Құрылтай не шешті?

«Күлтөбенің басында күнде жиын». Дәл қазір билікте осы жағдай болып жатқандай. Олай деуіміздің себебі, көктемде ғана мәжіліс пен сенаттың жалпы отырысы өтіп, Қазақстан президенті халыққа айтарын айтып, болашақ жоба-жоспарлары туралы кеңінен толғаған болатын-ды.
Шілденің басында ғана жалпыхалықтық референдум өтті. Іле-шала, яғни өткен аптада Ұлытау облысында ұлттық Құрылтай шақырылды. Бірнеше айда бірнеше жиын, бірнеше басқосу. Қоғамда алуан пікір. «Осының бәрі не үшін керек?», «Халыққа жиын емес, нақты жұмыс қажет» дегендердің салмағы басым қазір.
Оның да жөні бар. Қазақ отыз жылдан бері сөзге тойған, өтірік жиналыс, бос уәде мен жалған есепке әбден семірген. Сондықтан нәтижесіз бос сөз, бос уәдеге құрылған жиналыстарға кеткен уақыт, шашылған қаржыдан гөрі, нақты жұмыстарға ақша салатын уақыт әлдеқашан жетті. Былай жасау керек емес, нақты өндіріс қажет.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Өткен аптада Ұлытау төрінде ұлттық Құрылтай шақырылды дедік қой. Құрылтай сөзінің түпкі мәнін жұрт жақсы түсінседі. Тарихта қазақ жерінде бірнеше рет Құрылтай шақырылған. Бірақ ол Құрылтайлар «Күлтөбенің басында өтетін көп жиындардан» мүлде бөлек болғаны анық. Шыңғыс ханның Қарақорымда шақырған Құрылтайынан кейін Жошы күллі Қыпшақ даласына хан болды. Мұндай маңызды Құрылтайлар туралы президент осы жолғы Ұлытаудағы баяндамасында да айтыпты. Оның бәрін қайталап отырмайық.
Біздің айтпағымыз, дәл қазір Құрылтай өткізіп, миллиондаған ақша шашудың қажеті бар ма еді? Осы сұрақтар еді бізді мазалаған. Жаңа Қазақстан үшін Құрылтай шақыру қажет шығар. Бірақ содан нақты не шешілді? Мұның көбі бұрын айтылып жүрген сөз, көтеріліп жүрген уәде. Бір артықшылығы – Назарбаев кезінде ескерілмейтін қоғам пікірін бұл жолы Тоқаев ашық жеткізді. Мәселен, ескі командамен Жаңа Қазақстан құруға бола ма, стан атауынан құтылу деген сияқты халық пікіріне үн қатты. Бұдан да басқа өзекті дүниелер қамтылыпты. Айталық, тарихқа әділ баға беру, 25-қазан Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару, көше бұзақылары мен блогерлерге, масылдардың «батырға» айналғанына қынжылыс білдірді. Шетелге заңсыз шыққан қаржыны қайтару туралы да сөз болды. Дұрыс! Өте өзекті сауалдар.
Бірақ қоғамда бір пікір бар. Осының бәрін жаңадан құрылған облысқа артып, жолы мен әлеуметтік мәселесі шешілмеген аймаққа бірнеше жүз адамды салпақтатып апарудың қаншалық қажеті бар еді? Қ.Тоқаев көтерген өткір әрі өзекті мәселелерді мәжіліс пен сенаттың жалпы отырысында да көтеруге болмас па еді? Отыз жыл той тойлаудан, сауық құрып, бос жиналыс ашып ақша шашудан мүйіз шықса, мүйізіміз қарағайдай болар еді. Соны түсінетін Жаңа Қазақстан билігі бар ма? Біз отыз жыл кетірген кемшілігімізді қайталап, Назарбаевтың сауық-сайранын жалғастырып жатқан жоқпыз ба? Құрылтай өткізгенше, құрқылтайдың ұясындай болса да қазақтың пәтер, баспана мәселесін шешсек нетер еді? Бізді толғандырған осы сауалдар.