«Құпия құжаттарды дәретханада сақтаған» Трамптың күні не болады?
АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп Майами қаласында федералды сот алқабилерінің қолына өз еркімен берілді.
Ол өзіне тағылған 37 айыпты билердің аузынан естіді және ешбірін мойындамайтынын, «саяси қудалау екенін» айтты. Жақтастары да қылмыстық істердің артында Ақ үйдің қолы тұр деп есептейді. Алайда Трамптың бұрынғы қызметтестерінің кейбірі оның енді ес жиюы екіталай деген.
Әлем 13 маусым, сейсенбі күні АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трампты «аңдыды». Батыстың беделді ақпарат құралдары оның отырған, тұрған, кірген, жүрген әрбір сәтін жарыса жазып, бірінен-бірі озуға тырысты. Олай болмас жөні де жоқ, өйткені биліктен кетсе де АҚШ заңына сай қорғаныш иммунитеті жоғары Трамптың сот алдында жауап беруі күнде кездесетін экслюзив емес. Миллиардер Трамптың Флорида штаты Майами қаласындағы «Трамп Дорал» қонақ үйінен шыққанын, күзет қызметінің қорғаштауымен сүлік қара көлігіне мініп, бір сағатқа жуық жүріп федералды сот ғимаратына жеткенін камера ұстаған журналистер қалт жібермеді. Бірнеше телеарна Трамп кортежіне тікұшақпен ілесіп отырды. Экс-президентті (АҚШ биліктен кеткен президенттеріне «экс» аббревиатурасын пайдаланбайды) далада күткен топтың қарасы да қалың. Майами көшелерінде оны қолдап ұрандатқандар да, сотталуын талап етіп, наразылық білдіргендер де топ-тобымен жүр. Жергілікті полиция әрбір көшені қатаң бақылап, екі тараптың жанжалдасып кетуіне жол бермеді.
Көліктен түскен Трамп еңсесін түсірмей, кеудесін тік ұстады. Айналасындағы күзетші-қызметшілері оның мол денесін сырттағы самсаған камерадан жасыра алмай әлек. Қан қызыл галстугі қаракөк кәстөміне құп жарасқан президент ескі әдетінше көпшілікке қолын бұлғап, әнтек жымиды да өте шықты. Ақ үйде тағы төрт жыл тұруды армандап жүрген миллиардер жан дүниесіндегі алай-дүлейді көрсетпеуге тырысып, сот ғимаратының ішіне кіргенше асықты.
Іштегі ақпарат сыртқа там-тұмдап қана шықты. Трамп сот ғимаратына кірген бетте АҚШ заңына сай өз еркімен берілген адам саналады. Қарсы алған сот оған тағылған 37 айыпты ресми түрде оқыған. Трамп ешбірін мойындамаған және кінәсіз екенін қайталаудан танбаған. Ресми іс-шара аяқталған соң көп ұзамай күдікті Майамиден басқа жаққа ұшып кетпеу туралы міндет алып, босап шықты. Шыққан бетте Трамп кортежі «Версаль» кафесіне барып тоқтаған. Ол жерде миллиардерді 14 маусым 77 жасқа толуымен құттықтап, тілеулестері күтіп отырған.
Трамптың бұл соңғы екі айда сотқа екінші рет келіп, жауап беруі. Алғашқы іс «бизнестегі есеп-қисабын жасырып қалу үшін жалған құжат жасау» күдігі бойынша сәуір айында басталған. Ол істі Манхэттен соты қарап жатыр. Бірінші отырысы 2024 жылдың наурызына белгіленген.
ТРАМПҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?
АҚШ прокуратурасы 45-президентке екінші іс бойынша 37 айып таққаны 9 маусым күні белгілі болды. Оны «құпия құжаттарды үйінде заңсыз сақтап, АҚШ-тың қауіпсіздігіне қауіп төндірді, сыртқы қарым-қатынасына сызат түсіре жаздады» деген. 49 парақ айыптау актісінде «құпия сөз байласу», «тыңшылық», «жауаптан жалтару» дейтін тіркестер де кездеседі. Айыпқа Трамптың былтыр Флоридадағы сарайынан тәркіленген 11 мың құжат себеп. Ол құжаттың кемі 100 шақтысында «құпия», кейбірінде «аса құпия» дейтін мөр болған. Құжаттардың кейбірінде АҚШ-тың ядролық қаруына тиесілі мәлімет бар. CNN агенттігінің жазуына қарағанда, Трамп құпия құжаттарды ұйықтайтын, жуынатын, спортпен шұғылданатын бөлмелерінде, тіпті дәретханасында да сақтаған.
BBC агенттігі федералды сот жүйесіндегі дереккөздеріне сілтеп, Трамп Ауғанстандағы әскери картаны және өзге бір елге (Иранға делінеді) шабуылдың құпия жоспары туралы құжаттарды гольф ойнайтын кейбір жолдастарына көрсетуі де мүмкін екенін жазды.
Батыс басылымдары 37 айыптың бәрі дәлелденсе Трампқа ондаған жыл түрме жазасы кесілетінін есептеген. Ең қатаң жаза деген күннің өзінде құжаттарды заңсыз сақтау күдігі топтастырылған 31 пункт бойынша 10 жыл, астыртын сөз байласу күдігі бар 4 пунктіге 20 жыл, тағы екі айыпқа 5 жыл берілмек. Бірақ бұрынғы президенттің ісін қарайтын 12 алқаби ондай жазаға өзара келісе алмауы да мүмкін. Заңға сәйкес, 12 судьяның бәрі Трампты айыпты деп мойындамаса үкім шықпайды, іс қайта тергеуге жіберіледі. Оның үстіне, алқабилердің төрайымы – Эйлин Кеннон есімді судья. Кеннонды Оңтүстік Флорида округінің судьясы етіп 2020 жылы президент кезінде Трамптың өзі тағайындаған.
ТРАМП САЯСАТТАН КЕТЕ МЕ?
Бұны бұрынғы президенттің өзі шешеді. Сот оны жақын арада қылмыскер деп тапса да Трамптың 2024 жылы өтетін президент сайлауына кандидат боп түсуіне шектеу қоя алмайды. АҚШ заңы солай. «Ешқайда кетпеймін. Кететін болсам 2016 жылы саясатқа келмес едім» деді ол жексенбі күні Politico басылымына берген сұхбатында. Өзінің АҚШ тарихында бұрын-соңды ресми қылмыс айыбы тағылған алғашқы президент екенін Трамп сайлауалды үгіт-насихат кампаниясына да ұтымды пайдаланғысы келеді. Оның жақтастарының көбі қылмыстық істерді «саяси қудалау» деп есептейді. Конгрестегі республикашылдардың кейбірі экс-президенттің құпия құжаттарды үйіне жинап алғанын орынсыз санап, жария кіналаса да Reuters агенттігінің 10 маусым күні жүргізген сауалнама нәтижесі Трамп беделі сайлаушыларының алдында көп түспегенін көрсеткен. Сауалнамаға қатысқан республикашыл көзқарастағы респонденттердің 81 пайызы екі қылмыстық істен де саяси астар байқаған әрі ол күдіктерін қазіргі президент Джо Байденнің үйінен де құпия құжаттар тәркіленгеніне, алайда оның жауапқа тартылмағанына сілтеп түсіндірген. Құпия құжаттар рас, былтыр қараша-желтоқсан және биыл қаңтар айларында президент Байденнің де сарайларынан табылған және оның бәрі Байденнің бұрын сенатор, кейін президент Барак Обама әкімшілігінде вице-президент болған кезіндегі қағаздар екені анықталған. Ол істі де қазір арнайы прокурорлар тергеп-тексеріп жатыр. Әзірше ресми айып тағылған жоқ.
Экс-президент партияластарының бәрі оның құпия құжаттарды үйінде сақтағанын құптамайды. Трамп Ақ үйде отырған кезде әкімшілігінде мемлекеттік хатшы боп істеген Майк Помпео FOX NEWS телеарнасына берген сұхбатында бұрынғы бастығының әрекетін «дұрыс емес» деп бағалаған. 2019-2020 жылдары бір жарым жыл уақыт АҚШ-тың бас прокуроры болған Уильям Барр «айыптау актісінде айтылғандардың жартысы расталса, Трамптың күні бітті дей беріңіз» деген.