Құқығыңды білсең, кем болмайсың
«Білмеген у ішеді» деген сөз бар. Кейде халқымыздың өз құқығын білмеуі салдарынан құқығы тапталып, тіпті кейде істі болып жатқанын көргенде «у ішудің» зардабын анық сезіне түсеміз.
Сондықтан халқымыздың құқықтық сауатын арттырудың маңызы зор! Жалпы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, еліміздегі қабылданған заңдарға бағынуға, өзгелердің де құқығына құрметпен қарауға үйрету барлық мемлекеттік органның негізгі бағыттарының бірі саналады. Құқықтық мемлекет қалыптастырам деген кез келген ел де ең алдымен халық бойында құқықтық мәдениет қалыптастырып алуы керек. Өйткені тәртіпсіз, құқықсыз ел болуы мүмкін емес.
Дамыған елдерде ең алдымен адам құқығының жоғары тұратынын ескерсек, дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат еткен еліміздің құқықтық мәдениетке ден қоюы түсінікті. Осы орайда азаматтарымыз да өзінің құқығын жетік білуге тырысуы керек. Өзінің құқығын білмеген адам ешқашан өзін қорғай алмайтындықтан, мүмкіндігінше құқығын білуге ұмтылғаны жөн. Әр азамат өз құқығын жетік білгенде ғана демократиялық қоғам құруға атсалысып, елімізде орын алып жатқан кез келген өзгерістерден шет қалмауға тырысады. Бұл өркениетті қоғам құрып, дамыған мемлекет құруға ықпал етеді. Сондықтан халықтың құқықтық сауатының маңызы зор!
Осы орайда заңгер Мырзабек Бекберді «Халықтың құқықтық сауаттылығының төмендігінің бір мысалы қарапайым азаматтық құқықтық шарттар жасаспауымен сипатталады. Өйткені адамдар күнделікті тірлігін оңай шешем деп ойлап, қарапайым сауатты адамның жасайтын дүниелерін істемейді. Қарапайым мысал келтірсек ауылдан жұмыс іздеп келген жастарымыз көп жағдайда еңбек келісімшартына мән бермейді. Сосын ертең жалақысы төленбей жатса бізге келіп шағымданады. Сотқа бергісі келетінін айтып, ойласып жатады. Ал жұмыс берушімен арада келісімнің тек ауызша жүргізілуі, айғақ болар еш құжаттың тіркелмеуі біздің қолымызды байлап жатады. Немесе заң аясында өзіне қандай медициналық қызметтер кепілдендірілгенін білмейді. Сосын ақылы медициналық қызметке жүгініп, өз құқығын өзі аяқасты етіп жатады. Жақында ақпараттық сайттан мына жаңалықты естіп таңғалдым. Халықтың барлығы дерлік дәмхана немесе мейрамханаға барғанда ішкен жеген тамағынан бөлек даяшыға төленетін 10-15 пайыздық қызметі үшін төленетін ақының заңсыз екенін білмейді екен. Яғни бізде халықтың құқықтық сауатының төмен екенін білгендіктен талай адам сан соқтырып жүр. Өз құқығын білмейтін адамдар алаяқтың да арбауына тез көнеді. Сондықтан ең алдымен әр адам өзінің құқықтық сауатын күшейтуге тырысқаны жөн. Бәлкім, азаматтарымыздың өз құқығын білмеуі де елімізде алаяқтардың көбеюіне ықпал етіп тұрғандай», – дейді.
Бұл күнделікті кездессе де білмегендіктен талай жанның өз құқығын аяқ асты етіп жүргенінің бір айғағы. Сондықтан елімізде қабылданып жатқан заңдар – халықтың қаруы екенін, заң білсе кез келген азамат барлық уақытта өзін қорғап шыға алатынын ұғынуы керек.