Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 01 Наурыз 2022

Құрманғали Жұмағұлов, кәсіпкер: Қолымыздағы байлықты дұрыс пайдалана алмай отырмыз

None
None

Елімізде жылқы шаруашылығы ата кәсібіміз екені етенеден белгілі. Дегенмен де, елімізде жылқы шаруашылығын қалай дамытып жатырмыз?

Әрі бұл шаруашылықты заман ағымына қарай тиімді пайдалана алып жатырмыз ба? Бұл жөнінде «Saumal deluxe» кәсібінің басшысы, кәсіпкер Қүрманғали Жұмағұловпен әңгімелескен едік.

— Шаруашылығыңыз жайлы жалпы айтсаңыз? Қанша жылдан бері осы салада қызмет атқарып келесіз?

— Жылқы шаруашылығын бастағанымызға биыл 5 жыл болады. Шаруа қожалығымыз Талғар ауданындағы Белбұлақ деген жерде орналасқан.  Бұл кәсіпке келуіме көп жыл ауырғаным себеп болды. Сол уақыттарда емделмеген жерім қалмады десем де болады. Себебі, Қазақстанда да емделдім, Қытайға да, Тибетке де бардым. Ешқайсысы нәтиже бермеді. Содан бір кісілер: «Саумал ішіп көр, мүмкін жазыларсың» деді. Содан саумал ішіп бастаған соң, іш-құрылысым жақсара бастады. Осылайша, 5 жыл үзбей іштім. Ақырында денсаулығым түзелген соң, жылқы шаруашылығына қызығушылығым оянып, осы салаға біржолата бет бұрдым. Бірақ өзім қалада өскен соң, мал ұстап та көрмегенмін. Сонда да тәуекел етіп, бір күнде кәсіпті бастап кеттік. Басында көптеген қиындықтар болды. Шаруашылыққа қатысты осы саладағы әртүрлі адамдардың пікірлерін тыңдап көрдік. Әрқайсысы өз ыңғайына қарай түрлі кеңестерін берді. Кейін 2-3 жылдан кейін өзіміз де пісіп, қалай жұмыс жасау керектігін үйрендік. Арасында 6 ай кіріссіз жұмыс істеген кездерім де болды. Бірақ өмірбақи кәсіпкерлік салада жүргендігімнің арқасында, тез бейімделіп кеттім.  Бастапқыда бір үйір бие алып келіп, қорасы мен үйді сала бастадық. Артынша қымызды қалаға тасымалдап, сатуға шығарғанымызда, көпшілік: «шаруашылыққа барып, қонақтап ішсек бола ма? Жатар орын бар ма?» деп сұрай бастады. Содан ойлана келе, өз үйімізді қонақ үйге айналдырдық. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар келіп, саумал ішіп, емделіп жатыр. Шетелден әсіресе, Ресейден де адамдар көп келеді. Бірақ пандемия басталғалы бері, шетелден келетіндер кішкене саябырсып қалды. Ал кәсібіме жалпылама тоқталып өтсем, бес түрлі кластерлі экономика бойынша жұмыс жасаймыз. Мәселен, бірінші малдың басын көбейтіп, сүт өнімін аламыз. Одан кейін қымыз жасап, қонақ үй туризмі мен медициналық, ішкі туризмдерді жүргіземіз. Оның ішінде экотуризм де бар. Соңғысы – ритейл, яғни өнімдерімізді үлкен сауда орындарына өзіміз апарып сатамыз. Сондай-ақ оншақты жұмыскерді жұмыспен қамтып отырмыз.

Тазалық пен жоғары сапаны ұстанғандықтан да шығар, қазір тұтынушыларымыз көбейді. Оның үстіне ғылыми-зерттеу орталықтарымен, Қазақ аграрлық университетімен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз.  Ғалымдар біздің қымыз бен басқа қымыздың құрамын зерттегенде, біздің қымыздың айрықша екенін айтқан болатын. Содан кейін пандемия алдында бірлесіп саумалдан йогурт, балмұздақ, ірімшік жасадық. Бірақ біржағынан пандемия, екінші жағынан, шығын мен уақытты қажет ететіндіктен, йогурт пен балмұздақ жасауды тоқтатып тастадық.

— Күнкөріс деңгейі төмен заманда кәсібіңіз қалай өрбіп жатыр?

— Бұған тек қана – Еңбек, Еңбек, Еңбек деп жауап берер едім. Әрине, қазір халықтың жағдайы төмендеп кетті. Негізі барлығын өндіруге, жасауға болады.  Бірақ апарып сату қиын. Сауда орталықтары мен маркеттерге барсақ, сататын жер бермей жатады. Тек қана «Гранд парк» сауда орталығы арнайы Фермерлік базар ашып, сатушыларға орын берді. Онда өңшең өндірушілер мен алыпсатарлар қолдан жасалған тағамдарын сатып жатыр. Бұл халыққа да, сатушыларға да өте ыңғайлы. Дәл осы секілді сауда орындары көп болса екен. Тек қана қаланың шетінде емес, орталықтарында  да арнайы алаңдар берсе, жақсы болар еді. Себебі, күн сайын сауда орындарына барып, «Кіргізіңіздер, орын беріңіздер!» деп жалынып жатамыз. Кейде «сүт өнімдеріне бір-ақ орын бар» деп бір ғана сүт өнімін сататын сатушыны кіргізеді. Бұл да дұрыс емес. Өйткені басқа сатушының өнімі мен біздің өнім бір өнім болғанымен, сапасы, дәмі, бағасы екі түрлі. Сол үшін сүт өнімдерін сататын арнайы орын болмаса да, сауда орталықтары кіргізіп, орын берсе екен дейміз. Сол себепті әзірге амалдап тек қана «Гран парк» сауда орталығында өнімімізді сатудамыз. Сонымен қатар кәсібімізді рухани жаңғыру жағынан жан-жақты толықтыру үстіндеміз. Мәселен, той-томалақтарға күбімізбен, тостағанға қымызымызды құйып, фуршет жасап шығып жатырмыз. Әрі тойбастарға «Saumal Deluxe» брендімен астына той иесінің атын жазып, қымыз жинақтарын ұсынып, тойдың сәнін ұлттық сусынымызбен әрлеп, кәсібімізді жалғастырудамыз.

— Ал саумал мен қымыздың қолжетімділігі қалай?

— Біріншіден, бізде жайылым жер болмағандықтан, жем-шөптен бастап сатып аламыз. Мәселен, былтыр бір бума жоңышқаны 2000-2500 теңгеге сатып алып жүрдік. Соған орай, біз де шығынға ұшырамас үшін өнімнің бағасын көтердік. Оны көбісі түсінеді. Ал түсінбейтіндер «сендер қымбат сатасыңдар!» деп ренжіп те жатады. Онда «қолжетімді бағаға басқа жерден алыңыз десек, оны ішкісі жоқ». Өйткені сапасы қандай екенін біліп тұр. Бірақ бізден алып, үстінен қосып сатып жатқандар да баршылық. Ал өзімізге келсек, өз-өзімізді аяқтандырып, күні-түні қара тер еңбегімізбен жұмыс жасап отырмыз. Кезінде бір қариялар «Жылқы киелі мал болған соң, таза жүрсең үйіп-төгіп береді. Таза жүрмесең, теуіп шығарады» деп айтқан еді. Қарияларымыз айтпақшы, жылқы шаруашылығы жүрегіңіз ақ, ниетіңіз таза болса ғана жемісін де ырысын да береді. Әйтпесе, жылқы асырап, аяғына жеткізбей жүргендер өте көп. Сол себепті, біз сапа мен тазалық жағына көп көңіл бөлеміз. Бағамыз да сол үшін қымбат. «Арзан еттің сорпасы татымас» демекші, көбісі арзан қымызды ішеді де, екінші рет қайта алмайды. Содан кейін біздің қымызды ішкен соң, өзгенің қымызынан айырмашылық бар екенін тез байқап жатады. Өзгелердің қымызында қоспа бар ма, оны білмедім. Көзбен көрмеген соң, айта алмаймын. Тек халықтың пікірінен, біздің қымызға сұраныстың жоғарылығынан айырмашылық көп екенін байқаймын.

— Саумалды сауған бойда ішпесе, нәрін жоғалтады деп жатады. Жалпы саумалды ішу тәртібі қалай? Көп ішкен жағдайда зиян болмай ма?

— Әртүрлі ғалымдардың айтуынша, саумалды біреулері 3 сағатта, ал біреулері 5-8 сағатта құнарын жоғалтпайды деп айтып жатады. Дұрыс емес. Саумалдың құрамында витаминнен басқа өзге де ферменттер болғандықтан, ауаға тарап кетеді. Ал саумалды 3 сағаттан соң қымызға айналып кетеді деушілер де бар. Ол да дұрыс емес. Қазақта «шелек жерге түскенше, саумалды ішу керек» деген сөз бар. Сол үшін сауа салып ішкенге жетпейді. Ішу тәсіліне келсек, саумалды бір мезгіл ішсеңіз де, екі мезгіл ішсеңіз де пайдалы. Ал жақсылап емделемін десеңіз, бес мезгілден, 120 күн ішу қажет. Бізге 3, 4 стадиясындағы жаман аурулармен келіп, емделушілер көп. Олардың ішінде «1-2 ай өмірің қалды, емдеуге келмейді» деп ауруханадан шығарылып, бізге келіп жазылып кеткендер де бар. Бірақ саумалды ішу керек екен деп, сылқылдатып ішу де міндет емес. Оны өз мөлшерімен, ретімен ішкен жөн. Егер көп ішіп қойсаңыз, ағзаңыз көтере алмай, ауруыңыз да мүмкін. Сондай-ақ адамның бойында саумалдағы витаминдердің белгілі бір мөлшердегі элементтері болады. Сол үшін қайта-қайта тәбет тартып, іше беруді тәуелділік деп түсінбеу керек. Ағзадағы элементтер толыққанда ғана саумалдан бас тартып, тоқтайтын кезі келеді. Мәселен, өзім 5 жыл бойына саумалды ішіп келдім. Дәрігерлер 40 күннен аса ішуге болмайды деп айтқан болатын. Бірақ бұл толық зерттеліп, дәлелденбегендіктен келіспеймін. Табиғи өнім болғандықтан, қорқудың қажеті жоқ. Бір стаканнан бір ай ішсеңіз де әжептеуір иммунитетіңіз көтеріліп қалады. Бұл рак клеткаларын өлтіреді деген ұғым емес, бұл иммундық жүйені қалыптастырып, қорғаныс жүйесін арттырады. Сосын саумал әртүрлі болады. Табиғи кезінде 0,7-0,8 пайыз майлылығы болса, жем-шөптің құнарына қарай пайызы 1,5-2 пайызға дейін майлылығы артып, қоюлана түседі. Екіншіден, тазалығына байланысты. Қолды жумай сауса, сүттің дәмі нашарлай түседі. Тағы бір айта кетерлігі, кейбіреулер «Мен қымызды мамыр айының 15 мен 23 аралығында, шөп шүйгін кезде ішуім керек. Сол сүтті ішкен кезде ғана жазыламын» деп келеді. Бұл мүмкін рас шығар. Диванда жатып алып, болжайтындардың пайымы да болуы мүмкін. Бірақ бізге қысы-жазы келіп ішіп, емделіп жатқандар көп. Бір сөзбен айтқанда, айырмасын көрмедім.

— Не себепті, дүңгіршектегі сатылатын қымыздардың дәмі әртүрлі болып келеді. Әлде қымызға арнайы қоспалар қосатындар бар ма?

— Негізінен, қымызды бір күбіде 5 адам жасаса, сол қымыз 5 түрлі болып шығады. Бұл дегеніңіз адамның қолына, пісу тәсіліне, ниетіне байланысты деген сөз. Өте нәзік, қасиетті сүт болғандықтан да солай шығар. Қандай оймен жасасаң, солай шығады. Кейбіреулер сиырдың сүті, күріш суын, пастерленген сүттер мен басқа да қоспаларды қосып жасап та жатады. Ал өзімізге келсек, ешқандай қоспасыз жасаймыз. Пандемияның қызып тұрған шағында көбісі қымызбен емделіп жатты. Таза қымыз ішкендері жазылып, қоспасы бар қымызды ішкендерге көмектеспеді. Содан «біз қымызды да, саумалды да іштік. Көмектеспеді» деген әңгіме шықты. Әрине, таза болмаған соң, көмектеспейді. Осындай нәрселер қымызға деген сенімді түсіріп жібереді. Кейде қымыз неге сұйық? Құрамында қанша пайыз су бар деушілер де табылады. Негізінен, қымыз сұйық зат болған соң, оның құрамының 98 пайызы су. Егер қымыздан ұнтақ жасаса, бес-ақ пайызы қымыз болады. «Ал неге қымызыңыз көгілдір? Басқа жерде қою ғой» деушілерге айтарым, егер қымыздың құрамында бес-ақ пайыз май болса, ол қалай қою болады? Бір жағынан, қымыздың қышқыл, дәмді болуы оның ысталуына да байланысты өзгереді. Кейбіреулер тіпті ыстамайды. Сол үшін әркімде дәм әртүрлі. Ал қымызға қоспа қосатындарға арнайы қатаң заң керек. Тек қана қымыз емес, басқа да қоспа қосылатын тағамдарды қадағаласа дейміз. Ол кезде қымбатшылық болуы мүмкін, бірақ таза, құнарлы тағамдар көбейеді. Мәселен, бізге үлкен ата-әжелер келіп: «Екі литр су қосылған қымыз ішкенше, ақшамның жеткенінше жарты литр қымыз ішейін! Жарты литр болса да, ем болады» деп айтып жатады. 85 пайыз ауру тағамнан келеді. Сондай-ақ қазір көп мүгедек балалар туылып жатыр. Кеңес Одағы кезінде мүгедек балалар сирек болатын. Тек бір-екеуін сыртынан естігеніміз болмаса, көрмейтінбіз. Ал қазір ше? Статистика бойынша 50 мыңдай мүгедек балалар бар. Оның бірі жүйке жүйесінің әлсіздігі мен генетикадан да болуы мүмкін. Бірақ аурудың көбі түрлі қоспасы көп тамақтан туындап жатыр. Сондықтан тағам құрамын бақылап, еліміздегі ең маңызды мәселе деп қарауымыз керек. 

— Сіздерде қымызды жасау процесі қалай жүреді? Арнайы техникалар қолданасыздар ма?

— Ешқандай техника қолданбаймыз. Тек ата-бабаның кәсібі бойынша жасаймыз. Оған дейін миксер мен өзге де техникаларды қолданып көрдік. Көңілімізден шықпады. Ежелден ата-бабамыздың әдісімен ағаштан жасалған күбіні жуып, кептіріп, ыстаймыз. Содан кейін оған бие сүтін құйып пісеміз.  Негізінде, күбіде піскен қымыздың дәміне ештеңе жетпейді. Қазір көбіне капронға жасап жатқандарын, естіп-көріп жатырмыз. Бірақ оның дәмі күбідегідей болмайды. Ата-бабамыздың дана болғандығы сонша, қымыз ба, ет пе бәрінің тәсілін өзгеше жасап, сақтай білген. Бізге одан басқа ғылымның керегі де жоқ.

— Шетелге өнім шығару ойыңызда бар ма?

— Әрине, қымызға байланысты өнім шығару ойда бар. Йогурт жасауға да болатын еді. Өкініштісі, қымыз термо өңдеуге түскеннен кейін емдік қасиетін жоғалтады. Тек тәтті, дәмді болады демесеңіз. Ал қымыз бен саумалдың емдік қасиеті жоғары. Саумалды жеткізе алмасақ та, қымызды сыртқа шығаруға болады. Егер шетелге шығарсақ, экономикалық жағынан да тиімді болар еді деп ойлаймын. Өйткені бізде қымызды 1500 теңгеге сатсақ, көбісі қымбатсынады. Ал шетелде 1 литрі 10-15 евроға тез өтіп кетеді. Қымыз арқылы Қазақстанды өзге мемлекетке танытуға болады. Сондай-ақ әлемнің 4 мемлекетінде қымыз ұлттық сусын болып саналады. Олар Қырғызстан, Қазақстан, Моңғолия, Башқұрстан. Бірақ бізде ғана жылқы шаруашылығын дамытуға қолайлы жерлер көп. Әсіресе, Солтүстік Қазақстанның жері қысы-жазы шаруашылыққа ыңғайлы. Алматы да таулы жер болғандықтан, шипажай салып, ем қабылдағанға жақсы. Жалпы саумал туралы айтсақ,  Алла тағаланың бұл қазаққа берілген үлкен сыйы дер едім. Бірақ қолымыздағы байлықты, мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Жоғарыда айтып кеткенімдей, мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, сабын жасайтын кәсібіміз де тоқтап қалды.

— Сабын жасауды қайтадан қолға алмадыңыз ба?

— Өкінішке қарай, қымыздан ештеңе артылмай отырған соң, тоқтаттық. Оның үстіне арнайы цехымыз да жоқ. Әйтпесе, қымызға шоколад, бал, ваниль қосып, түрлі дәммен қымыз жасауға да болар еді.  Бірақ бес саусақты аузыңа салсаң қақаласың ғой. Сол себепті, бірнеше кәсіпті алып жүру оңай емес. Бастысы, бір кәсібіміздің сапасын жоғалтпай, аяққа тұрғызып алуымыз қажет деп ойлаймын.

Хал- ыққа айтар пайдалы кеңесіңіз қандай?

-  Егер деніңіз сау болып, ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жарты литр саумалды таңғы асқа, жарты литр қымызды түнгі ұйқыға жатар алдында ішіп жүрген дұрыс. Сонда ғана ауырмай, сырқамай 100 жасайтын шығарсыз. Бұл дұрыс тамақтанудың бір түрі. Сондай-ақ мен барлық адамға «кезіккен жерде бірінші саумал ішіңдер» деп кеңес айтамын. Бұл менің қымызымды іш деген сөз емес. Тек қымыздың пайдалы екенін насихаттаушы ретінде айтамын. Шетелдіктерге де қымыздың, саумалдың пайдасы жөнінде түсіндіріп жүрмін. Жалпы, жылқының пайдасы ұшан-теңіз. Тіпті жылқының қиы да ем. Бұған дәлел ретінде бізге Ресейден арнайы келіп, 2 апта қымыз ішетін беделді кәсіпкер, емделушіміз туралы айтсам болады. Ол кісі Дүниежүзін аралап, зерттей жүре, жылқының емінің ұшан-теңіз екеніне көзі жеткен адам. Мәселен, 60-70 жылдары оның әкесі ми ісігі рагымен ауырған екен. Содан бір кісілердің айтуымен жылқының қиын 3 литрлік банкіге спиртпен араластырып құйып, қараңғы жерге қойған көрінеді. 2 аптадан соң сүзіп алып, күнде асқасықпен ішкен екен. Сөйтіп, әкесі 3 айдан кейін құлан-таза айығып кеткен көрінеді. Осы секілді оқиғалар көп. Міне, осыдан кейін жылқының қасиетті мал екеніне қалайша көзіміз жетпейді? Тағы бір пайдасын айтсам, С витамині апельсинге қарағанда қымыздың құрамында көп. Және саумал қандай ауруға ем десек, барлық ауруға ем дер едім. Ал саумал жақпады деушілерге келсек, олар қанша мөлшер ішкенін білсе екен. Өйткені біреу жарты литр ішсе, асқазанға ауыр болуы мүмкін. Ал кейбіреулер қымыздың құрамындағы элементтер ағзасына толыққанша, ішіп жатады. Кейбіреулер тіпті кішкентай ас қасықпен ішіп бастайды. Яғни, әр адам өз ағзасының қалай қабылдауына, бейімделуіне орай, саумалды ішеді. Саумалды ішкен соң «емделіп жатырмын. Болды» деп аяқты созып жатпау керек. Керісінше, саумалды ішкен соң бой жазып, ағзаға сіңгенше, жүру қажет. Егер саумалды ретімен, тәртібімен, мөлшерімен ішсеңіз, қант диабетін де, әртүрлі тері ауруларын да емдеп жазады. Сол үшін «Нобель сыйлығын» түрлі препараттарды ойлап табатындарға емес, биелерге беруге болушы еді» деп әзілдеп қоямын. Шынында солай. Сол себепті, жылқының өзінен бастап, саумалын, қымызын, тіпті қиына дейін ғалымдармен бірге зерттеп, зерделесек, әлі талай қыр-сырын ашар едік.

— Әңгімеңізге рақмет! Кәсібіңізге сәттілік тілеймін!

Тегтер: