Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 31 Желтоқсан 2021

Қылышбаевтың депутаттықтан кетуі Алматы облысына жаңа әкімнің келуіне байланысты ма?

None
None

Соңғы кездері ыңғайсыз сөздерімен қоғамның сынына іліккен депутаты Бекболат Тілеухан мәжілістен кетті.

Артынша Алматы облысынан сайланған сенатор Нұрлан Қылышбаев та басқа қызметке ауысуына байланысты депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.

Бұған қатысты белсенді журналист Ербол Мәндібек әлеуметтік желіде былай дейді: «Парламенттің көк тиындық құны қалмады-ау. Депутат дегенің мазақ пен әжуаның символына айналды. Кеше Тілеухан кетті шулатып, бүгін Қылышбаев үндемей кетіп барады. Қайда баратынын да айтпапты. Парламент деген «кайфуша», келгің келсе келесің, кеткің келсе кетесің» дейді әзіл-шыны аралас.   

Парламенттегі мұндай аяқ-асты өзгеріс туралы саяси сарапшы Асхат Асылбековтың пікірін біліп көрдік.

‒ Бекболат Тілехан да, Нұрлан Қылышбаев та депутаттыққа сайланар алдында халыққа қызмет етемін деп уәде алды ғой. Демек, сол уәдесінде тұруы тиіс. Ал олар мұның орнына пайдалы лауазым ұсынылып жатқан болса, соған кетемін деп айтып отыр. Бұл бір. Екіншіден, депутаттардың ешбір еркіндігі жоқ. Әрбір депутаттың келуі мен кетуі туралы шешім Президент Әкімшілігімен келісу арқылы жасалады. Алматы облысынан сайланған сенат депутатына келсек, Алматы облысы әкімнің ауысуына байланысты болуы да ғажап емес. Жаңа әкім сенаттан өзіне жақын адамды көргісі келіп отырған болуы мүмкін. Демек, Алматы облыстық маслихаты жақын арада облыстың кандидатын сенат депутаттығына сайлайды. Ең қызығы, сол керек кандидат бұрынғы маслихат депутаттарының арасында бар ма, жоқ па? Журналист ретінде зерттеп көрсеңіз, бәлкім, Алматы облыстық мәслихатқа да жақында жаңа адам келген шығар? Өткені облыстық депутаттардың ескі құрамында жаңа әкімнің өз адамы болмай, оны маслихатқа депутат ретінде кіргізуі мүмкін. Шынымен солай болса, ол адам енді Сенатқа барады. Мұны зерттеп көру керек.

Ал Бекболат Тілеухан соңғы бірнеше жылда шулы адам болып кетті деп ойлаймын. БАҚ өкілдеріне де, басқасына да айтқан сөздері қоғамда резонанс туғызып жіберді. Сол үшін де «Нұр Отан» партиясы ондай депутаттан құтылайын деп ойлаған шығар деп есептеймін. Себебі партияның абыройына кір келтіріп отыр.

Екі депутат қана емес, соңғы 25 жылды қарасаңыз, депутаттар жиі-жиі ауысып тұрады. Керек болса, келеді немесе кете салады. Әсіресе, Сенат бойынша. Президенттің тізімінде 15 сенатор бар. Оған Ассамблеядан және өңірлердегі маслихаттардан депутат сайланады. Қажет болған кезде біреулер әкім, спикер немесе тағы басқа лауазымға тағайындала салады. Мысалы, бұрынғы депутат Мәулен Әшімбаев қазір сенат спикері болып отыр. Оның алдында Дариға Назарбаева болды. Бұл жерде демократиялық заң бұзылып отыр.

  Жалпы, Парламенттің қоғам алдында ешқандай құны қалған жоқ. Құны – бес тиын. Халықтың Парламентке де, депутаттарға да сенімі жоқ әрі оларға айтылатын сын да өте көп. Оған не себеп? Өйткені адамдар Парламентке тек партиялық тізім бойынша ғана сайланады. Мысалы, бұрын мажоритарлық округтер болған. Сол кезде әрбір адам партия мүшесі атансын, атанбасын, оның депутаттыққа сайлануға толықтай конституциялық құқығы мен мүмкіндігі болды. Бірақ кейінгі өзгертілген заңда маслихат немесе мәжіліс болсын, тек партияның мүшелері әрі партия берген тізімдегі адамдар ғана депутат бола алады. Бұрынғыдай партияның қатарында жоқ немесе өзін ұсынған жеке адам депутат бола алмайды.

Ал Конституция барлық заңның арасында бірінші орында тұруы керек. Қабылданған басқа заңдар статус бойынша екінші орында. Бірақ «Сайлау туралы» заң Қазақстан Республикасының конституциясына қайшы келіп отыр. Себебі Ата заңда әрбір азаматтың сайлауға және сайлануға құқығы бар екені жазылған. Демек, адамдардың сайлану құқығы бұзылып тұр. Яғни, 9-9 жарым миллиондай партия қатарында жоқ адам конституциялық құқығы шектеліп отыр. Қазіргі сайланған депутаттарға ешқандай сенім жоқ. Оның үстіне, сайлаудың әділ өтетініне де ешкім сенбейді,- дейді қоғам қайраткері Асхат Асылбеков.           

Айта кету керек, Парламент мәжілісі мен мәслихаттар депутаттары жыл басында ғана сайланған болатын.  

Тегтер: