Құс еті мен жұмыртқа өндірісіне қолдау қажет
Қызылордада құстың етінен бөлек, жұмыртқасы да әжептеуір пұл болып тұр. Құс шаруашылығы дамымай қалған өңірге оның еті мен жұмыртқасы сырттан тасымалданады.
Ал сырттан келетін өнімнің бағасы әмәнда құбылмалы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қатарындағы жұмыртқа биылғы қыста 70 теңгеге дейін жетті. Бірақ дүкен сөрелерінде тұрып қалған бірі жоқ. Жоқ затқа халық қашанда әуес қой. Бәсі биіктеп кеткен жұмыртқаны өндіретін құс шаруашылықтары да облыста ілуде біреу. Сол біреудің бірі «Шиелі құс» шаруашылығы.
Облыста алғаш болып тауық фермасын құрған кәсіпкер Насыр Мырзабеков құс шаруашылығының қиыншылығынан бөлек жем бағасының да ұшып тұрғанын айтады.
– Соңғы 10 жылда «жұмыртқаны неге сырттан алдырамыз, өзіміз неге өндірмеске?» деген ойда жүретінмін. 2016 жылы 10 мың тауық алып, істі бастап кеттік. Бұрын білмейді екенбіз, бұл кәсіпте де кедергі көп екен. Сонда да тауық санын көбейтіп, қазір жылына 7 млн жұмыртқа өндіріп отырмыз. Күзде дақыл арзан болғандықтан бар ақшамызға жем алып қоямыз, әйтпесе удай қымбат. Осыдан да шаруашылықты дамытуға шамамыз келмей қалады, – дейді кәсіпкер.
Құс шаруашылығын өрістетуге арналған субсидиядан да қызылордалық кәсіпкерлер қағылып отыр. Оны облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары да мойындайды.
– Құс шаруашылығын субсидиялау шарттарына еліміздегі ең ірі компаниялар ғана сай келеді. Олардың қатарына біздің облыс енбейді. Ену былай тұрсын, маңайлай алмайды. Мысалы, шаруашылық жылына кем дегенде 20 млн жұмыртқа өндіргенде ғана әр данасына 1 теңгеден субсидия беріледі. Өндіру көрсеткіші ұлғайған сайын мемлекеттік қолдау да арта береді. Ал біздің аймақта ең көп өнім өндіретін «Шиелі құс» шаруашылығының өзі былтыр нарыққа 7 млн дана жұмыртқа ғана шығарды, – дейді аталған палатадағы агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков.
Кәсіпкерлер біле бермейтін тағы бір құпия, құс фабрикасын салуға қарастырылған инвестициялық субсидия да бар екен. Бірақ ол да Сыр өңіріне бұйырмайтын боп шықты. Ол үшін кәсіпорындар өнімдерін 50 млн-ға жеткізу керек. Сонда ғана мемлекет құрылысқа кеткен шығынның 25 пайызын қайтарып береді екен. Сонымен шағын шаруашылықтарды субсидиялаудың осы екі талабы да аймаққа сай келмейтін болып шықты. Енді қайтпек керек? Палата мамандары осыны негізге алып облыстық ауыл-шаруашылық басқармасы өкілдерімен бірлесіп министрлікке шағын құс фермаларына субсидия беру туралы бірнеше мәрте ұсыныс жолдапты. Өйткені санаулы ірі компанияларды қолдай бергеннен гөрі, республикадағы мыңдаған ұсақ шаруашылықтарға демеу жасаған жөн дейді. Бірақ әзірше ол ұсыныс ретінде ғана қалып отыр. Министрліктің «құлағына алтын сырға», шағын құс шаруашылықтарынан бөлек, үйінде 100-500 тауық асырап отырғандарды да субсидиямен қолдаса, жұмыртқа бағасы да күрт көтерілмес еді.
Облыстық кәсіпкерлік палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Мұрат Балабаев аймаққа жұмыртқаның 97 пайызы сырттан әкелініп отырғанын айтады. Өйткені өзіміз өндірген 7 млн дана жұмыртқа облыс тұрғындарына шаққанда жан басына жеті-сегізден келеді екен. Ал жұмыртқа тұтынудың ұлттық нормасы адам басына 142 данадан келіп тұр. Осыдан келе облыстағы жұмыртқа өндірісі ұлттық нормадан 18,2, ал физиологиялық нормадан 31,1 есе төмен көрсеткіште екен. «Осы нормалар үдесінен шығу үшін жұмыртқа өндірісін айтарлықтай арттыруымыз қажет», дейді.
– Жер жүзіндегі халық санының жедел өсуінен алда адамзаттың етке сұранысын мал шаруашылығы өтей алмайды. Бұл тарапта құс шаруашылығы әлдеқайда тиімді. Мәселен, баққан малыңыздың пайдасын көру үшін кемінде бір жыл жұмсайсыз. Құстың өсімділігі де өнімділігі де одан әлдеқайда тез. Мысалы, бройлер тауықты 40-50 күнде сойып, 2-3 кило ет аласыз. Одан бөлек жылына 300 рет жұмыртқалайтын ломан, леггорн, хайсекс тұқымды түрлері бар. Тек таңдай білу қажет. Тауық бағуға да тиянақты дайындық керектігін көп адам ескере бермейді. Қай түрі болса да мекиені 8-9 ай ғана өнімді жақсы береді. Одан асқан соң жеген жемін де ақтамайды, алмастырып тұрған дұрыс, – дейді Мұрат Балабаев.
Елімізде импортқа тәуелді азық-түлік түрінің бірі құс еті. Әлі күнге оның 40 пайызын сырттан тасып отырмыз.
«Соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші, тауыққа керек бидайдың өзін сырттан сатып алады екен. Жергілікті жердің бидайы жұмыртқа беретін тауыққа жарамайтын боп шықты. «Басында білместікпен беріп, өнімін төмендетіп алдым», дейді кәсіпкер Насыр Мырзабеков.
Балапан екеш балапанға 4 айға дейін 18 түрлі вакцина салып, беретін жұмыртқасы сапалы болу үшін құс жеміне 19 түрлі қоспа қосылады екен. Бірақ нарықта оның бәрінің бағасы былтыр еселеп өсіп кеткен. Және осы қажеттіліктің бәрі сырттан келеді. Осының барлығын ескерген кәсіпкер жүгері, соя, күнбағыс егу мақсатымен жергілікті әкімдіктен жер сұрап көрген. Бірақ бос жер жоқ. Қолы ұзындар әлдеқашан иеленіп кеткен. Не өздері екпейді, не өзгеге бермейді. Кәсіпті дамытуға көлеңкеде тұрған осындай «көкелердіңде» кесірі көпке тиіп тұр.
– Осы мәселенің бәрін жақында өткен облыс әкімінің есепті кездесуінде көтердім. Мәселе шешілетін сияқты. Алда «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп кәсіпті кеңейткім келеді, – дейді кәсіпкер.
Осылайша қиыншылығы мен кедергісі көп құс шаруашылығы да қал-қадерінше дамып келеді. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын облыста 86 мың бас құс өсірілсе, бүгінде олардың саны 124 мыңға жеткен. Ал құс етін өндіру 2,2 есеге артқан. Жұмыртқа жетпей жатса да дамуында жылжу бар, әйтеуір.
Құс шаруашылығына қатысты жағымды жаңалық, биыл Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығы жылына 3 мың тонна құс етін өндіретін кәсіпорын салуға кіріспек. Құны 4 млрд теңгелік жобаны жүзеге асыру үшін 20 гектар жер телімі тегістеліп, қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Фабрикаға қажетті азықтық база дайындау үшін мың гектар жер телімін бөлу қарастырылған.
Ал, Қармақшы ауданында 1500 тонна құс еті өндіруі тиіс фабриканың салынып жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Осы «сақалды құрылыста» биыл бітетін шығар. Екі бірдей өндіріс орны іске қосылса, сырттың өніміне тәуелділік те азаяр еді. Дегенмен, мұның бәрі жоба. Бірақ құс еті мен жұмыртқа өндірісін өрістету үшін билік тарапынан тегеурінді қолдау болмаса аймақ халқы амалсыз сырттан келген өнімге күні қарамақ.