Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:10, 20 Шілде 2022

Қылмыс азайсын, қауіпсіздік артсын

None
None

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі криминогендік жағдай, ішкі істер органдарының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының нәтижелері жөнінде мәлімет  берілді.

Президентке қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендегені туралы баяндалған. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, қарақшылық, бопсалау және мал ұрлығы фактілері азайған екен. Сонымен бірге, қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі көтерілген.

Елімізде полиция тергеуінің видеоформатын енгізу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ бүгінде барлық қылмыстық құқықбұзушылықтың 81,7 пайызы электрондық форматта тергеледі.

Осы орайда Алматы облысы аумағындағы қылмысқа қарсы күрестің кей мән-жайына тоқтала кетейік. Күні кеше атышулы «Алтын Орда» базарында екі жігіттің арасындағы жанжалдың кісі өлімімен аяқталғаны туралы жаңалық елді шулатқан еді. Алматы облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, «Алтын Ордада» болған төбелестен зардап шеккен 23 жастағы ер адам көз жұмды. Ол соңғы бірнеше күн Алматыдағы ауруханалардың бірінде комада жатты. Маусым айының ортасында әлеуметтік желілерде екі жігіттің тартысының видеосы пайда болған. Кадрларда бір жас жігіттің екінші жігітті киімінен ұстап қалуға тырысып, ұрланған телефонды қайтаруды сұраған сәті бейнеленген. Нәтижесінде, қарсыласына екі рет соққы беріп, күдікті оқиға орнынан қашып кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 20 маусымда науқас Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына түсіп, 8 шілде күні таңертең қайтыс болды. «Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер Жамбыл облысының тумасы болып табылатын 28 жастағы күдіктіні анықтады. Қазіргі таңда күдікті Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. ҚР 192-бабының 1-тармағына қатысты қылмыстық тергеу жүргізілуде (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған қарақшылық)», – деп хабарлады Алматы облысы ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ельдар Әбдікенов. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ер адам көрші өңірде жасырынып жүрген, күдіктіні Алматы облысының жедел қызметкерлері ұстаған. Бүгінгі таңда барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижесінде қысқа мерзімде процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Сондай-ақ Қарасай ауданында маскүнем екі жігіттің бас қосуы өлімге әкеп соқтырды. Екеуінің де «Алтын Орда» базарында орналасқан заңсыз еңбек биржасында кездейсоқ табыспен күн көргені анықталды. Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

2 шілдеде «Алматы-Бішкек» тас жолының 18 шақырымында 35 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті зорлық-зомбылық белгісімен табылған. «Жәбірленуші екі пышақ жарақатымен табылды. Оқиға орнынан қылмыс құралы табылды. Болжам бойынша, сол соққылар өлімге әкеліп соқтырды. Полицейлер күдіктіні дереу анықтады. Жәбірленуші жергілікті базарда жұмысшы болып жүрген 40 жастағы Қызылорда облысының тумасы болып шықты. Бүгінгі таңда күдікті ұсталып, қамауға алынды», – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі. Қылмыс мас күйінде ер адамдар арасындағы болған жанжал кезінде жасалған. Бұл дерек бойынша тергеу ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша жүргізілуде. 

9 шілдеде Ұйғыр ауданының полиция бөліміне кәмелетке толмаған екі қыздың ата-аналарынан арыздар келіп түсті. Өтініш берушілер Шонжы ауылының қоғамдық дәретханаларының бірінде қыздарына (екеуі де 17 жаста) шабуыл жасап, зорламақ болған белгісіз адамға шара қолдануды талап етті. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Екі дерек бойынша ұсталған күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 2-3 бөлігі (зорлауға оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып, 31 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адам ақыл-ой кемістігінен зардап шегіп, мүгедектігі бар және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды. Түпкілікті процессуалдық шешім, факті бойынша тағайындалған арнайы психиатриялық сараптаманың қорытындысы негізінде қабылданатын болады.

13 шілдеде жол апаты орнынан қашып кеткен 22 жастағы күдікті ұсталды. Қарасай ауданында 7 шілдеге қараған түні белгісіз көліктің дөңгелегінің астында 70 жастағы әйел қаза тапқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен жүргізушіні анықтады. Күдікті көрші ауданның 22 жастағы тұрғыны болып шықты. «Алматы-Жандосов» тас жолының 36-шақырымында жаяу жүргіншімен соқтығысқан оқиға өліммен аяқталды. Оқиға орнында криминалистер «Mercedes-Benz» автокөлігінің бамперінің сынығын тапты. Бейнебақылау камералары арқылы жасырын көліктің мемлекеттік нөмірі анықталып, ол көрші Жамбыл ауданынан келген 22 жастағы Қарғалы ауылының тұрғынына тиесілі екені белгілі болды. Жүргізуші соқтығыс кезінде сынған көліктің алдыңғы әйнегін ауыстырып үлгергенімен, зақымданған бамперді жөндей алмаған. Қазір автокөлік қажетті сараптамадан өту үшін арнайы тұраққа қойылды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі. Аталған дерек бойынша қылмыстық заңнаманың «Көлiк құралын басқаратын адамдардың абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлiк құралын пайдалану ережелерiн бұзуы» және «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кету» деген екі бап бойынша тергеу жүргізілуде.

Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысында 1023 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді, 215 адам қаза тауып, 1509 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Белгіленген нормадан артық жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің кінәсінен бүгінгі таңда 8 жол-көлік оқиғасы тіркелді, жеңіл көлік салонында 6-дан 8-ге дейін жолаушы болған. Әдетте, апаттың осындай түрінде 3 немесе одан да көп адам бірден көз жұмады. Өкінішке қарай көбіне балалар осындай апаттардан қаза табады.

«Бүгінгі таңда Жергілікті полиция қызметінің алдына бірқатар негізгі міндеттер қойылды. Осы бағыттардың бірі – Алматы облысының көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер арасында жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесу, облыс жолдарындағы апатты жағдайды тұрақтандыру және азайту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде іс-шаралар өткізу. Жол апаты жыл сайын адам өліміне себеп болады. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің саны ұшақ апатынан, теміржол және су көлігінен қаза тапқандардың санынан асып түседі. Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жол көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстарды атқарып келеді», – деді ЖПҚ басқармасының басшысы полиция полковнигі Серік Шумаев.

Тегтер: