Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:57, 05 Қазан 2022

Қымбат Досжан: Кішкентай көрерменнің талғамын қалыптастыруға мүдделіміз

None
None

Balapan арнасы еліміздегі ең танымал жалғыз отандық балалар арнасы екені бесенеден белгілі.

  Тіпті осы арна арқылы кішкентай бүлдіршіндердің тілі тез шығып қана қоймай, әдеби тілде жатық сөйлеуге де үйретті. Ал Balapan телеарнасы биылғы Балаларды қолдау жылында кішкентай көрермендерді қандай жаңа жобалармен қызықтырмақшы деген сұрақ төңірегінде, арнаның директоры, танымал тележүргізуші Қымбат Досжанмен әңгімелескен едік.

— Қымбат ханым, бүлдіршіндерге арналған «Балапан» телеарнасының қазіргі жағдайы қалай? Балалар жылында қандай қолдаулар көріп жатырсыздар? Сондай-ақ балалар биыл Balapan-нан не күтеді?

— Балалар арнасындағы жобалар өндірісінің сапалық деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын Balapan-ды үзбей тамашалап жүрген үлкенді-кішілі көрермен анық байқайды деп ойлаймын. Арнамыздың заманауи тақырыптарымен қатар, отбасылық бірлікті насихаттайтын, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндіретін, қоршаған ортаны аялауға үндейтін, этно-танымдық және фольклорды дәріптейтін,  тарихи тұлғаларды танытатын, ел тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін суреттейтін  туындылары әрдайым жанрлық тұрғыда үздіксіз түрленіп, жаңарып тұрады. Телеарнаның стратегиясын басшылыққа ала отырып, тележобалардан бөлек, эфирден тыс шараларды да ұмыт қалдырмаймыз. Жыл басында бекітілген өндірістік жоспарды сапалы, әрі толық орындауға, өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға тырысып келеміз.

Ал Балалар жылында біз қолдау күткеннен гөрі, керісінше, Balapan-ның  тарапынан көп бастамалар болуы тиіс деген ұстаныммен жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан «Балалар Balapan-нан не күтеді?», – деген сұрағыңызға кеңінен тоқтала кетейін.

Balapan телеарнасы Балалар жылы аясында оқу-ағарту, танымдық, ойын-сауық, музыкалық және спорт тақырыбына арналған ілкімді жобалар легін әзірледі. Атап айтсақ, «Байқа, балақай!», «Заманауи балалар әндеріне бейнебаян»,  «Білім бәйгесі» атты танымдық, ойын-сауық бағдарламалары, «Тәуекел» отбасылық спорт шоуы мен «Бал балалары» ситкомы және «Дүлдүл», «Ойыншықтар», «Білгішбектер», «Дәрігер Дана» анимациялық сериалдары эфирге шықты. 

Сондай-ақ 22 наурыз – Ұлыстың ұлы мейрамына орай, «Balapan көктемі» телевизиялық концерті мен «Самға, Balapan!» мерекелік теледуманы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында «Balapan әлемі» республикалық Open Air фестивалі өткізілді. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген 800-ге жуық жас өнерпаз бен эстрада жұлдыздары қатысты. Ашық аспан астында өткен мерекелік думан Balapan телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілді. Шарада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі бастаған бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері қонақта болды.

Балалар жылында есте қалар ерекше бағдарламалардың бірі –  «Атамекен» арнайы жобасы. Яғни, «Отандастар» қоры шетелдегі қазақ балаларын елге әкеліп, Бурабайда жазғы лагерь ұйымдастырды. Balapan осы игі бастамаға ақпараттық қолдау көрсетіп, атамекенге сағына жеткен қаракөз балақайлар жайлы фильм дайындады.

Сонымен қатар жыл басында жарияланған республикалық заманауи балалар әндері байқауы өз мәресіне жетті. Үміткерлер ұсынған 100-ден аса шығарманың ішінен қазылар алқасы 5 үздік ән таңдап алып, оларға телеарна арнайы бейнебаян түсіріп жатыр. Республика күні қарсаңында осы әндердің таныстырылымы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді. 

Аталған мерекеге орай республикалық «Менің туым» көркемсурет байқауы жарияланған болатын. Бұл конкурс 10 қазан күні қорытындыланады.

Телеканал Балалар жылы аясында еліміздің әр өңіріндегі 20 балалар үйіне «Балдырған», «Ақжелкен» және «Балалар әлемі» республикалық басылымдарына бір жылға арналған 100 абонемент сыйға тартты.  

Телеарнаның Балалар жылына арналған жобалар өндірісі жыл соңына дейін жоспарлы түрде жалғасады. Мәселен,  жуырда жас көрермендер асыға күткен «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Бөпе», «Бала Бекзат» және «Бозторғай» атты мультхикаялар көгілдір экранға жол тартады.

— Шыны керек, қазір балалардың барлығы дерлік ютуб желісімен өсіп келеді. Әрине, Balapan-ды көрмейді деп те айта алмаймыз. Бірақ балапанға қарағанда, көбісі ютубтан шетелдік мультфильмдерді көруге әуес. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?

— Иә, Balapan-ды балалар көрмейді немесе аз көреді деу – жаңсақ түсінік деп ойлаймын. Себебі, соңғы он жылдықта дүниеге келген ұрпақтың қазақ тілінде көркем сөйлеуіне еліміздегі жалғыз балалар арнасы оң ықпал етті десек, артық айтқанымыз емес. Бұл сөзімді үйінде үнемі Balapan арнасы қосулы тұратын әрбір ата-ана құптайды деген сенімдемін. Одан бөлек, Қазақстанда хабар тарататын телеарналардың рейтингін анықтайтын TNS Central Asia зерттеуі бойынша 2019 жылдан бастап Balapan қаралымы жоғары топ 10 телеарнаның қатарында. Алыс-жақын шетелдерде де азды-көпті көрермені бар арнамыз жақын күндері Қырғызстан аумағында ресми түрде көрсетіле бастайды.

Ал балалардың Youtube желісіне қызығатыны – жаһандық құбылыс.Өйткенісоңғы жылдары бүкіл әлем халқы телеарналардан гөрі интернет желілері арқылы ақпарат алуды дағдыға айналдыра бастағаны мәлім. Бұл жаңа тенденцияға әлемнің бар ақпарат құралдары ілесті. Осы реттеBalapan да эфирден тыс, әлеуметтік желілердегі ресми каналдарын қатар дамытуға ден қойғанын айта кетсем деймін.  Бүгінде  300-ден аса жобамыз түгел дерлік Youtube каналымызға жүктелген.

Бұдан бөлек, телеарна 2020 жылдан бастап, үздік шетелдік туындылардың телеқұқығынан бөлек, интернет құқықтарын сатып алуды қолға алды. Бұл – отандық телевизия тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан бастама. Нәтижесінде,  арнаның Youtube каналы шетелдік анимациялық жобалардың қазақ тіліндегі 700-ден аса сериясымен толықты. Еңбегіміз нәтижесіз емес, 2021 жылы Youtube-тің «Алтын батырмасын» алдық. Каналымыздағы тек өткен бір жылдағы қаралым саны 1,5 миллиардтан асып жығылады. Дәл қазір телеарнаның әлеуметтік желілердегі жазылушылар саны: Youtube – 1 559 735, Instagram – 94 300. Яғни, қалай болғанда да біз эфирден тыс, интернеттегі қазақша балалар контентін арттыруға, дамытуға айтарлықтай үлес қосып отырған бірден-бір ұйымбыз десек – артық айтқандық болмас. 

     

— Жалпы қазіргі заманның балаларын қандай тақырыптар қызықтырады деп ойлайсыз?

— Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Өйткені қазір «тренд» дейтін дүние қоғамның барлық саласына зор әсер етіп жатыр.  Оның бала санасына да ықпалы мол. Сондықтан біз де түрлі жаңашылдықтарды өз сүзгімізден өткізіп, өз талаптарымызға сай өңдеп, бейімдеп, көрерменге ұсынуға тырысамыз. Яғни, қызық тақырыптарды ғана емес, бала үшін пайдалы ақпаратты қызық етіп жеткізудің тәсілдерін іздейміз. Cебебі, кішкентай  көрерменнің сұранысын, талғамын қалыптастыруға мүдделіміз. Бұдан шығатын қорытынды – «мына тақырып қызық, мына тақырып қызық емес» деп кесіп айтып, біржақты ұстаныммен жұмыс істей алмаймыз.

— Балалар арнасына кішкентай жүргізушілерді қалай таңдайсыздар? Яғни, кастингтің жүргізілу барысы қалай? Еліміздің түкпір-түкпірінде дарынды балалар өте көп.  Әрі балапанға жүргізуші болғысы келетіндер де бар. Ал оларға телеарна тарапынан жүргізуші болуға қандай да бір жағдайлар жасалынған?

— Balapan арнасының жүргізушілері кастинг арқылы таңдалады. Яғни, жалпы телевизия саласына ортақ әдіспен іріктеледі.  Бастысы, барлық балаға тең мүмкіндік беріледі. Кастинг әдетте бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашында онлайн өтінімдер қаралады. Бұл кезеңнен өткендер студиядағы іріктеуге  қатысады. Баланың анық сөйлеуі, өзін еркін ұстауы, сөздік қорының болуы – басты талаптарымыздың бірі. Мыңның арасынан суырылып шыққан дарынды балаларды кәсіби дайындықтан өткізіп,  эфирге шығарамыз.  Әрине,Balapan-ның жұлдызы болуды армандайтын бала көп-ақ. Дегенмен бұл бала үшін оңай сынақ емес. Кейде қатты қобалжығаннан жылайды, шаршайды, сценарийді жаттауға зауқы болмайды. Жұмысын сабағымен үйлестіре алмай қалады дегендей… Ал біз өз тарапымыздан жүргізуші балаларды барынша қолдап, түсіністікпен қарап, көңілін көтеріп, білгенімізді үйретіп, өзін жайлы сезінуіне бар жағдайды жасауға тырысамыз.

— Соңғы жылдары балалардың тілінің кеш шығуы жиілеп кетті.  Осы орайда, көгілдір экран арқылы бүлдіршіндерге нендей көмек көрсетуге болады?

— Өте орынды мәселені қозғадыңыз. Қазір, расында, балалардың тілінің кеш шығуы көп кездеседі. Мен бұл жағдайды өскелең буынның телефонға жөнсіз телміріп отыруының салдары деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, баланың қарапайым теледидар көру уақыты да жасына сай шектеліп, қадағалануы тиіс. Мәселен, 6-7 жасар бала экран алдында тәулігіне 2-3 сағаттан артық отырмауы керек.  Бұл ДДСҰ-ның ресми нұсқауы. Сіз бен біз  осы ережені қаншалықты сақтап жүрміз? Көп жағдайда мән бермейтініміз рас. Бала телефоннан тек көз алдайтын іс-әрекеттерді немесе бейнелерді көріп, тып-тыныш отыра береді.  Не айтып жатқанын түсінбеуі де мүмкін. Ал сөйлеу деген – әдет, дағды. Ендеше, сағаттап үнсіз отыратын баладан біз басқа не күтеміз? Егер байқасаңыз, әсіресе ауылдық жерлерде үйінде ата-әжесі бар балалар тақылдап тұрады. Өйткені үлкен кісілер немересімен әңгімелеседі, бірге ойнайды дегендей… Демек, көп жағдайда ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөле алмауынан тілдің кеш шығуы, баланың тұйық болуы секілді мәселелер туындап отыр. Бұл ретте әрине әке-шешеге табандылық қажет. Тыныш отырса болды деп, телефонды бере салмай, 15 минут болсын Balapаn-ды қосып қойса, бала үшін әлдеқайда пайдалы болар еді. Бүлдіршіннің тілі де шығады, ана тілінде айтылып жатқан ақпаратты қабылдау да оңай болар еді. Youtube-тегі контенттер әртүрлі тілде жасалған. Кейбірі тіпті сөзсіз, эмоцияға ғана құрылған. Ал бала көргенін істейді. Balapаn арнасында балалардың жас категориясына қарай жасалған жобалар жеткілікті. Мысалы, тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндер үшін «Сәби» мультхикаясы таптырмас көмек құралы. Өйткені ол ең қарапайым ұғымдармен таныстырады, әр сөзге асықпай тоқталады. Осы секілді тіл ұстартуға, бала қиялын дамытуға, білімін толықтыруға, көзқарасын қалыптастыруға оң әсер ететін сапалы жобаларымыз өте көп.

– Енді шетелдік мультфильмдерге тоқталсақ, алдағы уақытта бүлдіршіндеріміз әлемдік ірі компаниялардың туындыларын тамашалай алады?

– Бүгінде шетелдік мультфильмдер арнамыздан көрсетілетін контенттің 42 пайызын құрайды. Disney, DreamWorks, Marvel, NickJr, КЛР, ZDF сынды әлемдік ірі анимациялық компаниялардың ең сапалы, сұранысы жоғары телеөнімдерін қазақ тілінде сөйлету – Balapan-ның  басты қызметтерінің бірі. Шетел мультфильмдерінің диалогтарынан бастап, әндеріне дейін ана тілімізге аудару әлдеқашан жолға қойылған. Қазірге дейін әлемдік үздік мультхикаялардың 1000-нан аса сериясы кішкентай көрермендерімізге мемлекеттік тілде жол тартты. Олардың ішінде әйгілі «Элвин және алақоржындар», «Микки Маус клубы», «Сақшы арыстан» секілді  аңызға айналған туындылар да бар. Алдағы уақытта бұл тізім артпаса, кемімейтіні анық.  

— Уақыт бөліп, сұхбаттасханыңызға рақмет!

Тегтер: