Құтқарушылар жыл басынан бері 10 мыңға жуық адамды құтқарды
Еліміздің Төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы әрқашан қауырт. Олар жылдың төрт мезгілінде, күні түні төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жұмыстарын жүргізеді.
Мәселен еліміздің төтеншелік мамандары тоғыз айдың ішінде 61 983 рет шақыртуларға шығып, 9 863 адамды төтенше жағдайдан құтқарыпты. Әр күні ерлікке бергісіз мамандарымыз «еліміздегі төтенше жағдайлардың алдын ала отырып, олардың санын азайту, төтенше жағдай кезінде зардап шегуші тұрғындардың санын да кеміту басты мақсатымыз» дейді.
Сондай-ақ еліміздегі орын алған төтенше жағдай кезінде 10 627 адам эвакуацияланып, оқиға орнында 3 690 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіліпті. Бұл еліміздің төтеншелік мамандарының талапқа сай жарақтанып, уақыт сұранысына бейімделе білгенін айғақтайды. Дәл қазіргі таңда еліміздің төтеншелік мамандары тұрғындардың жылыту маусымына дайындығын пысықтап, пештерді тексеріп, халықтың қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауына назар аударуда. Өйткені төтенше жағдайлардың жиі кездесетін әр кезеңде маусымдық қауіптері бар. Сол тұрғыдан алғанда дәл қазіргі кезеңде жылыту маусымынан келетін қауіп көп. Сол секілді жазда адамдардың суға кетуі, күзде қураған шөптердің көбеюіне орай дала өрттерінің жиілеуі орын алып тұрады. Сәйкесінше төтенше жағдайлар қызметі де маусымдық қауіптердің алдын алуға баса назар аударады.
Биылғы жылдың тоғыз айының ішінде 9 727 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркеліп, нәтижесінде 1 481 адам зардап шеккен. Атап өтер жайт соңғы жылдары еліміздің төтенше жағдайлар қызметі тұрғындардың ұялы байланыс телефондарына табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы SMS-хабарламалар жіберу жұмыстарын да жолға қойған. Жыл басынан бері халықа ұялы байланыс операторлары арқылы халыққа дауылды ескерту, балаларды сабаққа жібермеу, тұман түсуі, көктайғақ, қатты жел, боран, қатты аяз, жаңбыр суының қаупі, қар көшкіні секілді қауіптерді алдын ала ескерту үшін 4558 смс-хабарлама жолдаған. Халықтың тұманды, боранды күндері жолға шығып кетпеуі үшін мұндай хабарламалардың маңызы зор болып отыр.
Атап өтер жайт еліміздің төтеншелік мамандары барлық жағынан төтенше жағдайдың алдын алуға барынша машықтанып, дер кезінде сақадай сай тұруға қалыптасқаны, тіпті төтенше жағдайдың алдын алу үшін заманауи жетістіктерді де пайдаланып отырғаны байқалады.