«Құрмет» орденін қай бетімен алды екен?
Осы біздің қазіргі қоғамымызда адамның құрметті, я құрметі жоқ екенін қалай анықталады?
Оны кім анықтайды? Қоғам ба, әки сіз бен біз бе, әлде шенеуніктер ме, деп қазақтың танымал журналист қызы Сандуғаш Дүйсенова жанайқайын жеткізді.
– Мысалы, өткен аптада көк түсті ленталармен Алматы облысының «Құрметті азаматтарын» марапаттады. Мен өз басым адамды сөйлеген сөзіне емес, істеген ісіне қарап жақсы-жаман деп білуші едім. Уәдені үйіп-төге беріп, іс жүзінде ешқайсысын орындамауға да болады, ешқандай уәде бермей-ақ, талай оң тірлікті тындыруға болады ғой. Мен үшін «Құрметті азамат» деген мысалы, фермер Батырхан Слямов. Ол менің үйіме келсе, мен оны төрге шақырамын. Алмас деген имам бар, ол да мен үшін құрметті азамат. Менің дәрігерім де мен үшін құрметті азамат.
Біздің елде кімнің «құрметті» екенін неге әкімдік шешеді? Мысалы, баласы парламентте отырған адам неге «Парасат» орденін алады? Баласы парламентте отырса болды, ол адам әкімдік үшін «құрметті» екен ия?
Награда мен сыйлықтар, атақтарды кім-көрінгенге таратып, оның да құнын әбден түсіріп тастадыңдар! Ауыз суы жоқ, жолдары жөнделмейтін, кішкентай балалары зорланатын, халқы кедейшілікке батып отырған ауданның әкімі қай бетімен «Құрмет» орденін алады? Ойлансаңдаршы, орден таратарда. Қанша «Құрмет» орденін берсең де, халық құрметтемейтін адамдар ғой олар. Ұяттарың жоқ екен. Құнды дүниенің бәрінің құнын түсіріп тастадыңдар, дейді ол.