Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 23 Маусым 2023

Құрылтайдан құрылтайға дейін...

None
None

Өткен аптада Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Былтыр алқалы жиынның алғашқы отырысы жаңадан құрылған Ұлытау облысында өткен-ді.

  Былтыр құрылтайға келген азаматтардың арасында президентке тікелей ұсыныс айтқандар көп болды. Мысалы, математик Асқар Жұмаділдаев Қаңтар оқиғасы кезінде кім кінәлі, кім кінәсіз екенін айқындауды сұрады. Ақын Светқали Нұржан Торғай өңірі халқының аманатын жеткізген. Саясаткер Әлихан Бәйменов ең алдымен телеарналарды телекорпорацияларға айналдырып, елдің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту керектігін; ақын Бауыржан Ғұбайдуллин қазақ ұлтын қайтадан дәстүрлі исламның аясына жинауына қажырлылық танытуды; саясаттанушы Данияр Әшімбаев ұлттық қорды жұмсауды тоқтату керегін айтқан.

Бағамдасақ былтыр да, биыл да құрылтайда біраз жайттар көтеріліпті.  Десек те құрылтайда көтерілгенімен шешімін таппай жатқан мәселелер де аз емес. Мысалы, құрылған жаңа облыстардағы қиыншылықтар да құрылтайда сөз болмай қалмады. Былтыр жаңа үш облыс аумағының бекітілгені сөз болса, президент биылғы құрылтайда үш облыстың экномикалық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік дамуына жеке тоқталды. Тоқаев әсіресе Абай облысындағы өрттен кейін әрбір облыстың әкімі, бұл салаға жауапты әр министр сабақ алуы керектігін айтты. Сондай-ақ шекара маңындағы елдімекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал ететінін мысал еткен ол облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар барын жеткізді.

Осыған орай Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қалпына келтірілетін болды. «Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет», – деді Тоқаев.   

      Айта кету керек, негізінде еліміздегі ауылдарды, аудандарды  дамытуға қатысты үкімет  қазір «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты»  арнайы жобасымен жұмыс істеп жатыр. Бұл жобаның орындалуына, ұлттық экономика министрлігінен бастап, қаржы министрлігі,  ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті әкімдер де жауап беретін болады. Жобаға республикадағы бүкіл ауыл үміт артып отыр десе де болады.  Алайда біздегі ауылдардың дамып, гүлденіп кете қойғаны шамалы. Соңғы бес жылдың ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға триллиондаған қаражат бөлінгенімен, әлі де инфрақұрылымнан жұрдай, өркендеуден ада ауыл-аймақтар қаншама? Ұлттық құрылтайда негізгі көтерілуі тиіс бір дүние осы болуы керек еді.   

Құрылтайда ірі қалалардағы су тапшылығы да сөз болды. Расымен де, бізде ауылдарды қойып, ірі қалаларда су тапшылығы қатты білінуде. Мысалы, өткенде елорданың халқы ауыз судан тапшылық көріп отырғандарына шағынды. Қаладағы су тапшылығын Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қала халқының көбеюімен түсіндірді. Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қаланы сумен қамту үшін  барлық жағдай жасалып жатқанын, осы орайда биыл арнайы станса салу үшін  60 млрд теңге қаражат бөлінгенін айтып ақталды. Алайда кір жуатын судан бөлек, шөлін басып қанып ішер суға зәру астаналықтар жергілікті биліктің уәдесіне тойғандарын, сенбейтіндерін айтуда. Астанадан бөлек өзге аймақтарда да су тапшылығы мықтап сезіле бастағанын үкімет мойындайды.  Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 80  пайызға жетуі мүмкін. Осыған байланысты үкімет қазір жаңа Су кодексін әзірлеп жатыр. 

Сондай-ақбұл жолғы құрылтайда құрылтай мүшелері ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Осыған орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілді. «Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай  «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады», деп ұсыныс айтты президент. Әрине, бұл ұсыныстың жерде қалмасы анық.

Бұдан бөлек, креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру жайы да сөз болды. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналғаны айтылды. Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі екені де талқыланды. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келетіні де құрылтайда көтерілді. Әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн екенін айтқан Тоқаев ендігіде мұндай маңызды істерге, соның ішінде кітап шығару ісіне Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы керектігін айтты. Осы ұсынысқа жақында ғана төрағасы ауысқан Одақ айналасындағылар бөріктерін аспанға атып, қуанып жатыр. Жазушылар одағына қатысты әдебиетті нарыққа алып шығуға қауқарсыз деген сын көптен бері айтылып жүр. Президенттің бұл тапсырмасын қалай орындайтынын, яки «іске асыра бастайтынын» келесі құрылтайды көре жатармыз.

 Кино саласын дамыту да қалыс қалмады. Мәдениет және спорт министрлігіне кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керектігі тапсырылды. Бұған дейін де Қазақ хандығының 550 жылдығы деп, біраз фильм түсіріп тастаған, Қасым хан туралы әйдік сериал түсіреміз деп біраз алашапқын болған, онсыз да киногерлермен екі күннің бірінде ырың-жырың болып жүрген министрлік пен «Қазақфильм» бұл тапсырманы қалай түсініп, қалай іске асыратынын айту қиын.

Жалпы, құрылтайда денсаулық, білім, нашақорлыққа тәуелділік, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі, балаларды еңбекке баулу жайы да сөз болды. Осы орайда  Оқу- ағарту министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне де арнайы тапсырмалар беріліп, мемлекеттік ақыл-ой орталықтарының қызметінің де көңіл көншітпейтіні  сөз болды. Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табатыны да айтылды.

  Негізінде, құрылтайдан құрылтайға дейін қоғамдағы өзекті жайттар талқыланып, ұсыныстар айтылып-ақ жатыр. Сарапшылар мен құрылтай мүшелері бүгінде  Ұлттық құрылтайды жаңа институт дейді. Ендігі мәселе осы жаңа институт Жаңа Қазақстанның жүгін көтере ала ма? Қазір көпті толғандыратын сауалдар – осы. Биылғы құрылтайдың тақырыбының өзі «Әділетті Қазақстан – Адал азамат». Біз осы уақытқа дейін әділетті Қазақстанды күттік, шенеуніктердің адал азамат болғанын қаладық.  Өкініштісі, 30 жыл бойы халық әр саладағы жемқорлықтың зардабын тартты.Құрылтайдан құрылтайға тек тапсырма арқалап, оны қойын дәптеріне түртіп алып, ас ішіп, аяқ босатып қайтатын атқамінерлердің басқосуы болып қалмас деп үміттенеміз. Оның үстіне, бұл құрылтайдағы ең көп талқыланған Тоқаевтың «президент әулие емес» деген месседжі болды. Ол аузын бағып отырған атқамінерлерді «Олардың президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Президент мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды», деп шығарып салды. Осы әсер етті ме екен, әзірге баяғыдай «жолдауды түсіндіру үшін» жолға шығатын шенеунік көзге түспеді. Мүмкін ел алдында абырой әпермейтін шаруа ғой деп, тартынып қалды ма екен...

Тегтер: