Құтырған қымбатшылықты Смайылов «сындыра» ала ма?!
![None](/static/img/image.jpg)
Үкімет қанша жерден «шара қабылдаймыз, ауыздықтаймыз» дегенімен қымбатшылық ырық бермей құтырып тұр.
Мәселен, осы жолы Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында бағаның ең жоғары өсуі тіркелді. Бұған байланысты өткен сенбі яғни,19 ақпан күні премьер-министр Әлихан Смайылов арнайы кеңес өткізді.
Кеңесте белгілі болғандай, бір аптаның ішінде Алматыда (0,6%), Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында (0,4%) көлемінде азық-түлік бағасы күрт қымбаттап кеткен.
Тұрақтандыру қорларынан пайда бар ма өзі?!
Үкіметтің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қымбаттатпау үшін соңғы аптада тұрақтандыру қорларына 100,7 мың тонна көлемінде картоп, 31,7 мың тонна сәбіз, 24,5 мың тоннаға жуық қырыққабат, 23,5 мың тонна пияз, 11,6 мың тонна қарақұмық жармасы және 22 мың тонна күнбағыс майы әкелінген. Бүгінде өңірлер көкөніс өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін осы азық-түлік қорларын саудалай бастаған. Әйтсе де бұл тұрақтандыру қорларының пайдасын да халық аса сезініп үлгерген жоқ. Бұған қатысты үкімет басшысы Әлихан Смайылов «жекелеген көтерме-бөлшек сауда базарларында бағаны негізсіз көтеру байқалуда. Бұған жол бермеу керек. Түптеп келгенде бұл инфляцияға әсер етеді. Бұл салада мүмкін, қадағалау органымен бірге тәртіп орнату қажет. Жедел шаралардан басқа, өндірушілердің көтерме-бөлшек базарларына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты заңнамалық нормаларды белгілеудің жүйелі шараларын әзірлеу қажет», – деп үкімет мүшелеріне қосымша тапсырмалар берді.
Еске салсақ, мұндай шаралар осыған дейін де үкімет тарапынан бірнеше мәрте жасалған болатын. Мамин үкіметті басқарған тұста да қайта-қайта кеңестер өткізіп, қымбатшылықты «сындыруға» қатысты бірнеше шаралар қабылдаған-ды. Дегенмен, халық азық-түліктің арзандағанын да, бағасының тұрақтанғанын да растай алмай отыр. Елді қымбатшылық қамыты қатты қысып, үкіметтің қолдауын қарапайым жұртшылық әлі көріп үлгерген жоқ.
Ал баға неге ырыққа көнбей тұр?!
Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, алдағы уақытта бағаны байлап ұстап тұруға үкіметтің де, әкімнің де, Ұлттық банктің де шамасы келмейді. Маманның пайымдауынша, біздің бағаны байлап-матап ұстауымыз нарықтың заңына қарама-қайшы келетін дүние.
– Қазір шенеуніктердің басым бөлігі елдегі инфляцияны одан әрі шарықтатпау үшін бағаны тежеп ұстау керектігін айтады. Нарықтың қағидасында тауар бағасын тежеп ұстау деген саясат жоқ. Бұл әдістен отандық өнім өндірушілер шығарған өнімдерінен пайда көре алмай ұтылады. Сондықтан отандық тауар бағасын өсіруге шектеу қою қисынсыз, – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Расымен бұл ретте ойлап қарасаңыз, сіз – 10 жұмыртқаны 450 теңгеге алып, оны 457 теңгеге ғана сатпайсыз ғой. Тауар бағасына 7 теңге қосу деген формула жоқ. Нарықтың заңы бойынша шығарған өнім өзін-өзі ақтап, өндірістік шығынды жабу үшін оған үстеме қосылады. Өніміне үстеме баға қосылмаса, ол өндіріс шығынын жаппай дағдарыс болады. Сондықтан маманның «біздегі бағаны тежеп ұстау саясаты ақылға қонымсыз» деуінің де жаны бар.
– Бұл үрдіс арқылы отандық өнім өндірушілерге салмақ салып отырмыз. Олардың шығарған өнімдерін шеттен келген импорт тауарлар бір ығыстырып жатса, «бағаны өсірсең басың кетеді» деп біздегі атқамінерлер бір үркітеді. Бұл отандық өнім өндірушілерді тұсаулап, бәсекеге қабілеттілігін жоятын әдіс, – дейді қаржыгер.
Мамандар осылай дегенімін еліміздің бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзуға жол бермеу үшін – Атырау, Қарағанды және Қостанай облыстарында сауда-саттық кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15 пайыздан 10 пайызға дейін төмендету бойынша 5 акті жасады. Бірақ мамандар мұндай актілерден аса пайда болмайтынын, болашақта үкімет мәселенің нақты түбірін шешпей қымбатшылықты жеңе алмайтынымызды ашық айтып отыр.
Тақырыпқа тұздық:
Үкімет мәселенің салдарымен сауатты күресіп үйренуі керек
Бұған қатысты «Жас Алаштың» арнайы сауалдарына экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов былай деп жауап берді:
– Жаңабай мырза, үкіметтің неше жылдан бергі қымбатшылыққа қатысты күресі неге нәтиже бермей отыр?!
– Негізінде, 2018 жылдан бері елдегі қымбатшылық деңгейі қатты өсті. Мұны кезінде Ұлттық банк те, Ұлттық экономика министрлігі де растады. Сол кезде Ұлттық банк төрағасы болған Данияр Ақышевтің айтуынша, бұған себеп: көрші Ресей еліне салынып жатқан санкциялар салқынының бізге айқын сезіле бастауы. Содан бері нақты-нақты әдістерді қолға ала алмай, қымбатшылыққа одан әрі күйіп отырмыз. Ең бірінші қымбатшылық бізге импортпен ілесіп келіп отыр. Бір ғана Алматыны мысал етсем, Алматы өзін-өзі толықтай азық-түлікпен қамтуға әлі жеткен жоқ. Мегаполисте кәсіпорындар бар, қаланың маңындағы аудандардан келетін азық-түлік өнімдері бар осы екі тарап қосылып қаланы 55-60 пайыздық отандық өніммен қамти алады. Ал қалған 40-45 пайыз өнім сырттан әкелінді. Барлығымыз білеміз, импорт өнімді елге әкелгенде төленетін кедендік баж салығы, кедендік әкетілім салығы, кеден аумағында тауарды әкелу кезінде қосылатын құн салығы, кеден аумағына тауарды әкелу кезінде тауарды акциздеу барлығына төлемақы алынады. Осының барлығының шығынын импорт тасымалдаушылар өнімнің бағасынан шығарып алғысы келеді. Осыдан барып, Қытайдан 50 теңгеге алынған лимон Қазақстанға келгенде 250 теңге болып шыға келеді.
– Сонда үкімет алдағы уақытта нақты қандай жайттарға назар аударуы керек?!
– Инфляцияны нарықтың талабына сай тежеу үшін бірінші кезекте отандық кәсіпкерлерге салынатын қосымша құн салығы қымбат. Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге қосымша салықтық жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Жеке тұлғаларға арналған тарифтерден бөлек, кәсіпорындарға тариф бағалары бар. Келер жылы «газ өспейді, тариф бағасы арзандайды» деп жатырмыз. Мұны зерттеу керек. Расымен де қойылатын тариф бағамы отандық кәсіпорындарға қолайлы ма, осы жағы толық біліп алып барып бұл арада да жеңілдіктер керек. Делдалдар мәселесін шешу керек. Тауар бағасының қымбаттауына тікелей ықпал етіп отыр делдалдарға бізде бақылау аз. Супермаркеттерге, ірі сауда дүкендеріне өнімді тікелеу зауыттан өз бағасына алатындай жағдай жасалынуы керек. «Бұл арада бизнесті бастадың ба, әрі қарай мемлекеттің көмегінсіз өзің дамытып ал» деген болмайды. Олай етсек жабайы кәсіпкерлік дамып кетеді. Сондықтан бизнеске де бақылау қойып, керек кезінде демеп отырғанның артығы болмайды. Бұл қарапайым халық үшін қажет нәрсе.
— Қазір үкімет азық-түлік өніміне қатысты тұрақтандыру қорларын құрып жатыр. Осы арқылы өнім бағасы арзандайды дегенге сену керек пе?!
— Қажет болса, мемлекеттік арзан дүкендер желісі де құрылғаны абзал. Әлеуметтік нормасы төмен жағдайы жоқ отбасыларды арзан дүкендер желісімен қамту алсақ, жөн болар еді. Арзан әлеуметтік дәріханалар желісін құру жайы да өзекті болып отыр.Бастапқыда осы мәселелерді шешіп алсақ, одан кейін қалғаны біртіндеп реттелер еді..
— Сіздіңше, осы қарапайым ғана дүниелерді реттесек, қымбатшылықты құрықтауға бола ма?!
— Біріншіден, тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние коррупциялық қадам. Оларға кедендегі, жол үстіндегі және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтарды жатқызуға болады. Мұндайға кеткен шығынын кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте баға осылай шарықтайды. Екіншіден, мемлекеттік монополиялардың аздығы. Бұл ретте бірінші мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелдігі ойлантуы тиіс. Мұнай өнімдерін сатудың жекелеген топтарға мүдделі болуы. Олардың бір-бірімен текетіресіп, бәсекелестерін болдырмау үшін нарықтан орын бермеуі бізде әбден өршіген. Үшіншіден, табиғи газ, жарық, су нарығының жекеменшікке өтуі. Бұл нарықта делдалдардың көптігі көгілдір отын, су, жарық бағасының шектен тыс қымбаттауына жол беріп отыр. Өнім шығару үшін не керек, газ керек, жарық, су керек. Сонда коммуналдық төлемге қымбат ақы төлеп отырған кәсіпорынға «тауарыңды арзанға сат» деп қайтіп айта аламыз?! Сондықтан бұл да шешімін табуы керек дүние. Ең алдымен осы жайттарды нақты шешіп алу керек. Үкімет мәселенің салдарымен сауатты күресіп үйренуі қажет. Сонда ғана Смайылов үкіметі қымбатшылықты сындыра алуы мүмкін...