкімдіктің қауқары неге төмен?

Мамандардың мемлекеттік бағдарлама турасындағы пікірін экономика ғылымдарының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов те қуаттап отыр. Экономист ғалымның пайымынша, мұндай аймақтарға салмақты шешімдер қажет.

– Жергілікті әкімдіктер, тиісті инстанциялар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті бюджеттен қаржы бөлер. Бірақ олардың бұл мәселені түбегейлі шешеуге қауқары жетпейді.  Біздің қазақтың көнбістігі ме, әйтеуір, қай уақытта болсын, мәселе әбден ушыққанда ғана байбалам саламыз. Құм басқан аймақтарды тазарту үшін, әлдеқашан арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауымыз керек еді. Ол ауылдарды құмнан аршып алуға жергілікті әкімдіктердің шамасы жетпейді. Жергілікті әкімдердің ұйымдастыруымен құмды аймақтарға тал, сексеуіл егу мәселелері жасалып жатқан көрінеді. Бірақ мұның барлығы, әлеуметтің әлеуетін көтеруге аздық етеді. Сондықтан құм басқан ауылдарды «апатты аймақ» деп жариялап, ол аймақтардың халқын басқа қауіпсіз аймаққа көшіріп, сол аймақ халқына арнайы жеңілдіктер берілуі керек. Осыған назар аударатын кезең жетті, – деді Жаңабай Алдабергенов.  

Үкіметтің құлағына алтын сырға

Жалпы, экологиялық болжамдар көрсетіп отырғандай,  болашақта әлемдік экологиялық климаттың ауытқушылығы жиі орын алатыны баса айтылуда. Бұдан шығатын қорытынды, елдімекендердегі су басу, құм көшу, шөлейттену қаупі жоғарылай түспек. Демек, біз болашақта осындай экологиялық апаттардың алдын алу үрдісін жетілдіргеніміз дұрыс.

Бұдан бөлек, болшақта біз үшін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру маңызды бола түспек. Мысалы, Украинада өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге қатысты арнайы заң бар. Ал біз жергілікті мемлекеттік басқару тәсіліне ғана сүйенеміз. Осының салдарынан, жергілікті әкімдердің басқару жүйесін тереңдете алмай отырмыз. Ойлап қарасақ, құм басып жатқан Атырау, Маңғыстау облыстарының елдімекендерінде қазақтың мұнайын өндіріп, шетелге экспортқа жіберіп, қалтасы қалыңдап жатқан қаншама алпауыт компаниялар бар. Десек те, жергілікті әкімдіктер осындай апатты жағдайдан шығу үшін, сол алпауыттардың көмегін пайдалана алмай, дәрменсіздік танытып отыр. Өйткені олар жергілікті әкімдердің талабына пысқырмайды да. Міне, бұл өзін-өзі басқару жүйесінің жетілмегенінің бір сипаты. Сондықтан бұл проблемаларды шешу үшін, Үкімет, алдымен, осы аталған жайттарды таразылап, зерттеп, жергілікті билікті қолдаудың жан-жақты шараларын қарастыру қажеттігін түсінуі керек.

Тақырыпқа түйін:

Жайлауды шөлге айналдырмайық

Қалай десек те, елдегі өмір сүруге қолайсыз аймақтарда түйінделген мәселелердің бары анық. Атырау, Маңғыстаудан бөлек, Аралдың халқын да қаланың орталығындағы сорға айналған көлдің сорлатып отырғаны жасырын емес. Мамандар «Арал өңірінде жыл он екі ай жел, дауыл болатындықтан, құм көшіп көптеген ауылды құм басып қалу қаупі бар» деп отыр.  Жамбыл облысында бірнеше ауыл экологиялық апаттың алдында тұр. Мойынқұм ауданындағы мыңдаған гектар жайылым мен шабындық жерлерді құм басып барады. Өйткені қазір Шу өзенінің бойында гидроқондырғы жоқ. Сондықтан жергілікті әкімдік алқаптарға арнаны бұру үшін қолдан бөгет жасайды. Бір ғана гидроқондырғының салынбауының кесірінен, көкмайса жайлау кәдімгі шөлге айналған. Мамандардың есебі бойынша, аудандағы он мың гектардан астам жерді құм басқан. Құмның кесірінен, өзен табиғи арнасынан айныған. Өзектер көміліп, су жайылымға шықпай қалған. Тізе берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Сондықтан сала мамандары «болашақта еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осы жайттарды електен өткізіп, мәселені шешу үшін Үкіметке мәнді әрі мағыналы ұсыныстарын өткізе білуі керек» деп отыр.

Тегтер: