Қылмыстық істердің 68 пайызы электронды форматта қаралды
Биылғы алғашқы жартыжылдықта жалпы қылмыстық істердің 68 пайызы электронды форматтағы соттарда қаралды.
Сенатор Владимир Волков Қазақстанда жұмыс істейтін дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу кезінде осылай деді. Депутат өз сөзінде Еуропалық комиссияның әділеттіліктің тиімділігі туралы кезеңдік есебінің (CEPEJ) деректерін келтірген еді:
– Есептегі маңызды көрсеткіштердің бірі – істерді қараудың орташа уақыты. Осылайша Қазақстанда азаматтық және экономикалық даулар бойынша индикатор 32 күнді құрайды, бұл еуропалық орташа көрсеткіштен 6 есе аз (201 күн), – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Еуропалық комиссия хатшылығы Қазақстанда бір жылдан астам уақыт бойы қаралмаған істер жоқ екенін атап өтеді. Бұл оларды қарау кезінде қағазбастылықтың жоқтығын көрсетеді. «Соңғы жылдары қылмыстық сот төрелігін ырықтандыру мен құқық қорғау қызметін цифрландыру бойынша елеулі жұмыстар жүргізілді. Мәселен, биылғы бес айда соттарда жалпы қылмыстық істердің 68 пайызы электронды форматта қаралды, 90 пайызға жуық әкімшілік құқық бұзушылық туралы электрондық хаттамалар жасалды. Қызметтің бұл форматы қылмыстық процестің кезеңдерінің ашықтығы мен тергеудің объективтілігін қамтамасыз етуге, бюрократияны, бұрмалау фактілерін және қателіктерді азайтуға, әсіресе жемқорлықты төмендетуге ықпал етеді», – деді сөзін түйіндеген Владимир Волков.
Сонымен қатар өткен айда мемлекет басшысы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шиппті қабылдаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Сот Кеңесінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы ақпаратпен танысты. Сондай-ақ мемлекет басшысына әкімшілік соттардың штаттық құрамы туралы өкімнің орындалуы туралы ақпарат берілді.
Кездесу соңында мемлекет басшысы Денис Шипптің алдына сот жүйесін одан әрі жаңартуға және сот жүйесіне ең сауатты, білікті мамандарды тартуға ықпал етуі тиіс бірқатар міндеттер қойды.