Құрманғазының анасы бар ма?

ХІХ ғасырда «Исатай мен Махамбет көтерілісшілеріне жақтасты», деп аяқ астынан Құрманғазы бабамызды Орыс патша әскерлері келіп тұтқындайды.
Ол кезде атақты күйші бар жоғы 17-18 жастағы жас жігіт екен. Қолына кісен салып, алып кетейін деп жатқанда, Құрманғазы анасына: –Апатай мен сізге қайғы-мұң әкелдім-ау деп жыламсырайды. Сонда анасы Құрманғазыны жағынан тартып жіберіп: –Елін қорғар ер тудым деп қуанып тұрсам, ез туғанмын ба, көрсетпе маған көз жасыңды, – деп жекіріп тастапты.
Қазір осындай аналар бар ма? Әй қайдам. Керісінше, ұлын ер қылып емес, ез қылып тәрбиелейтін аналар миллиондап кездеседі. Әрине, ез болсын, деп ойламайды. Көрсетіп жатқан тәрбиесінің арты осыған әкеледі. Ұстаздар ұлын ер азамат етіп тәрбиелегісі келсе, ата-анасының қуғынына ұшырап, сергелдеңге түсіп жатады. Сондықтан да мұғалімдер де ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарайтын болды. Қазақ қоғамында көпшілік әйелдердің ұлт мәселесіне мән бермейтіндігі, ұлтты ұлт ететін әйел екендігі туралы ойлар жойылып барады. Оның үстіне, бала-бақша, мектеп, жоғары оқу орындарының тағы басқа білім саласында тоқсан тоғыз пайыз әйелдер істейді. Бұл саладан ер азаматтар тәрбиеленіп шыға қоюы екіталай-ау. Ол аздай, қазір қайсысы әже, қайсысы апа, қайсысы жеңгей, қайсысы қыз екенін ажырата алмайсың. Кейде ойланып қаламын, неге осы әйелдер оқыған сайын, білімдері «жоғарылаған» сайын, ұлтынан, оның салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, ділінен безеді? Керісінше, адамның жасы ұлғайып, білімі толысқан сайын, ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізсем, дегенді мұрат етпеуші ме еді...
Күйеуі бары да, жоғы да «қылымсып» тұрады. Басқа саланы былай қойып, мұғалім әйелдердің көпшілігі жараса ма, жараспай ма, бір-бірінен қалмай шалбар киетінді сәнге айналдырды. Сабақ үстінде, дәптер тексергенде, немесе оқушының қасына келіп түсіндіргенде, партаға еңкейеді. Сонда бүкіл сыныпқа тоңқайып тұрады. Оқыған, білімді, саналы адамдар мұндай әдепсіздікке бармас еді. Оқушылар алдында оның қандай сый құрметі қалады? Қазіргі біздің әйелдерімізден иба да, ұятта қалып барады. Ұстаздық ететін мектептегі мұғалімдеріңіз кеудесін жарқыратып, тырыстырып шалбар кие бастаған соң, басқа әйелдер жайында әңгіме айтудың қажеті де жоқ шығар. Ал енді осы мұғалім әйелдердің көпшілігі қыздарымызды ұлықтап, «Ұлдар бұзық, оңбаған, бұлар адам болмайды», деп жер қылып, жерімізді қорғайтын ұлдарды табалап, тәрбие беріп отыр.
Болашақ шаңырақ иесі, отағасы, асыраушысы, елдің қорғаушысы – ұлдар жайлы кішкентайынан қыздар тек «еркектер жаман» деп тәрбиеленгендіктен, бойжеткен болғанда, қазақ жігіттеріне жоғарыдан қарай бастайды. Менсінбейді. Сосын, ит болса да өзге ұлтқа ойланбай, қуана шығатындары осы қателіктің арқасы. Ешбір ана баласын жамандыққа қимайды. Алайда, қылмыскерді кім тәрбиелейді? Әрине, анасы. Мен бірнеше жыл бойы біраз отбасын бақыладым. Солардың ата-анасын, әкесін көрдім, енді немересі ержетіп келеді. Байқағаным, үйінде әйелі билейтін және әйелдің кесірінен, үнемі жанжал болатын, күйеуінің сөзін тыңдамайтын, балаларының көзінше, әкелеріне жекіріп айқайлайтын отбасында ешқашан ибалы қыз, инабатты ұл тәрбиеленбейді. Күйеуімен арпалысып, көкбеттеніп, аузына келгенді құсатын шайпау әйелдер мен жатып ішер жалқау ұлдар тек әйелі билеп, күйеуін баладай, жұмсап отыратын отбасынан шығады.
Кеше, тоқсаныншы жылдары халықтың 60 пайызы ауылда тұрды. «Әйелдердің бәрі базарда жүрді, еркектер үйде жатты», деп айту жала, өсек. Ауылда, аудан орталығында үлкен базарлар болған жоқ, сондай-ақ қаладағы барлық әйелдер де базарда жүрді деп айта алмаймын. Мұғалім, дәрігер, бухгалтер және әлеуметтік салаларда тек әйелдер істейді. Сонда он пайыз ғана әйелдер саудаға шықса, оның екі-үш пайызы ажырасқан, күйеуге тимеген, жалғызбасты әйелдер.
Қазір Мағжан, Ахмет, Міржақып, Әлихандар жоқ. Неге? Өйткені оларды туғызатын еркек бар да, тәрбиелейтін әйел жоқ. Естеріңізде болса, Абайды Абай еткен Зере, Шоқанды Шоқан еткен Айғаным әжелер еді ғой. Қазіргі «оқыған әжекалар» немерелеріне ертегі, әңгіме, қисса, дастан, батырлар жырын айтып, тәрбие бермек түгілі, 50-60-70-ке келсе де бұттарына шалбар киіп, басындағы бес-алты шашын жүнін жұлған тауықтай күйдіріп, өсек айтып, лағып жүр.
Кезінде Кеңес Одағы көбінесе, біздің ұлттық салт-дәстүрімізден безген, орысша оқыған, қазақ тілін менсінбейтін қыз-келіншектерімізді билікке шақырып, өтірік мақтап, өз ұлтына қарсы пайдаланды. Қазір шетелдік ұйымдар тағы да әйелдерімізді пайдаланып жатыр.
Отбасының бақытты болуы, ер азамат тәрбиеленуі анаға байланысты. Әйелдер енелеріне аялап қараса, ертең келіндеріңіздің сіздерді аялауына балаларыңыз мәжбүр етеді. Егер сен енеңді ұрысып-жекіп шеттетіп отырсаң, ертең сенің келінің сені теуіп, интернатқа тапсырса да, өзіңнен туған балаң арашалай алмай, ез болып еңіреп жүреді.
Ал еркектердің мұғалім болмайтындығы мектеп жасында әйел мұғалімдерден тепкіні, әділетсіздікті көп көргендігінен, жүректері шайлығып, мектеп тек әйелдердің жұмыс орны сияқты қабылдайтын психология қалыптасты. Біздің бей-берекетсіз, ессіз қоғамда қазақ әйелдерінің орны айшықталмаған. Еркегі – қатын, әйелі – еркек сияқты. Мен қазақтың бар әйелін жамандап отырған жоқпын. Күллі жұмысы еркекпен алысып, отбасын билеймін деп, жаратқан иеміздің қағидасына қарсы келіп, күллі қоғамды бүлдіріп жүрген әйелдер жайлы айтып отырмын. Негізі, әйел еркегі жаман, жақсы болсын ерін сыйлау керек