Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:10, 03 Мамыр 2022

Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ: Балада да көңіл бар...

None
None

Мемлекет басшының тапсырмасымен биылғы жыл сәтті датаға ие болды. Ол, әрине, «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы».

Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі көптеген ақын-жазушының кітаптарын тегін баспадан шығарып берді. Ал балалар басылымдарына қандай қолдау жасалынып жатыр деген сауал төңірегінде «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі  Қымбат Әбілдақызымен әңгімелескен едік.

— Қымбат апай, биыл «Балалар жылына» орай, мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарға қандай баға берер едіңіз?

— Иә, Президентіміз осы, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялай отырып, «жалаң ұран, мерекелік шаралармен шектелмей, билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деп қаңтардағы жолдауында соқырға таяқ ұстатқандай, анық та айқын сөз арнады.

Мен ел баласының рухани тәрбиешісі санатындағы адаммын. Ұлы оқымысты әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деген даналығын бертінде ғана еске алған елдің биліктегі дөкейлерін бұл сөз селт еткізсе, бек жақсы болар еді. Кейінгі кезде қайталаған сайын қанымыз дұрыс жүретін ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа, жұртқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден», дегенінен бүгінгі билік сабақ алып, сол мінезді түзейтін тәрбие екенін ескерсе, сосын, бүкіл тәрбие саласының жұмысына, мамандар ісіне жүйелі қадағалау жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Саналы тәрбиемен өскен ұл-қыз қазаққа, Қазақстанға жан жүрегімен, өзіне тілеген тілегімен адал қызмет етпей қоймайды. Тәрбие – адамның жаралған, жатырдағы шарана кезеңінен басталып, үздіксіз жүруімен нәтижелі. Оның бағасы қатырма қағаздармен, дипломдармен емес, адамға тән адамгершілік, кісілік мінез-құлықпен өлшенеді.

Балалар жылына орай, мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстар бар шығар. Бірақ мен оны саусақпен де санап бере алмаймын. Мәселен, бар саналы ғұмырын, яғни 42 жыл өмірін екі-ақ жерде: Қазақ радиосындағы әртүрлі жастағы балалар бағдарламаларын дайындап жүргізу мен «Айгөлек» балалар журналын өз концепциясымен ашып, ай сайын 36 беттік басылымды уақытымен шығарып келе жатқан мен сияқты майталман маманды билікте біреу біледі деп ойламаймын. Білсе, «малды баққаннан, отынды шапқаннан» сұрайтын қазақтың дәстүрлі жолымен бала тәрбиесіне қатысты пікір алысу, тәжірибе алмасу, шығармашылық талдау-талқылау сияқты іс-шараларда жас ұрпақтың рухын биіктетер жұмыстарды бірге көтеріспейміз бе?

«Жаман айтпай жақсы жоқ», президент ерте сақтандырған жалаң ұран мен мерекелік шаралар алдағы балаларды қорғау күні қарсаңында алаулатып, жалаулатып  «Биыл – балалар жылы» деген көзбояушылықпен өте шықпаса жарады.

— Жалпы, балаларға арналған басылымдардың бүгінгі жағдайы қалай? Соның ішінде өзіңіз шығарып келе жатқан «Айгөлек» журналы қалай шығарылып жатыр?

– Балаларға арналған басылымдардың бүгінгі жағдайы «шықпа жаным, шықпаның» нақ өзі. Мәселе – шаш етектен. Себебін білеміз, салдары үшін бас ауыртпаймыз. Нарық заманындағы басылымдардың дені тек соның басы-қасындағы редакция қызметкерлеріне ғана керек сияқты болып барады. Бұл көзқарастың залалын әлі оң-солын толық танып үлгермеген, жазылмаған қағаздай, ақ жүректі бала-оқырмандар қазірдің өзінде-ақ тартып отырғанын кімнен жасырамыз?..  

Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асса да, қазақ балабақшалары мен мектептер саны жылда көбейіп жатса да, ұлттық тәрбие мен білімнің  сапалық көрсеткіші сын көтермейді.  Ұлттың төлқұжатындай қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің жағдайы аса ауыр. Қазақ шаңырағында туған жас сәбидің тілі орысша шығуы, олардың орыс мектебіне баруы, оны ешкімнің намыс көрмеуі –  ұлттың жойылуына апаратын апат екеніне миымыз жетпейді ме?

Неге қамсыз, қалғып-шұлғып жүрміз?

 «Балық – басынан шіриді», дегенге сенбей көріңіз. Еліктеу мен солықтауға бейім ел-жұртымыз өткен 30 жылда көзмайын тауысып, оқымай-ақ; адал терін тамызып, еңбектенбей-ақ бай болудың, шалқып өмір сүрудің ересен «үлгісін» алды. Оған өз болмысында, мінез-құлқында ішкі еркіндігі жоқ, кешегі бодандыққа құлша байланған ұрпақтың ұлтсыздыққа қарсы тұра алмайтын қорқақтығы мен жалтақтығы қосылды. Ақыры, аз қазақтың санасын дүниеқоңыздық, қарынбайлық, тойымсыздық әдеттер жайлады. Оқумен жиналып, ізденумен ілгерілеп, елдің көзін ашып, көкірегін оятатын ілім-білім деген құндылықты ақша мен ашкөздікке айырбастап, құнсыздандырудың артында не тұрғанын ойлауға шамамыз жетпеді. Қайда бара жатырмыз?» деп бас көтергендердің басынан бағын тайдырдық.

Жанын салып, жаңалық ашатын, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып беретін ғалымның да; сүйектен өткізер, жүрекке жеткізер «сөз – жібек жіп, жыр – кестемен» жасыққа ем, жігерліге дем беретін ақындар мен жазушылардың да билікке керегі болмай қалды. Жоғарыдағыларға ода арнап, жалпылдай алатын жағымпаздардан басқалар тиісті үлес-ұпайдан, атақ-мансаптан шеттетілді. Нағыз еңбек торыларының мемлекетке не пайда келтіріп жүргенін тиісті сала басшылары да білуден қалды. Ендігі үміт бүгінгі биліктің «еститін үкіметке» айналуына сену. Әйтпесе, біз де Абай дананың «Бас-басына би болған өңкей-қиқымын» айтып, қиқымға айналуымыз оп-оңай.

Енді ««Айгөлек» журналы қалай шығып жатыр?»  деген сұраққа келейін. Сеніңіздер, сенбеңіздер, бір менің жанкештілігіммен, басқа өмір бар деп ойламайтын итжандылығыммен ай сайын қарны тоқ, уайымы жоқ баладай көз тойдырып, уақытылы жарыққа шығып келеді. Басында асқан қажеттіліктен, ар-ісімен, намыс күшімен ашылған журнал ғой, 22 жылдан бері, бүгінге дейін жарқыратып тұрып 250 санын шығарыппыз. Тұрақты айдарларымыз бен қамтитын тақырыптарымыз «Бар мейіріміміз – балаларға!» деген ұранымызға сай – кешегі, бүгінгі, ертеңгі қазақтың қасиетін тану, ұрпақ жалғастығын сақтау, жаңа Қазақстан құрушылардың бағыт-бағдарын белгілеп беруді мақсат тұтады.

Ойын баласын оқуға қызықтыра тарту үшін өзіміздің кәсіби суретшілерге тапсырыспен сурет салғызу – «Айгөлектің» еншісіндегі ерекшелік. Бұрынғыдай «АБДИдей» демеушіміз болмаса да, журналдың жылдық жазылу бағасы шыққан шығынын ақтамаса да, алтын қол суретшілерді «сақтап» отырмыз. Кейде олардың еңбегіне үйімнен жеке заттарымды, бағалы бұйымдарымды әкеліп берсем, кейде зейнетақымнан қаламақы ұстатамын. Қысқасы, суретшілер – нағыз шығармашылық адамдары, басқалармен салыстырғанда қиялилау, ақкөңілдеу екенін мойындау керек. Ал енді керісінше, балалар басылымында тұрақтап, табанды еңбек еткісі келмейтіндер бар. Олар: журналистер мен әдеби қызметкерлер. Соңғы жылдарда жастардың көбіне тән, ортақ кемшілік байқалады. Ол – жас мамандардың өз бетінше кітап, газет-журнал оқымайтындығы. Сондықтан ба білімдері саяз, ойлары жұтаң, тіл байлығы жоқ, алымдылық, тапқырлық, ұшқырлық, икемділік қабілеттері дамымаған. Тіпті қатесіз көшіре алмайтын дипломды мамандарға не деріңді білмейсің. Бұл сорақылық неден? Меніңше, оқыған мектептерінің, оқытқан мұғалімдерінің, мамандыққа дайындаған  ЖОО-ның талап деңгейінің төмендігінен. Және мамандық алушы жастың өзін-өзі танымағанынан. Егер ол өзін сыйлаған болса, өзін-өзі жетілдіруге, ізденуге мүмкіндік табар еді. Бәрі де жауапкершіліктен және айта-айта жауыр болған – тәрбиеден.

Тәрбие туралы сөз қозғасақ, ата-аналар тақырыбын аттап кете алмаймыз. Ең үлкен кілтипан да сол кісілерде. Бүгінгі ата-аналар оқымаған бабалары өсиет еткен «баланы – жастан» деген сөзді оқыта тәрбиелеу деп ұқпай қойды. Оны ішіндіру, киіндіру, қолдарына «сотка» әперу деп түсінетін сияқты. Өздері газет-журналға жазылып, оқудан қалғаны былай тұрсын, болашағы бар балалары үшін жылына бір рет 4000 теңгеге де жетпейтін ақшаға 12 ай бойы үйіне келіп тұратын «Айгөлектей» журналды алдырып беруді ұмытты. Оған өздері де ештеңе оқымайтын мұғалімдердің немқұрайлығы мен кежірлігі қосылып, балалар басылымдарының оқырмандары күрт азайды.

Өмір тәжірибесі көрсеткендей өзі оқып, ізденетін, сабағын жан-жақтылықпен, тартымды өткізетін ұстаздар шәкірттерін де оқытуға қызықтыра алады. Ондай мысалдар өте көп. «Айгөлекке» жиырма жылдан аса уақытта бүкіл сыныбын толық жазылуға дағдыландырған сөзі өтімді, шәкірттерін қанаттандыра білетін мұғалімдер де жоқ емес. Әттең, олар да азайып кетті. Білімдар ұстазға жолыққан оқушылар шығармашылыққа ерте бет бұрып, қатарының алдына түсіп, топ жарып жүр. Олар ертең ел алдында есті сөз айта алатын, аузы дуалы, сөзі уәлі азаматқа айналады. Қазірдің өзінде талабы таудай, талпынысы жоғары балалардың хаттарын редакцияда дауыстап оқып, сырттай сүйсінеміз, қуана жариялаймыз. Балада жазық жоқ. Олар қатарына қарап өсуге, шығармашылық бәсекеге түсуге құштар. Әттең, дер кезінде үлкендер тарапынан ынталандыру мен дұрыс жолға салып жіберуден кемдік көреді.

– Қазіргі кезеңде балалар ақындары мен жазушыларына, балалар басылымдарын шығарушыларға мемлекеттен қандай қолдау болып жатыр? Егер ешқандай қолдау болмаса ақын-жазушыларды сіздер қалай ынталандырасыздар?

   –Биыл біз де мемлекеттің қолдауына іліктік. Әбден қиналып қалып едік, бұйырғанына шүкір дедік. Сондай-ақ әр пенде ойлайтындай мәселенің бәрі ақшамен ғана шешілмейді. Мені аса алаңдататын жағдай – ертеңгі қазақтың халі. Республиканың біраз жерінде оқушылармен кездесу өткізгенде байқағаным біздің балаларда болашаққа деген нық сенім жоқ. Тіпті армандауды, қиялдауды,  алдына мақсат қоюды білмейді. Мектеп бітіргелі тұрған бозбалалар мен бойжеткендердің өзі жанары жанып, үні үмітке толып, жан жадыратар рухты сөз айта алмайды. Жанбай жатып сөнгендей, жігеріңді құм қылады. 

Жас жүректеріне лайықты кілт таба білетін тәжірибеме салып, мотивацияның түрлі тәсілдерін қолданғанда диалогтан әрі аспайды. Қазақтың даналарынан, тұлғаларынан кімді білесің? десем, көбісі М.Мақатаевты ғана атайды. Қайтсін, кімді көп насихаттасақ, сол есінде қалады да… Бұл нені білдіреді? Сонда ендігі уақытта қазақтан шешен мен көсем шықпайды деген сөз бе?.. Қандай қорқынышты!.. Сөз жоқ, бүгінгі жас ұрпақтың арасынан заманына лайық сан мықты шығады. Мүмкін оларды әлем мойындар, бірақ сол кезде олар «Мен – қазақпын! Менің қазағым» деп елі мен жері үшін емірене елжіреп, ер екенін ескерсе жақсы. «Өзі болған қыз – төркінін танымас» дегендей, қарақан басынан аспай, жер шарлап кетсе, қазаққа одан не пайда?!

Туған халқының тілін, ділін, тарихын, тұлғаларын жастай танып-біліп, сүйсіне сүйіп, түйсігіне түйіп өспеген бала азаматтық жаста аяқ астынан ұлт патриоты болып шыға келеді дегенге кім сенеді?.. Біздің Үкімет Тәуелсіздікті бағаласа, аз ұлтының болашағына алаңдаса, ұлтсыздану қаупінен қорғауды ойласа, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегін» һәм қаражатын бала тәрбиесін жетілдіруден аямауы керек. Оны адал істі таразылай алатын ары таза адамдар бақылап, бағалап отыруы тиіс. Меніңше, сонда ғана жаңа Қазақстан қанатын кеңге жая алады.

— Шындығын айтсақ, қазіргі балаларды ютуб желісі тәрбиелеп жатыр. Осы ютубтің әсерінен бүлдіршіндер орыстілденіп кетті. Сіздің ойыңызша, балаларды қалай қазақ тіліндегі мультфильмдерге қызықтыра аламыз деп ойлайсыз?

Менің алдымнан жиі шығатын жантүршіктірер тағы бір сұрақ бар. Ол – ірі қалалардан бастап, аудан, ауыл мектептерінде өтетін оқушыларға арналған бәйге-байқаулардың, өнер жарыстарының әділетсіз шешім шығаратыны.

«Айгөлек» журналында шығармашылығымен танылған, қаламы төселіп қалған жас тілшілерім мен жас суретшілерім байқау қорытындысындағы ұйымдастырушылар мен «әділ» қазылардың былық-шылығын айтып, телефон арқылы өксігін баса алмай араша сұрағанда не істерімді білмей, сенделіп кетем. Таза бұлақтардың көзін ашып, көңілін өсірудің орнына «мына қомағай қасқырлар күшігінен талады-ау», –деп есіл сөзімді қор қылып, әлдекімдермен сөзге кеп қалатыным бар. Мұндай қарым-қатынас болатын баланың жүрегін суытып, талабын тасқа айналдырмай ма?!

Баламыздың тілі орысшаға бейім деп қапаланамыз. Қазақша сөйлегісі келмейді деп сөгеміз. Сәбидің не кінәсі бар? «Ол не?» «Бұл не?» деген сұрақтарға жауап іздеп, жақсыға құмартқаны үшін жазықты ма? Ол әлі ақылы толмаған, саясаттан ада, періште емес пе?.. Тек ертегідей ерте өсуге құлшынады. Оған қимыл-қозғалыстағы әлем қызық. Өзі бесікте жатып-ақ, мультик қарайды және қарашығын алмай қарайды. Сол сәби өз бетінше отырып, тұруға жарағанда, «Балапанды» емес, орыстың, шетелдің мультигін қосқанды қалайды. Әрине, еліктірер суреттері үшін, орысшаны білейін деп емес. Неге олар өзгенің анимациялық фильмін кірпік қақпай, тапжылмай отырып көреді. Неге? Осы сұрақ әбден зығырданымды қайнатқасын, бірнеше сәбидің қыр соңынан қалмай достаса жүріп, ақыры ақиқатқа маңдай тіредім. Біріншіден, сырттың мультиктері сәбиді қанық бояуларымен баурайды екен. Екіншіден, қимыл-қозғалыстар жылдамдығы өзіне тарта береді және бәрі өмірдегідей.  Үшіншіден, әр көріністегі тіршілік әлемі өте бай. Бір сәтте бірнеше көз тартар қызықтарға куә боласың. Ал біздің мультфильмдерде кейіпкердің қоршаған ортасы тым жұпыны. Айталық, ен далада бала жүгіріп келе жатса, екі жерде өсіп тұрған шөптен басқа түк көрмейсің. Сосын экранда қақшиып тұрып алатын жалғыз бейнеден жалығасың. Сондықтан «қазақшаны қара» деумен баланы қазақ қылу қиын екенін түсінетін кез жетті.  Сәбиге қуаныш сыйлаған мультиктің тілі (орыс тілі) бар баланың тілі болып кете беретінін енді түсінген шығарсыз.

Бұл – дерт. Оның емін табу, алдын алу мемлекеттік қолдаумен ғана шешіледі. Балаға арналған қай жұмыстың жеңілі болушы еді?! Сол ауыр да бейнетті жұмысты жеңілдетіп, жемісті ететін балаға деген шынайы сүйіспеншіліктің күші ғана. Сол адами қасиетке кәсібилікті сарқа жұмсау үшін, қолға алған іске алаңсыз кірісу үшін төленетін еңбекақының көңілден шығуы –  қажеттілік әрі сапаға жол екенін ұмытпайық.  Әр кейіпкерді оқиғаға сәйкестендіруге, анимациялық бейне жасауға қыруар уақыт кететінін, шығармашылық адамының шабытты, шабытсыз кезі болатынын саралап, салмақтайтын жанашырлыққа олар да зәру.

Мен суретші-аниматорлармен әріптестік байланыстағы адам болғандықтан біраз жайға қанықпын. Мультипикаторлар бұрын 10 минуттық дүниені 8 ай дайындайтын. Сосын ойланып, толғанып тәп-тәуір шығарма тудыратын. Қазір оны 4-5 айда бітіру талап етіледі. Оған төтеп беруге режиссердің талантты, талғамды, бай фантазиясы да ауадай қажет.

Айтпақшы, біз бір ір мульфильмді аяқтаған аниматор келесі тапсырысқа дейін жылға жуық үзіліс жасайтынын білеміз бе? Тұрақты қызметсіз олар күнкөріс үшін әртүрлі жұмыстар істеуге мәжбүр болады. Сол аралықта қылқалам ұстайтын нәзік саусақтары икемсізденіп, қолы қатайып кететінін көк жәшіктің көкөрім көрермендері түгілі, тиісті сала жетекшілері де біле бермейді. Себепсіз салдар жоқ деген – осы.

Заңғар жазушы М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегені ойланған қазаққа өлмейтін өсиет. Менің де «балада да көңіл бар» деген сөзім қазір ел аузында жүр.

Бала тәрбиесі, ұрпақ болашағы «Балалар жылының» ғана жыры емес.

— Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!

Тегтер: