Құқықтық сауат – әрбір азамат үшін маңызды
Адам құқығын қорғауда ашықтық пен жариялылықтың маңызы зор. Осы орайда еліміздің сот жүйесі басқа мемлекеттік органдарға қарағанда ашықтық жағынан басқалардан озық тұрғаны баршаға аян.
Ашықтық пен жариялылықты ту еткен сот саласы барынша азаматтарға өз құқығын білуді, құқықтық сана қалыптастыруды мақсат етуде. Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесі азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға, әлеуметтік желіде соттардың халықпен жариялы қарым-қатынас орнатуын қамтамасыз ете отырып, өз құқығын қорғауды үйретуге шақыруда.
Осы орайда мемлекет басшысы өз жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деп халықтың құқығы мен қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екеніне тоқталып өткен болатын. Яғни адам құқығы қорғалмайтын мемлекеттің дамуы төмен екенін еске салған болатын. Сондықтан қазіргі таңда елімізде халық құқығы тиісті деңгейде қорғалуы үшін барынша күш салынуда. Еліміздегі заңгер мамандардың айтуынша, соңғы кездері өз құқығын білмеуінен алимент өндіру ісінде қиналып немесе алаяқтарға алданып, ақшасын қайтара алмай жүрген, ауызша мәмілемен жұмыс істеп немесе қарызға ақша беріп ала алмай жүрген жанардың қатыра артқан көрінеді. Көп жағдайда қазақылыққа салынып, өзін заңдық тұрғыдан қажетті деңгейде қорғай алмағандар сот арқылы құқығын қорғауға тырысып жататын жағдайлар жиілеген. Қарапайым халық бір-біріне қарыз бергенде ауызша келісе салады, нотариуске барып, займ шартын жасау немесе қолхат алу керектігін біле бермейді. Бұл кейін соттасу кезінде де дәлел таппай өз құқығын қорғауына кедергі болып жатады. Сондықтан қазіргі таңда халық арасында осындай қарапайым нәрселерге мән бере отырып, құқығын қорғауды үйрету кең насихатталуда.
Тағы да сол құқықтық сауатсыздығының кесірінен алаяқтарға алданатындар да көбеюде. Сәйкесінше, түрмеде жазасын өтеушілер арасында да алаяқтық ісімен сотталғандар көбейе түскен. Осы орайда онлайн алаяқтарға, қаржылық пирамидаларға алданғандар немесе үй алуға кезегіңді жылжытып берем, жер алып берем секілді уәделердің құрбаны да артқан. Осы орайда бүгінгі күні елімізде алаяқтықтың алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Адвокат Кәрібай Тасшабаев: «Елімізде құқық негіздері мектепте оқытылғанымен көп жағдайда халқымыз өз құқығын қорғай алмай жатады. Мектепте оқытылған құқық сабағы халықтың құқықтық сауатын арттыруға жеткіліксіз болып отыр. Нақты тәжірибелерге негізделген халықтың құқықтық сауатын арттыру сабақтары керек. Әйтпесе кейде өзінің ісі алаяқтық екенін де түсінбейтін, үстінен арыз жазылғанда ғана өз ісін бағамдайтын жандар жетерлік. Тіпті құқықтық қабілетінің жеткіліксіздігіне қарамастан, олар істі болып жатады. Өйткені қылмыстың өтеуі жаза. Сондықтан халықтың құқықтық сауатын арттыратын сабақтарды мектеп кезінен бастап үйрету керек. Қарапайым заң талаптарын бала кішкентайынан отбасында біліп өсуі керек. Орын алған қылмыстар мен оларға тағайындалған жаза қоғамда ашық айтылуы тиіс. Халық әр құқықбұзушылықтың артында жаза барын сезінуі керек. Сонда қоғамда халықтың құқықтық сауатының төмендігі жайлы әңгіме қозғалмайды» дейді. Демек қоғамда құқықтық сауатты арттыру жұмыстары әлі де болса күшейтіле беруі керек.