Құрғақшылық әкімдерге сабақ болды
Түркістанда мал азығының екі жылдық қоры жасақталады
Былтыр Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде болған құрғақшылық, малдардың жаппай қырылуынан туындаған төтенше жағдай әкімдерге үлкен сабақ болды. Жалпы әр қиындықтың артында, бір пайданың болатыны рас.
Биылғы жағдай былтырғымен салыстыруға келмейді. Көктемде жауын-шашынның мол болуынан шөп бітік шықты. Түркістан облысы әкімдігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын 851 мың гектарға егу жоспарланып, ол жұмыс толығымен аяқталды. Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде малазықтық дақылдардың көлемі 5,5 мың гектарға артып, 227,5 мың гектарға орналастырылды. Сондай-ақ дәнді дақылдар – 298,2 мың гектарға, дәндік жүгері – 44,5 мың гектарға, бидай – 201,2 мың гектарға егілді.
Жуырда Түркістан облысы әкімі аппаратының отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев малазықтық дақылдың 2 жылдық қорын жасақтау маңызды екенін жеткізіп, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшысына тапсырмалар берді.
– Былтырғыдай күрделі жағдай қайталанбауы тиіс. Қазір нағыз жұмыстың қызған шағы. Мал азығын әзірлеуге, жинауға баса назар аударыңыздар. Биыл 2 жылға жететін қор жасақтау қажет. Ауа райының жаңбырлы әрі шөптің мол болуы қолайлы болып тұр. Жем-шөптің бағасы да былтырғыдан арзандады. Осы мәселені толық қадағалап, мониторинг жүргізіп отырыңыздар, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биылғы егіс науқанына 12,2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан дала жұмыстарына 1672 агроқұрылымға 5,3 млрд теңге несие берілген. Көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін облыста төмендетілген бағамен 47,9 мың тонна дизель отыны бөлініп, босатылды.
Облыста 475 түрлі минералды тыңайтқыштың құнының 50 пайызын субсидиялауға 6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 319 мың гектар егістік алқап тыңайтылады.
Биыл өңірде мал саны да айтарлықтай артқан. Мал басының артуына байланысты мал қыстату науқанына қажетті мал азығы 4,1 млн тоннаны құрады. Бүгінгі күнге 0,5 млн тонна мал азығы дайындалды. Егілген егіс көлемінен 645 мың тонна мал азығы жиналады. Облыста егістік алқап басынан табиғи шөптер прессі 350-400, жоңышқа 500-700 теңге аралығында сатылуда. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-ы арқылы облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылуда (65 тг/кг). Бүгінгі күнге 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылды.
Былтыр Түркістан облысында құрғақшылыққа қарамастан, мал басына қажетті 3,9 млн тонна мал азығын дайындау туралы жоспар артығымен орындалған болатын. Бұдан бөлек, орман қорындағы жайылым алқаптарды шаруалардың уақытша пайдалануына беру жұмыстары қолға алынды. Әкімдіктің ұйымдастыруымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Төле би аудандары Шардара, Отырар аудандарының орман қорындағы жайылым жерін және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жайылымдарын пайдалану туралы меморандум жасалынды. Осы арқылы 736 агроқұрылымға 842,1 мың га жайылым жер, шөп шабу үшін 47 агроқұрылымға 3 мың га шабындық жер берілді.
Былтыр құрғақшылықта облыста ағын суға қатысты мәселе өте күрделі болды. Бірақ үкімет пен облыс әкімдігі тығырықтан шығудың жолын тапты. Түркістан және Қызылорда облыстарында Сырдария өзеніндегі су деңгейі Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасына байланысты екендігі белгілі. Былтыр аталған су қоймасындағы судың мөлшері соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткішке дейін азайды. Норма 15 миллиард текше метр болса, 1 сәуірдегі жағдай бойынша толымдылық 8,7 миллиардты ғана құрады. Сондай-ақ Арыс өзенінің ағыны нормадан 73 пайызға және тау өзендерінің орташа ағыны – 25 пайызға төмендеді.
Бірақ осындай күрделі ждағдайға қарамастан үкімет Қырғызстанмен Тоқтағұл су қоймасынан жаз айларында қосымша 330 миллион текше метр су алу туралы келісімге қол жеткізді. Бұдан бөлек Тәжікстандағы Бахри Точик су қоймасынан қосымша 315 миллион текше метр су жіберу туралы уағдаластық жасалды. Осының нәтижесінде Оңтүстіктің шаруалары жазда ағын судан таршылық көрген жоқ.
Айта кетері, облыстың Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандары ағын судың 90 пайызын көршілес Өзбекстаннан алады.
Соңғы жылдары облыста су үнемдеу мәселесіне баса көңіл бөлінуде. Үнемдеудің бір жолы жаңа технологияларды қолдану. Соңғы жылдары облыста жаңбырлатып суару қолға алынып жатыр.
– Біз Түркістан өңірінде суды тиімді пайдаланып, одан мол өнім алудың үлгісін көрсетуіміз керек. Оған мүмкіншілік бар. Ол үшін бірігу керек. Ысырапшылдыққа жол берілмейді. Ағын суды үнемдеп, жаңа технологияның көмегімен пайдалануды үйрену қажет. Түркістан төңірегін көгертіп, оазис жасаймыз, – деді аудандарда шаруалармен кездесу барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару ағын судың шығынын бірнеше есеге азайтады, өнімділікті төрт есеге көбейтеді. Қазір Түркістан қаласының маңында диқандар АҚШ-тан әкелінген жаңбырлатып суаратын техникаларды пайдаланып жатыр.